Бестамды белгілеп алар болсақ, Шиелі ауданының орталығынан 18-20 шақырым қашықтықтағы оңтүстік-батыс бетіндегі жазықтықта кезінде туын тіккен қала қаңқасы. Бұл қаланың басты ерекшелігі мынада: бұл жерде үш зауыттың орны анықталған. Бірі – темір қорытатын, екіншісі – кірпіш күйдіретін пеші бар зауыт, ал үшіншісі – керамика-сыр зауыты делінеді. Кейбір болжамшылар зауыт санын 7-ге жеткізеді. Сонау жылдары нартәуекелмен археологиялық қазба жүргізген зерттеушілер осы қала орнынан қыш құмыра сынықтарын, өңделмеген гипс, тас қайрақ және шақпақ тастардың бірнеше түрлерін тапқан. Зауыт орындарынан мыс теңгелердің кезігуі мұндағы көмбенің жұмбақ тұстарын қоюландыра түседі.
Полиметалл рудалары сынықтары және диірменнің ерекше түрінің де қалдық астынан табылуы да осындағы зауыттардың кең ауқымды екендігін білдірсе керек.
Айтпақшы, Бестамдағы құрылыс қалдықтары арасынан әк-балшықты бор мен ақ шақпақ (кварц) тасты диірменде майдалап қосу арқылы алған деген дереккөзі де қызықты емес пе. Мүмкін, келешекте өркениет көшіне қажетті әлгіндей материалдарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік туар.
Әрине, 1921 жылғы көктемдегі су тасқыны кезінде Нәнсайға дейінгі аралық түгел су астында қалып, көптеген дәйектеме жойылды немесе жер астына кетті. Кейінгі колхоздастыру, Кеңес өкіметінің көзжұмбайлықпен қарау салдарынан қажетті тарихи дәлелдемелер, дәйектемелер көмескілене бастағаны да белгілі.
Кезінде атақты ғалым Әуелбек Қоңыратбаев баспасөзде «Бестам қорғалсын!» деген мақала жазып, шырқырады. Алайда қозғалыс болмады. Бестам қаласының сол кездегі белгілерінің өзі көзден де, көңілден де өшіп барады.
«Ата-бабалардың өнері, көптеген уақиға тарихы сондай қалалармен анықталатын түрі бар» дейді атақты ғалым Әуелбек Қоңыратбаев өз жанайқайында. Бестамның тау бетінде негізгі қорғаны болған көрінеді. Олар – сыртқы су қорғаны, екінші топырақ қорғаны және ішкі 2-3 метрлік дуал қорғаны. Кейінгі көзге шалынған аумағының өзі 10 гектардан асатын қала өз құпиясын әлі аша қойған жоқ.
Иә, қыпшақ даласының дәуірі өз тарихының айшықтылығымен құнды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Ақпарат саласының үздігі
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы