Қоғам • 03 Қыркүйек, 2019

Демографиялық дүмпу мен миграциялық ахуал Алматы облысында мектеп жетіспеушілігіне себеп болуда

196 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы демо­графиялық дүмпу мен мигра­циялық ахуал аймақтағы әлеу­меттік қызметтік көрсету нысандарына деген сұранысты жыл сайын арттырып келеді.

Демографиялық дүмпу мен миграциялық ахуал Алматы облысында мектеп жетіспеушілігіне себеп болуда

Мысалға, соңғы бес жыл аралығын­да облыстың ресми тіркелген тұр­ғындарының саны 300 мың адамға көбейген. Демек, тұрғындарға қыз­мет көрсетудің үлесі де мейлінше өсіп отыр деген сөз. Бұл жағдай әсі­ресе облыстағы орта білім беретін мектептердің жетіспеушілігі мен 3 ауы­сымды оқытуды болдырмауға кедергі келтіретіні анық.

Биыл Жетісуда 50 мыңға жуық бүлдіршін тұңғыш рет мектеп табал­дырығын аттады. Білім бас­қарма­сы­ның деректері осылай дейді. Өткен оқу жылында 45 мыңнан ас­там оқушы 1-сыныпқа келген еді. Облыс бойынша былтыр 7 мектеп жаңадан салынып, қолданысқа беріл­ген болатын. Биыл тағы 5 мектеп жаңадан ашылады. Мұның үшеуі қазір оқушы қабылдауға кіріскен. Осыған қарамастан өңірдегі мектеп жетіспеушілігі мен орын тап­шылығы сезіліп отыр.

– Білім күніне 5 жаңа мектеп пай­­далануға берілді. Қалған 600 орын­дық 2 мектеп сатылап іске қосы­лады. Жалпы 3 ауысыммен оқы­та­тын мектептердің мәселесін шешуге бағытталған кешенді жоспарға сәйкес, тағы 6 мектептің жоба-смета­лық құжаттары мен мемлекеттік сараптама қорытындысы жасалды. 18 мектептің жоба-сметалық құжат­тары дайындалып жатыр. Бұл құрылыстар 2019-2022 жылдар аралығында салынып бітеді, – дейді Алматы облыстық білім басқармасы күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Гүлмира Қажыбекқызы.

Мамандардың есебі бойынша өңірдегі 760 мектеп жаңа оқу жы­лына сақадай-сай. Күрделі жөн­деу жасалған, интернет желісі, басқа коммуникация жүйесі то­лық жабдықталған. Дерекке сенсек, облыс бойынша биыл 31 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыс­тарына 7,8 млрд теңге бөлініпті. Жо­­ғарыда айтқанымыздай, 19 мек­теп­тің құрылысы жүріп жатыр. Оған рес­публикалық бюджеттен 4,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге жұмсалуда.

– Мемлекет тарапынан оқу ісін қаржыландыру да жылдан жылға өсіп, жаңа мектептер қатары толыға түсуде. Мәселен, мемлекет қолдауы арқылы биыл облыста білім саласының 20 нысаны, яғни 15 мектеп пен 4 колледж салынуда. Осы мақсатқа 9,9 млрд теңге бөлінсе, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 8,2 млрд теңге қарастырылған. Алдын ала жүргізілген есептеулер бойынша жаңа оқу жылында 50 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Бұл ретте соңғы 5 жылда облыс халқының саны 300 мыңға артқанын айта кету керек. Осы орайда облыстық білім басқармасы, аудан, қала әкімдеріне жергілікті жерлердегі демографиялық және миграциялық көрсеткіштерді бақылап отыруды және жекеменшік мектептер салуға кәсіпкерлерді тартуда нәтижелі жұмыс істеуді тапсырып отырмыз, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемде Алматы об­лы­сына келген жұмыс сапарында жер­гілікті атқарушы биліктің бюджет қар­жысын мақсатты пайдаланбауын сынаған болатын. Президент өңірлерде баспана, мектеп, басқа да әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі бола тұра, жергілікті биліктің облыс ор­талықтарына зәулім ғимараттар салуға құмар болып алғанын айтқан-ды. Мәселен, шағын қаланың бас жоспарына сай көріктендіру мен безендіруге бөлінген қазына қаржысының қи­сапсыз көп болуы әкімдердің әр ғи­маратта өз қолтаңбасын қалдырып, атағын шығаруға себеп болуда. Өйт­кені тұрғын саны 300 мың адамнан аспайтын қалалар үшін бірнеше қабаттан тұратын мәдени орталық пен жеке кеңсе ғимаратын салу тиімсіз екені анық. Ал бұл кезде өңірде мектеп жетіспеушілігінің салдарынан мыңдаған бала 3 ауысыммен білім алуға мәжбүр болып отырғанын тілге тиек еткен еді Президент. Дәл осыған ұқсас жағдай Алматы облысына да тән екенін жасырмауымыз керек. Әсіресе 3 ауысымды мектеп мәселесі өткір тұр. Мәселен, Жетісуда жақын жылдары 14 жаңа мектеп салу үшін республикалық бюджеттен 15,4 млрд теңге қаржы бөлініпті. Алайда өңірдегі жағдай бойынша қосымша тағы 20 мектеп салу қажет екен. Бұған 29 млрд теңге қаржы кетеді.

– Облыс мектеп жетіспеушілігін шешу үшін жұмыс істеуде. Бірақ аймақтағы демография қарқыны біз ойлағаннан асып түсіп, өңірдегі әлеуметтік нысандарға сұранысты арттырып отыр. Мысалы, облыс аумағында жыл сайын 50 мыңға жуық бала туса, әр оқу жылында 40 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады. Демек, апатты жағдайда тұрған және 3 ауысыммен оқытып жатқан мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мен жаңадан салуға бөлінген қаржымыз аздық етіп отыр. Алдағы бір-екі жылда облыста 14 мектеп жаңадан салынады. Бірақ сұраныс бойынша тағы 20 мектеп салуымыз керек, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Әрине оқитын бала санының артуы мектептердің ғана емес, білім беретін ұстаздарға да сұранысты көбейтіп отыр. Қазір облыста орыс сыныптарындағы баста­уыш сынып мұғалімі, орыс тілі мен әде­биеті, математика, физика, химия, ағылшын тілі пәндері бойынша 111 маманға қажеттілік бар екен. Кадр тапшылығын жас мамандарды жұ­мысқа тарту арқылы шешуге талпыныс бар. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының шарапаты тиіп отыр. Өткен жылы өңірдегі білім бе­ру ұйымдарындағы педагогтар қатары 1400 жас маманмен толыққан. Соның ішінде 1079 жас ұстаз «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан. Жалпы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы іске қосылған 10 жыл ішінде Алматы облысында 4328 жас педагог көтермеақы ал­са, бас­пана алуға 2 мыңға жуық бюд­жеттік несие беріліпті.

Алматы облысы