Әдебиет • 04 Қыркүйек, 2019

Кэндзабуромен танысқан болатынбыз - Төлен Әбдік

311 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан 46 жыл бұрын, Кеңес заманында, сонау 1973 жылы Алматыда Азия-Африка жазушыларының конференциясы өткен еді.

Кэндзабуромен танысқан болатынбыз - Төлен Әбдік

 

Сонда мен отызға келген жас жазушымын. Ол кезде Жазушылар одағын Әнуар Әлімжанов басқарған-тын. Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин, тағы басқалары бар – әдебиеттің айналасында жүрген, бүгінде мүйізі қарағайдай қаламгер атанған бір топ жас жазушы әлемдік жиынға қатыстық. Дүние жүзінен келген пікірлестермен бас қосып, қызу әңгіме құрдық. Сонда жапон жазушысы Кэндзабуро Оэмен танысып, ой бөліскеніміз ерекше есімде қалыпты. Кейін ол 1994 жылы Нобель сыйлығын иеленді.

Екі құрлықтың танымал қалам­герлерімен жүздесу шынында біз үшін үлкен оқиға болды. Тіпті Латын Америкасынан да ақын-жазушылар келген. Оны біздің қаламгерлер де, оқырмандар да әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Әдеби конференцияда айтарлықтай революциялық жаңалық бол­ған жоқ. Дегенмен әдебиет кеңіс­тігіндегі ауқымды жиын бол­ғандықтан, өту барысы да соған сай болды. Жалпы мұн­дай халықаралық әдеби шара­лардың шығармашылық адамдарына пайдасы зор. Бүгінгі фо­рум да мен көрген 46 жыл бұрын­ғы жиынның жаңғырған, жаһанданған заманауи жалғасы болатындай.

 

Төлен ӘБДІК,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты