Желтоқсан оқиғасына арналып бір сурет те салынбаған. Өйткені…
Сенбі, 30 наурыз 2013 2:07
Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын ӨМІРБЕКОВПЕН бүгінгі ұлттық бейнелеу өнерінің бары мен жоғы жайлы әңгімелескен едік.
Сенбі, 30 наурыз 2013 2:07
Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын ӨМІРБЕКОВПЕН бүгінгі ұлттық бейнелеу өнерінің бары мен жоғы жайлы әңгімелескен едік.
– Барлық кезде шығармашылық одақтар мемлекеттің қолдауы мен көмегіне зәру. Дегенмен, соның ішінде бейнелеу өнерінің өресі төмендеп, сапасы түсіп кетті, дейтін алаңдаушылығыңызды айтудай айтып жүрсіз? Бұл бір жағынан сурет саласында кәсіби бәсеке мен сайыстың, сараптың жоқтығынан да орын ала бастаған жайт екенінен де құлағдар еткенсіз. Министрлердің құлағына жеткен осы мәселеде қозғау бар ма?
– Өткен жылдың соңына таман Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде «Қазақ халқының эпостық жырлары мен тарихы, дәстүрлері» атты республикалық көрме-конкурс өтті. Оның ұйымдастырушылары сол музей мен Суретшілер одағы, ал демеуші және тапсырыс берушісі «Arline» компаниясы. 200-ден аса суретші 300-ге жуық шығармасын конкурсқа әкелді. Бұған біз қуандық, себебі, өнер сайысына түсіп, шеберлігі мен талантын көрсетем деушілерді бұлай ынталандыру қолдан келе бермейтін шаруа әрі М.Кенбаев, Қ.Телжанов, С.Мәмбеевтердің ізбасарларын көреміз бе деп те үміттенген едік.
Шынында да компания басшыларының қазақ эпосы мен тарихи дәстүріне арнап конкурс жариялап, оның ең үздігіне 15 мың АҚШ долларын тағайындауы, біріншіден, нағыз ұлтжанды азамат екенін байқатса, екінші жағынан осы сурет өнерін жақсы білетін және шын жанашыры екенін көрсетті. Әйтпесе, егемен ел болғалы жеке кәсіпкерлерден мұндай мырзалық болған емес. Тек өткен 2011 жылы Суретшілер одағы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнап бейнелеу өнерінің ең жақсы туындыларына конкурс жариялаған едік. Сол конкурс та біраз себепші болған болуы керек, әйтеуір сең қозғалған сияқты. Және биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын «Тәуелсіздік толғауы» деген өнердің әр саласынан өткізіп жүрген конкурсына бейнелеу өнерін де қосыпты. Осыған қарағанда бұл мәселеде қозғалыс бар.
– Соңғы жылдары бір де бір музей суретшілердің еңбегін сатып алмаған көрінеді…
– Өз басым өнер музейінде көп жылдар қызмет істеген соң оның проблемаларын тәуір білем ғой деймін. Музейде тұрған экспонаттар көрерменге қазақ бейнелеу өнерінің өсу, даму жолдарын, кезеңдерін және авторларын жүйелі түрде, хронологиялық және басқа тәсілдермен жеткізетіндей дәрежеде болуы керек. Мәселен, Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде орыс өнерін сонау XVII ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейін таныстырып, шығармаларын көрсетіп отырып дәріс оқуға болады. Ал бізде тәуелсіз ел болғалы бері жинаған шығармаларымыз көп сұрақтарға жауап бере алмайды. Қ.Телжановтың «Атамекен», М.Кенбаевтің «Әңгімесі» яки, Г.Ысмайылованың портреттері сияқты дүниелер жоқ десе де болады. Оның себебі, бұрынғыдай тақырыптық көрмелер өтпейтіні, тапсырыс берілмейтіні, музей сатып алуға немесе тапсырыс беруге қаражатының жоқтығынан. Ал суретші болса күнкөріс үшін салондарға гүл шоғын, айдын көл, аққу, қаз сияқты қарапайым халықтың сұранысына лайық сурет қояды.
Жоғарыда айтқан Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған конкурстың жеңімпаз суреттерінің 5-6-ының бағасын түсіріп, суретшілердің патриоттық сезіміне бармақ батырып жүріп музейге өткіздік-ау, әйтеуір.
Ал Суретшілер одағы болса жыл сайын өзінің өткізіп жүрген шараларынан жақсы туындылар болған жағдайда музейге тегін беріп тұрады. 2010 жылы өткізген халықаралық симпозиумның нәтижесі бойынша музейге бес шығарма өткіздік.
– Қалай десек те, бір кездері қазақ бейнелеу өнерінің мектебі қалыптасты. Содан жұрнақ бар ма?
– Қазақ бейнелеу өнерінің мектебі қалыптасқан және ол өзінің Ә.Қастеев, Қ.Телжанов, С.Мәмбеев, С.Айтбаев, Е.Төлепбаев сияқты шеберлерімен кезінде Кеңес Одағына белгілі, одан қалса дүние жүзіне таныла бастаған мектеп. Бүгін біз сол мектептің даңқ-дақпыртымен музей ұстап отырмыз, өнердің қадірін білетін бірталай азаматтар жеке қор жинап коллекционер болып жүр. Ал сол мектепті қалыптастырған аз ғана ақсақалдар мен орта буын ағалар әлі де ұстаздық етіп, кәсіби өнердің қасиетін көтермелеуге тырысып-ақ жүр. Мәселен, Т.Жүргенев атындағы өнер академиясында КСРО халық суретшісі, академик, профессор Қанафия Телжановтың шеберлік сыныбы бар. Жақында 60-қа толып, мерейтойлық көрмесін өзінің шәкірттерімен бірге өткізейін деп отырған Жұмақын Қайрамбаевтың да шеберлік сыныбы жақсы нәтижелерге, талантты шәкірттерге кенде емес. 2012 жылы осы академияны бітіретін алты студенттің дипломдық жұмысының деңгейін көріп, мен оларды бірден Суретшілер одағына мүшелікке алуға ұсыныс жасадым. Одақтың басқарма пленумы менің ұсынысымды қолдап алтауы да мүшелікке қабылданды. Жақында осы топтың шығармашылық көрмесін өткіздік. Жарты жыл шамасындағы еңбек нәтижелері құптарлық болғандықтан біздің қолдауымызбен олар Мәскеу қаласында өткен халықаралық жас суретшілер көрмесіне қатысып қайтты. Олар сол көрмеден табысты оралды деуге болады, себебі, барлығының жұмыстары көрме каталогіне енген. Демек, мектеп бар, дәстүрі әлі тайған жоқ деуге болады. Бірақ, бүгінгідей «осы болады» деп қол қусырып отыра берсек бастан бақ таюы оп-оңай.
– Оқу орындарында кадр даярлау мәселесі сын көтермейтінін де алға тартқансыз.
– Оқу орындарындағы жағдай сын көтермейтіні анық. Оған мынандай дәлелдер айтайын. Өнерге баулу, үйрету, оқыту процесі өте қиын іс. Оған кітап пен дәптер, компьютер жеткіліксіз. Біріншіден, табиғи талант керек. Үлкен кәсіби шебер ұстаз керек, содан кейін еңбек етуге жағдай керек. Таланттыларды таңдап алып жатқан оқу орнын соңғы жылдарда көрген емеспін. Осылай оқуға түсіп, бітіріп, диплом алған жастар «мен суретшімін» деп көкірек қақса, сіз мынау демократия заманында «әрі жүр» деп айта алмайсыз.
Ал, оқуға түскендерге сабақ беруге бәріне бірдей Қ.Телжановты, С.Мәмбеевті тағы солар сияқты Халық суретшілерін қайдан тауып береміз. Тіпті, олардан кейінгі аға буын өкілдерін мұғалімдікке шақырайын десек атақтары жоқ. Жасы 60-70-ке келіп жатса да суреттері танымал болып, аты аңызға айналса да мұғалімдікке жарау үшін құрметті атақ керек, әйтпесе кандидаттық, диссертация қорғап магистр болулары шарт. Сондықтан бүгінгі таңда бейнелеу өнерін оқытатын ұстаздық қызметке шебер суретшіні шақырып алу қиын болып тұр. Рас, қазір ғылыми дәреже алып, магистр, доктор PhD болып жүрген жастар баршылық. Бірақ олар – өнертанушы-ғалымдар, теория немесе өнер тарихымен айналысады. Ал оқушыға кенеп бетіне бояуды қалай жағатынын, мүсін өнерінде көлемді форманы қалай жасайтынын кім айтып, көрсетіп береді?
Әрине, кәсіби суретші. Олар болса аз жалақыға күні бойы аудиторияда отырып, шығармашылықтан қол үзуге ынталы емес. Сонда республикадағы қыруар сурет өнерін оқытатын факультеттер мен бөлімдерде кімдер сабақ беріп жүр деген сұрақ туады.
Жарайды, талант таңдадық дейік. Ұстаз тауып оқыту ісін бастадық дейік. Ал суретшіні оқыту өте бір қымбатқа түсетін іс. Олай дейтініміз, тіпті, Кеңес өкіметі кезінде әрбір суретші студентке 35 шаршы метр оқу ғимараты жоспарланатын еді. Сонда 500 студент оқитын оқу орнына 17500 шаршы метр болатын ғимарат салыну керек. Ол бір деңіз. Енді оқуға арналған құрал-жабдықтар қаншама, материалдар өз алдына және табиғатқа шығып сурет салу, натура т.с.с. көптеген қосалқы керек-жарақты есептесек техникалық немесе медициналық оқу орнынан кем қаражат қажет болмайды. Сондықтан сурет салуға оқытатын оқу орындарының қазіргі материалдық базасы сын көтермейді десем өтірікші болмаймын.
– Мемлекеттік тапсырыс бір бағытта – мүсіншілердің пайдасына монументті ескерткіштер саласында жүруі суретшілердің өкпесін қара қазандай етіп жүрген сыңайлы?
– Тарихи-мәдени құндылықтар әрине, тек ескерткіштер мен монументтерден жасалмайды. Бейнелеу өнерінің басқа салалары да қайталанбас образдық шығармалар жасауға, өнер ескерткішіне айналдыруға мүмкіндігі зор. Әсіресе, әлем өнері тарихында кескіндеме (живопись) орны ерекше. Оның жанрлары, түрлері, әдістері, ағымдары адамзаттың қызығушылығы мен эстетикалық талаптарына сан жылдар қызмет етіп келеді. Өйткені, оның басқаларына қарағанда бейнелеу мүмкіндігі мол, түр-түс пен жазықтың бетінде кеңістік қалыптастыру, иллюзорлық көркем бейне арқылы адамның ой-өрісіне, психологиялық мінез-құлқына әсер ете алады. Әрине, осының бәрі тек суретшінің қолында. Сондықтан оған жұмыс беру керек. Жақында Алматы әкімдігінің мәдениет басқармасы әлеуметтік үздік жобаларға конкурс жариялапты. Суретшілер одағы «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» деген тақырыпқа сурет конкурсын жариялайық дегенді ұсындық. Үздік шығармаларды таңдап алып, республика көлемінде жылжымалы көрме ұйымдастырайық, Алматының кешегісі мен бүгінін көрсетейік, адамдарымен таныстырайық, табиғатын насихаттайық деген ойымыз өтпей, себебіне жауап та ала алмадық.
Көптеген әкімшілік ғимараттарда, қонақ үйлердің қабырғасында Қытайдан әкелінген арзан көшірмелер ілініп тұрғанын көргенде жігерің құм болады. Солардың орнына өз классиктеріміздің көшірмесін ілуге болады ғой.
Өткен жылдың тамыз айында мен сол кезде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары болған қазіргі Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің қабылдауында болып, бейнелеу өнерінің төңірегінде пікір алмасқан едік. Сонда ол кісі Қарағанды облысында әкім болған кезінде қаланың №1 мектебіне әр бизнесменге бір картинадан сатып алғызып, галерея ұйымдастырғанын айтып еді. Осындай үлгі боларлық бастаманы әрі қарай жалғастырсақ эстетикалық тәрбие мәселесі шешімін тауып, мектепте рухани-материалдық құндылық пайда болып, суретшінің материалдық жағдайы да жақсарып, шығармашылық ынталылығы артатыны даусыз.
– Өнердің теориясы мен сыны да берекесіз күйде. Бейнелеу өнерінде мәселенің мұншама қордалануына қарап, әлемдегі ең бағалы жанрдың бізде бағы жанбай жүр деген пайымға келуге болатын сияқты.
– Өнердің теориясы мен сыны кезінде тек Мәскеу қаласы арқылы қадағаланып, сол жақта кадр даярланып, тек орыс тілінде жазылып, айтылып келді ғой. Тіпті, қазақша мақала жазсаң кексе тартқан өнертанушылар мұрнын шүйіреді. Бір жағынан оның себебі де бар. Ол, осы күнге дейін өнертанушылар даярлау қазақ тілінде дұрыс жолға қойылмағанында. Бұл мамандық жалпы өте терең білімді қажет етеді. Сондықтан мен оны университеттік деңгейге көтеру керек дер едім. Және оқуға сурет өнерінен орта білімі бар жастарды, тіпті бакалавриаттан кейін алған тіпті жақсы болар еді.
Бүгінде бізде 5-6 өнертану докторлары бар. Бірақ, барлығы да орыс тілділер. Кезінде марқұм Болат Байжігітов деген азамат өнертану мен философияның тоғысында үлкен ғалым дәрежесіне көтерілген еді, амал не, ерте дүние салды. Дегенмен, қазақша бірталай еңбек жазып, ғылым кандидаттарын даярлап үлгерді. Енді соның дәстүрін жалғастыратын адам керек.
Бүгінгі жағдай оқу және ғылым министрлігінің шешімімен өнертану мамандығын кешенді түрде қарастыруды қажет етеді. Алдымен бір ғылыми-зерттеу, кадр дайындау орталығын белгілеп, соған жоспарлы түрде тіл білетін мамандардан жоғары квалификациялы ғылыми жетекшілер дайындап, оларды Ресейден оқытып алу керек. Олар тарихшылар, сыншылар, өнер теориясы сияқты мамандар болып жүйелі зерттеулер ұйымдастырып, өнер саудасы, сарапшылар мен дилерлер дайындауы керек. Сөйтіп, іргелі зерттеулер мен шынайы сын, өнер нарқы мәселелері оның сапасы мен көркемдік деңгейін көтерері хақ.
– Сіз бейнелеу өнерін қолдауда өзбек ағайындарымыздың тәжірибесін қарап көруді ұсынып жүрсіз. Басқа көршілеріміз не бітіріп жатқан жайы бар?
– Иә, өзбек ағайындардың бейнелеу өнеріне ықыласы ерекше екенін көріп жүрміз. Оларда Суретшілер одағының орнында Сурет өнері академиясы деген мемлекеттік құрылым бар. Оның президенті өкімет мүшесі, қарамағында оқу орындары, көрме залдары мен музейлері, шеберханалары мен салондары бар. Суретшілерге академик, мүше-корреспондент деген ғылыми дәреже береді, құрметті атақтар тағайындайды. Алайда, мен мұның бәрі дұрыс екен дегеннен аулақпын. Шығармашыл одақтың мемлекеттік құрылым ретінде еңбек етуі ретсіздеу. Оның шығармашылығына нұқсан келмей ме? Сондықтан менің принципім – «Платондық махаббаттан» әрі аспау, бірақ ұлттық өнерді жан-жақты қолдау.
Біз бұрынғы Кеңес өкіметі тұсындағы республикалар суретшілері бүгінгі күні Мәскеудегі халықаралық суретшілер одағы конфедерациясына кіреміз. Сол жерде жылына бір-екі рет бас қосып, ортақ мәселелерді талқылап, шешім іздейміз. Сондағы байқағаным, жаппай жекешелендіру ауруына шалдыққан қырғыз, қазақ, армян мен тәжіктер екен. Басқаларының дүние-мүлкі түгел, соның арқасында өмірлері жаман емес, өнерлері де өрге басып тұрған сияқты. Ең бастысы, мемлекеттік қолдау көріп, аялы алақанның жылуында отыр.
– Бір кездегі Суретшілер одағының шеберханалары орналасқан жеті қабатты үй жекешеленіп кетті. Қазіргі жас қылқалам шеберлері қайда отырады?
– Егер дүние-мүлкіміз түгел өзімізде болса, шеберханаларды суретшілер ақылы пайдаланар еді. Еңбек етпейтін суретшілерден шеберхана қайтарылып, басқа жастарға берілген болар еді. Енді ондай мүмкіндік жоқ. Одақ өз бетімен шеберхана салуға қауқарсыз, ақшасы жоқ. Сондықтан қала әкімдігіне, облыс әкіміне өтініш білдіріп жатқанымыз, уақытша болса да талантты жастарға әкімнің қолдауы ретінде белгілі бір жобаларын іске асыру мерзіміне шеберхана беріп тұрса, тіпті ақылы түрде болса да үлкен көмек болар еді.
– Осының бәріне қарамастан, тәуелсіздік жылдарының бедерінде Желтоқсан оқиғасына арналған бір де бір сурет салынбауының сырын қалай түсіндірер едіңіз?
– Желтоқсан оқиғасына тікелей тақырыптық шығарма жасалмағаны белгілі дәрежедегі саяси ахуалдарға да байланысты ғой. Бәріңізге мәлім, біздің санамызда атып, асу, соттау, репрессия деген ұғым шегедей қағылып, үрей, қорқыныш деген атадан балаға мирас болып қалған жоқ па? Қызыл жағалы, таяқ ұстаған жол полициясы тоқтатса менің де зәрем ұшады. Негізгі себеп осы ма деп ойлаймын.
Екінші себеп, тапсырыстың жоқтығы. Қазіргі нарықтық қатынас суретшіге ондай тақырыпқа барғызбайды. Оған бүгін сатылып кететін сурет салу керек. Айдарынан жел есіп тұрған суретшілер бар шығар, бірақ олардың азаматтық деңгейі желтоқсанға қалам тартуға жетпейтін болар.
– Сұхбаттасудың сәті түсіп тұрғанда Суретшілер одағының алда келе жатқан 80 жылдығын айналып өтуге болмас.
– Біздің білуімізше, ең алғашқы шығармашыл одақты суретшілер құрған сияқты. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып 1932 жылы Әубәкір Ысмайылов ағамыз тағайындалыпты. Мұндай датаны атап өтпеуге болмайды ғой деп біраз шаралар қарастырып қойдық.
Ең алдымен, барлық облыстар мен қалалардағы Суретшілер одағының филиалдары мен жеке ұйымдарға жергілікті жерлерде насихат жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Осы мереке қарсаңында суретшілердің бірлігі мен өнерге деген риясыз берілгендігін көрсетуіміз керек деп шештік. Оны іспен көрсетпекпіз. Жоспарда қазан айына үлкен көрме ұйымдастыру, ғылыми конференция дайындау, жастарға арнап пленер өткізу, «Қазақ өнері» атты үлкен альбом, бірнеше суретшінің жеке каталогын шығару, басқа да шаралар көзделген. Қазір осының бәріне қаражат іздеумен айналысудамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.