Әдебиет • 04 Қыркүйек, 2019

61 қаламгердің шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылады - Президент

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың қатысуымен Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өз жұмысын бастады. Әдеби форумның Пленарлық отырысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашты.

61 қаламгердің шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылады - Президент

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

«Азия ақын-жазушыларының алғашқы форумы Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы – Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өткізілуде. Біздің халқымыз рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетті жан-жақты қолдауға әрдайым аса үлкен мән береді. Бұл берік ұстаным тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жаңа сипат алуда. Қазақ әдебиеті – халқымыздың сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына. Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5  құрлықтағы 90-нан астам  елге, яғни, 2,5 млрд оқырманға тарайды.

Ұлы даламыз сан алуан өркениеттер мен мәдениеттердің куәсі. Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқан. Біз бір кездері Ұлы Түркі қағанатынан мирас болған түркі тегімізді сақтай білген халықпыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден  қалыптасқан ұлы мұралармен тығыз байланысты.

Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Шығыс мәдениеттері сан алуан сипаттарына қарамастан, өзара астасып жатыр. Азия халықтары өркениеттер қақтығысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да осында. Соңғы жарты ғасырда Азия қайта түлеп, қарқынды  дамып келеді. Шығыс мемлекеттері әлемдік алпауыттар қатарынан нық орын алды. Азия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді. Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр. Бұл ретте Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу – форумның тағы да бір маңызды міндеті деп  санаймын. Шығыс  даналарының дәстүр сабақтастығы сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын.

Батыс технологиясы Азия руханиятымен үндесіп,  шығыстық жаңғыру үрдісін дүниеге әкелді. Қалаларда шығыс әлемінің болмыс-бітімін насихаттайтын креативтік класс пайда болды. Рухани байланыстарды кеңейту жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі. Біз бұл үрдісті қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз.

Түркі, Қытай, Үнді, Араб, Парсы елдерінің көптеген көне жәдігерлері дәуір сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті. Бұл мұралардың құндылығы неде? Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпы адамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге таралды. Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады», деді Президент.