03 Қаңтар, 2013

Дидарғайып

402 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Дидарғайып

Бейсенбі, 3 қаңтар 2013 0:01

Сәбеңнен қалған дәптер

Атақты Бетпақдаланы Сарыарқаға еміндіріп әкелетін байтақ өңір, сол өңірдің еңсесін тіктейтін бағзы Өгізтау (Оғызтау), Айдаһарлы, Дарат, Саңғыру таулары – ықылым заманның небір нұрлы сырын ішіне бүгіп жатқан дала қариялары. Шалқадан қарасаң көксеңгір, жақыннан көз салсаң қорғасындай салмақты осынау Арқа биіктері етегінде Атасу, Шажағай секілді тұнық өзендерді жамыратып, ат шаптырым көкорай шалғынында аң-құсын аунатып, алты ай жаз алты Алаштай шалқиды. Саңғырудың шың-құзынан қыран шаңқылдап ұшса, Дараттың жалтыр жонында арқар аңтарылып, төмендегі көк теректе елігі елеңдейді.

 

Бейсенбі, 3 қаңтар 2013 0:01

Сәбеңнен қалған дәптер

Атақты Бетпақдаланы Сарыарқаға еміндіріп әкелетін байтақ өңір, сол өңірдің еңсесін тіктейтін бағзы Өгізтау (Оғызтау), Айдаһарлы, Дарат, Саңғыру таулары – ықылым заманның небір нұрлы сырын ішіне бүгіп жатқан дала қариялары. Шалқадан қарасаң көксеңгір, жақыннан көз салсаң қорғасындай салмақты осынау Арқа биіктері етегінде Атасу, Шажағай секілді тұнық өзендерді жамыратып, ат шаптырым көкорай шалғынында аң-құсын аунатып, алты ай жаз алты Алаштай шалқиды. Саңғырудың шың-құзынан қыран шаңқылдап ұшса, Дараттың жалтыр жонында арқар аңтарылып, төмендегі көк теректе елігі елеңдейді.

Бір-біріне мінсіз жалғасқан бел-белестердің сауырын сипай аққан көп бұлақты мойыл мен қарақат дөңгелене көмкеріп, өз қызығына өзі кенеледі. Құмдағында – сарымсағы, тастағында – жуасы мен сағызы, биігінде –жалбызы кезек аялдатады.

Біздің ауыл елуінші жылдары Дарат тауы­ның нақ осындай аса бір көркем қой­науында отырушы еді. Ол тұста елдің бір-біріне қатынауы сирек, көліктің ең та­ма­шасы – ат пен арбаның өзі некен саяқ.

Құданың құдіреті шығар, алыстағы жұрт түгілі сол өлкені жеті атасынан бері мекендеп келе жатқан маңайдағы елдің бәрі бірдей адаспай табуы екіталай, қияндағы ауылымызға сол жылдары қазақтың екі асылы қонақ болды. Әуелі, 1955 жылы Сәбең, кәдімгі Сәбит Мұқанов келген. Араға екі жыл салып академик Әлкей Марғұлан ат басын тіреп еді.

Ол кезде мен төртінші класта оқитын ойын баласымын. Есімде қалғаны – Сәбеңнің шымнан салынған жатаған мектебімізге келіп, ұзақ әңгіме айтқаны.

Бұл кісі туралы бүкіл мектеп болып бар білетініміз – “Ботагөз” деген кітап жаз­ғаны. Ол кітапты Әбдіқадыр кітап­хана­шыдан әкем Зейнолланың осыларды қайтсең де тауысасың деп жасап берген тізім бойынша алып оқығам. Әкей ұстаз болғандықтан шығар, бір кітаптан соң бір кітапты қуалатып отыратын.

“Ботагөзден” сол кезде не түсінгенім белгісіз, ал жазушы деген адам тылсым құ­діретке ие, Алла тағала ерекше жаратқан си­қырлы жан секілді елестейтін. Сон­дықтан да шығар, Сәбең мектепке кіріп келгенде әлде қорыққаннан, әлде сенер-сенбесімді білмегендіктен, бәлкім ерекше қуанғандықтан өне бойым дірілдеп қоя бергені есімде. Денелі, өңі жылы, басында топысы бар сол адам алдыңғы партада түрегеп тұрған менің басымнан сипап, атымды сұрағанда жылап жібергенімді, Сәбеңнің әлдене деп жұбатқанын, мұғалімдердің сасқалақтап қалғанын да ұмытқан жоқпын.

– Аруақты адамсыз ғой, Сәбе! Бала періште деген, сезіп тұр ғой! – деп әкем бәйек болды.

– Шіркін-ай! Қасиетіңнен айналайын-ай! – деп Әбдікәрім мұғалім кәдімгідей босады.

– Бақытты болыңдар, балапаңдар! – деді жазушыға таяу тұрған апай.

Ол кісі Сәбеңнің жұбайы екенін ішіміз сезген, жазушы әйелімен бірге келіпті деген сөзден хабардар едік.

– Қарағым, менің сөмкем сенде ме? – деді ол есік жақта тұрған жігітке. – Мұнда әкелші.

Сұраған сөмкесінің қарасыны мол еді. Әйел содан қарындаш, дәптер алып, біздерге өз қолымен үлестірді. Үлестіріп жүріп, арқамыздан қақты, Қоңыр деген қыздың маңдайынан иіскеді.

Кластың іші нұрланып сала берді, бір ма­мыражай шуаққа шомылып шыға кел­дік. Бәріміз осылай жайланған сәтте Сәбең сөзін сабақтады. Сабырлы тарғыл дауыспен ұзақ әңгіме шертіп еді. Сол әңгіменің үлкен сарыны болмаса, анық не айтылғаны есте жоқ. Жазушының көбіне мұғалімдерге қаратып қозғаған көп ойын пайымдай алатын жаста емеспіз ғой, тек өзіміз күнде көріп жүрген дала мен таулардың аты аталғанда елең еткеніміз болмаса, Сәбеңнің қоңыржай үніне елтіп отыра бергенбіз.

Әредікте әлдебір ақындардың аты ай­тылады да тақпақтатып, мақал-мәтелдетіп кетеді. Күйшілер мен олар шерткен күйлер жайлы төгілтеді. Арқаның небір шешендері хақында таратып келіп, солардың сөз мұрасын жинау, жоғалтпау осы отырған оқығандардың, ауыл мұғалімдерінің парызы екені баяндалады.

Сәбең сөзінен қалған еміс-еміс са­рын­дар осы ғана еді. Ал есімде анық сақтал­ғаны – әңгімесінің соңында: – Сауал­дарың болса, сұраңдар. Қысылмаңдар, – дегені.

Мұғалімдер де, балалар да тым-тырыс отыра бердік. Көкейімізде қоятын сұра­ғымыз жоқ еді. Бар болса, оның жауабын Сәбеңді көрген, әңгімесін естіген сәттерде тауып қойғанбыз. Ол – алдымызда бізге мейірлене қарап отырған жазушы секілді ұлылықтың болатындығы шын екендігі және ондай ұлылықтың дәл осы кісідей қарапайым болатындығы жайлы түсінік еді. Сол түсінік бізді әлі тылсым, әлі де беймәлім өмірге сәл де болса батылдау қаратып еді.

Сәбең бізбен, бармақтай балалармен жылы қоштасты. Кластан шығып кеткенде, бүкіл әлеміміз сол адаммен бірге көшіп бара жатқандай елегзідік.

Соңғы сабақтың қоңырауы соғылысымен үйге асықтым. Сә­бең­нің әйелі берген дәптер мен қарындаштың қызуы, жазушының басымнан сипаған алақанының жылуы құстай ұшырды.

Қуанышымды ең алдымен Несіп әжеммен бөліскем. Ол көкшіл мұқабалы дәптер мен қырлы қарындашты айналдырып қарап отырды да, мен бір шаш-етектен олжалы болғандай: – Құтты болсын! – деді.

Содан кейін әбдіресінен шайы орамал алып мұқият орады.

– Балам, бұларды ауылдың сабағына жаратпай-ақ қой, ертең ауданның үлкен оқуына барғанда аларсың, – деп әбдіреге салды.

Кейін ауылдың жеті жылдық мектебін тауысып, ауданға жүрерде тағы бір тоқтам айтқан.

– Қарағым, Сәбең қасиетті адам ғой, осы дәптерді шөбереме сақтағым келіп отыр, – деген.

Бұл сөзінің арғы жағында: “Сен Сәбеңнің өзін көрдің, ол да құт бір кісіге”, – деген аңғарту бар секілденіп еді.

Жылжып жылдар өтті. Ауданнан асып Алматыға жеттік. КазГУ-дің бірінші курсын тәмәмдап, ауылға келген күндердің бірінде сол көкшіл мұқабалы, сарғая бастаған дәптерге атам Смайылдың Құран Кәрімнің сүрелерін көшіріп отырғанын көрдім.

Бүгінде сөйткен ата мен әже жоқ. Сәбеңді әулие көріп, сол кісіден қалған дәптерді қастерлеп өткен қариялар баяғыда дүние салған. Ал Құран сүрелері жазылған дәптер дін аман, шешеміз Жібек оны көзінің қарашығындай сақтап келеді.

Өткен күннің белгілері… Ол қандай болса да қымбат қой, уақыт озған сайын көзіңе ыстық тарта береді. Кейінгі шақтарда Сәбеңнің дәптері ойыма жиі оралатын болды.

Жылдағы әдетпен биыл жол ашы­лы­сымен ауылдағы шешейге сәлем бере барып, дәптерді қолқалап көргем. Қабыл алмады.

– Атам мен енем ерекше қастерлеген дүние ғой, қара шаңырақта, кенже ұлдың төрінде тұрған жерінен қозғама, – деді. – Ол дәптерге әкеңнің де ықыласы ауған еді. Қайтарынан бір жыл бұрын әбдіреден алдыртып, былғарымен қаптап еді марқұм. Төрге де өз қолымен іліп кетті.

Бұдан кейін өтінудің орны жоқ-ты. Шешейдің нені тұспалдап отырғаны анық болатын. Көк дәптер, Сәбеңнің дәптері, атадан балаға қасиеті сіңген киелі мұра бүкіл әулеттің төрінде шарапат шуағын шашып тұрғаны лазым-ды.

Асық ойнаған академик

Сәбең келіп-кеткеннен кейін екі жыл өткен соң, шағын ауы­лымыз тағы да кенелді. Бұл жолы академик Әлкей Марғұланды қарсы алған.

Белгілі жазушыдан соң атақты адам­дармен жүздесуге сәл-пәл үйреніп қалғандай болсақ та тайлы-таяғымыз қалмай зыр жүгірдік. Академикке үсті березентпен жабылған жеңіл мәшинеден түсісімен әйелдер шашу шашты. Ауылдың әнші баласы завферма шығарып берген өлеңді домбыраға қосып айта бастап еді, қатты қысылса керек, жаттағанын ұмытып, шатасты да қалды.

Академик оған мән берген жоқ, жүзінде: “Мына абыр-сабырдың қажеті не еді?” – деген таңданыс бар еді.

Ал ауылдың таңқалғаны – Әлекеңнің ғалымдары бар, студенттері бар бір топ адамды Дарат тауынан басталатын Атасу өзенінің сыртына қалдырып кеткені еді.

– Бірге келмеді ме, дәм татпады ма? – деген жұртқа Әлекеңнің жауабы қысқа болды.

– Сіздер жаңа құралып, соғыстан кейін енді-енді бірен-саран мал бітіп келе жатқан елсіздер. Бала-шағаның аузынан жырып берген ас тамақтан өтпес.

Әйтсе де өзіне арнайы жайылған дастарханнан аттап кеткен жоқ. Біздің үйдің қыстан қалған сүрінен дәм татты. Әңгіме үстінде ауылдың жер білетін бір адамы бірге жүріп жөн көрсетсе деген өтінішін білдірді.

Отырған жұрт бір ауыздан шу ете түсті.

– Смекең барсын. Ол кісіден артық бұл маңды білетін жан жоқ.

Академик ас ішіп болған соң, ертең қай жерден табылатынын айтып, аттанып кетті.

Келесі күні атам жолға мені де ала шықты. Ердің алдына отырғызып, атын Дараттың тоғанына қарай сар желдірген.

Біз келгенде Әлекеңнің адамдары өзеннің жағасына бірнеше шатырды құрып тастапты. Екі жүк машинасы қаңтарылып тұр.

Академикті өзенді жағалай өскен қалың талдың ішінен таптық. Амандықтан соң керек шаруасын қысқа қайырды.

– Ақсақал, осы маңда ертедегі елдің мыс пен алтын қорытқаны туралы ғылыми болжам бар. Бірақ дәл қай жер екені анық емес. Кейбір деректерге қарағанда, кен қазған шахта мына таулардың бірінде болса керек. Бұл әңгімеден қандай хабарыңыз бар?

– Шырағым, мен осы өңірдің топырағынан жаралған елдің баласымын. Естігенім де, көргенім де көп, – деп атам әріден қозғайтын сыңай танытты. – Сөзді келте қайырсаң, меселі қайтады. Алты ауыз сөзде алты рулы елдің тағдыры тулайды. Асықпай тыңдарсың.

Біз Алтайдың Аралбай бұтағынан тараймыз. Оның ішінде Танаң боламыз. Танаң деп отырғаным, Аралбайдың екінші әйелі – Таңсұлу анамыз. Ел Аралатаң атап кеткен бабамыз сол шешемізді Төменнен (Түмен) алып келген екен. Ол кезде жұрт мыңғырған малды ерте көктемде қозғағаннан жаз ортасында Төменге құлататын болған.

Әкем Жұмағұл айтып отыратын, Төменге барар жолмен көнеде осы өңірге алтын мен жез сатып алушылар келеді екен деп. Сол көненің мақамынан да қозғайтын.

Ей, Оғызтау, Оғызтау!

Табаныңда алтын бар,

Алтыннан зор даңқың бар.

Күн артында күндер бар,

Жыл артында жылдар бар,

Сол алтын да ортайып

Қайтқан судай сарқылар.

Су табаны сор болар,

Өкініші зор болар.

Сен іздеген алтын мен мыстың төркіні сонау ежелгі заманда жатыр. Ал Оғыз­тауы­мыз ана тау, сол жағымызда көлденең жатқан тауды көремісің. Тап өзі. Жұрт осы күнде білместікпен Өгізтау дейді.

Сол таудың шығыс жақ тұмсығында бағзыда ел кен қазған апан әлі бар.

Әңгіме осы жерге келгенде Әлекең орнынан тұрды.

– Смеке, қалған әңгімені жолшыбай айтсаңыз, – деген. – Сол апанға бастаңыз. Қозғалайық.

Аздан соң академиктің брезент машина­сымен Өгізтауға қарай шаңдатып бара жаттық.

Дала тауы қол созым жерде тұрғандай көрінгенімен, жақындаған сайын іргесін әріге салып, етегіне бие сауымда зорға іліктірді. Әлекең сол уақыттың ұзына бойында әлденеге тағатсызданып, асығумен болды. Сол сабырсыздығынан беткейге жаяу көтеріліп, аумағы сегіз қанат үйдің көлеміндей жиегі дөңестенген апанды көргеннен соң да арыла алмаған.

– Япыр-ай! Ғажап-ай! – дей берген.

Апанның тереңдігі кезінде қанша болғанын кім білсін, бүгінде жиегі құлай-құлай, түбі әрі кетсе, екі кісінің бойындай шұңқырға айналыпты.

Айнала сирек тікен өскен, таудың биігіне қарайғы желкесінде қаракөк жартас төніп тұр. Айналасы тотияйын түстес ұсақ тас, аяқ бассаң, қышыр-қышыр етеді.

Әлекең сол тастарды күн көзіне ұстап қарады, біріне бірін ұрып сындырды. Ішінен бір-екеуін таңдап алып, қалтасына салды.

– Бұл апанның көне ел кен қазған орын екеніне күмәнің болмасын, – деді атам. – Ежелден келе жатқан әңгіме қате кетпейді. Оны азсынсаң, осы жердің тасынан ел төңкеріске дейін тотияйын айырып алып жүретінін айтайын. Ал ана иек астында тұрған Қаратөбеден алтын кені табылғанын өзің де естіген шығар­сың. Мына қарсы беттегі Даратта соғыс кезінде шахта ашылып, жұмысы осыдан екі-үш жыл бұрын ғана тоқтады. Жұрттың айтуын­ша, бір сирек кен қазыпты. Не алтын, не мыс болар.

Әлекең атамды сауалмен жетелеп отырып, сөзге сөз сабақтатты.

– Өзіңіздің көзіңізге бұл маңайдан осы апаннан басқа көне қорым, иә болмаса сынтас секілділер түскен жоқ па?

– Неге түспесін, – деді атам. – Ана Дараттың етегіндегі қараған қаптай өскен жазықты жанарыңа жалдатып отырып, сонау бір бозғылт алаңқайға аялдашы. Сол жерде биік ши өседі, арасы толған шеңбертас.

– Мұны бір деп қоялық, – деді академик етекке көз салып тұрып.

– Иә, бір деңіз, – деп атам енді Дараттың Атасу өзенінен арғы тұсына сілтеді. – Ана талды арнаның сыртқы беті көне қорымнан аяқ алып жүргісіз. Ұзындығы 3-4 метр, ені 1-1,5 метр тас бейіттер қаз-қатар жатыр. Сол жерде тақыр дөңес бар. Үстінен жүрсең, дүңгірлеп қоя береді. Сабыр етсең, оған да бастап апарамын. Ал осы даланы жалпағынан таныстыр десең, сонау Мыңбай, Айдарлы, Қызылтау мен Ортау, Бәйбіше тауларын асықпай аралауға болады. Олардың аясында да көненің ізі қансонардай сайрап жатыр.

Атам мен академик бұдан әрі де ұзақ әңгімелесті. Өгізтаудың иығынан көрінген шалқар жазық, сол жазықты кемерлеп барып көксеңгірленетін Саңғыру, одан былайғы Ақтау, Алабас, батыс­тағы Тасқоралы, Қу, Мұңлы атырабының шежіресі тарқатылды.

Сол көп әңгіменің соңын атам күрсініспен күрмеген.

– Қайсыбірін айтып тауысқандайсың. Қаза берсең, қай-қайдағыны қозғайды, табан астыңнан небір хикмет улап-шулап қоя береді. Арғы тарихта ата-бабаның қуаныш-қайғысы тұншықса, бергісінде өз уайымың сыздайды. Мына Қаратөбеде біздің әулетке сан ғасыр көзайым болған асыл қазына жатыр. Төңкерісте ақ пен қызыл елді қынадай қырғанда, Шал деген жігітке беріп, осы таудың бір қуысына тық дегем. Ол айтқанымды орындап, ауылға қайтып келе жатқанда, қызылдың жасағына тап келіп, оққа ұшты.

– Ол қандай қазына? – деді Әлекең.

– Айтайын, – деді атам күрсініп. – Аралатаңнан қалған қылыш, алтын жамбылар мен күміс ер, оған қоса әкем Жұмағұлдың болат сапысы, Николай патшаның алтын ақшалары, өзімнің бердеңке мылтығым мен алтыатарым, шешейдің алтын-күміс бұйымдары.

– Кейін іздеп көрмедіңіз бе?

– Әредік аңсарым ауады, бірақ ұлан-байтақ таудың қай жерін тінтесің?

Әңгіме осы жерден үзілді. Өгізтаудың тұмсығынан төмендегі машинаға қарай үнсіз аяңдадық.

* * *

Уақыт жылжып өтіп жатты. Сарыала жаз күзге ойысты. Атам археологтарға екі-үш күн аралатып барып қайтатын. Әредікте Әлекеңнің өзі келеді, қымыз ішіп, кең отырып әңгімелеседі. Сондай әңгімелерден Дараттың етегіндегі қалың шидің қазылып жатқанын құлағымыз шалып қалатын.

Тамыздың сол соңғы күндерінің бірінде атам екеуміз академикке өзінің шақыртуымен келдік. Әлекең ерекше көңілді екен. Қазба жұмыстары кеше аяқталыпты. Үш мыс қорыту қазаны аршылып алынған. Үшеуі де бүтін көрінеді, тіпті балқытылған шлагына, жағылған отынына дейін сол күйінде сақталыпты.

Сол қазандар менің әлі күнге дейін көз алдымда. Беткі диаметрі 1,5 метрдей, тереңдеген сайын тарыла береді. Түбінің диаметрі жарты метрге жуық. Қабырғасы қызыл граниттен қаланған. Беткі жағынан көлбеу түтін құбыры тартылған.

Археологтар қазып алып, жинап қойған шлактың өне бойында мыс талшықтар жылт-жылт етеді. Ал отын арша ағашынан әзірленген көмір болып шығыпты.

Әлекең бұл кен балқыту орны Мық заманына жататынын, қазаққа белгілі “мық шегенің” осы жерде жасалғанын, дәл мынандай жақсы сақталған тас қазандар Қазақстанда әзірге табылмағанын ерекше леппен айтты.

Содан кейін қазба кезінде кездескен қыш ыдыстарды көрсетті. Олар негізінен көкшіл түске боялған, өрнектері геометриялық сызбаларға ұқсайды.

– Бұлар Грекия жерінен жеткен бұйымдар, — деді Әлекең. – Мық елі сол шалғайдағы жұртпен сауда-саттық жасағанына айқын дәлел. Бұл бізге Рим мысты осы сар даладан іздеген деп жорамал айтуға мүмкіндік береді.

Бұдан соң тас уатқан құралдарды, мыстан жасалған әркелкі пышақты, үлкендігі қос жұдырықтай барыс мүсінін көрсетті.

– Бұлар мына жерде жатқан көп қазынаның жүзден бірі ғана, – деді. – Біз бар-жоғы үш қазанды ғана аршып алдық. Ал қазылатыны әлі де жеткілікті. Оларға алдағы жылдарда айналып соғамыз.

Ақыр соңында ағаш қораптың түбінен бір уыс асық алып шыққан. Кәдімгі қойдың асықтары. Бәрі қынамен боялған, бір-екеуі тәйпектеліпті.

– Мыналар да осы жерден табылды ма? – деді атам.

– Иә, сіз Мық балаларының асығын көріп тұрсыз, – деді Әлекең. – Демек асық ойыны – қазақтың ең көне ойыны. Бұл да тарихи дерек.

Осыны айтып, жан-жағына қарады.

– Жүріңіз, ана жолдың үстіне барайық, – деді.

Атам соңынан ілесті.

Әлекең жолдың тақыр табанына әлгі асықтарды қаз-қатар тікті.

– Смеке, келіңіз асық ойнайық, – деген.

– Асық дейсің бе? – деп таңырқады атам.

– Иә сіз екеуміз қазір асық ойнаймыз, – деді Әлекең кәдімгідей құлшынып. – Мық заманының асығын шиырып тұрып атамыз. Бабаларымыздың қолына жаққан сақаның қызығына кенелеміз. Бұл да тарих ақсақал, өтіп кеткен дәуірлердің қайтып оралған тарихы.

Аздан соң бірі белгілі академик, бірі сексенге келген қария ай далада асықтың қызығына кіріп кетті.
Алдан СМАЙЫЛ,
жазушы.

АСТАНА.

24 қыркүйек 2003 жыл.