Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

Зейнеткерлікке SMS арқылы шығуға болады

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы зейнеткерлікті проактив әдісімен рәсімдеу бойынша қанатқақты жобаны іске қосты. Бұл туралы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік Корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Зейнеткерлікке SMS арқылы шығуға болады

Аталған қанатқақты жобаны жүзеге асыру жөніндегі бірлескен бұйрыққа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қол қойды. Жоба әзірге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының зейнет жасына жететін қызметкерлерін қамтиды. Бүгінде корпорацияда 22 мың қызметкер еңбектенеді.

Зейнеткерлікке шығу барысында дәстүрлі түрде ХҚО арқылы жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін тағайындау мемлекеттік қызметтері рәсімделеді. Бұдан былай халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажеттілігі болмайды.

Зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын болашақ зейнеткерге қызметті проактивті түрде рәсімдеуге ұсыныс білдіретін смс-хабарлама жолданады. Келісім берілген жағдайда, кадр бөліміне алдын ала тапсырылған құжаттар электронды түрде жауапты мемлекеттік органның мақұлдауына жіберіледі.

Айта кетейік, зейнеткер жұмыс берушісінің кадр бөліміне алдын ала еңбек өтілі, зейнеткерлік жүйеге қатысуы сияқты мәліметтерді ұсынады, бұл ақпарат, өз кезегінде, еңбек келісімдерін есепке алу бірыңғай жүйесіне енгізіледі.

Аталған әдіс арқылы мемлекеттік корпорацияның екі қызметкері зейнеткерлікке шығып үлгерді. Тиісті смс-хабарламаларды алғандардың қатарында астаналық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің жетекшісі Райхан Жолдықұлова мен Ақмола облысы филиалының жер кадастры бөлімінің қызметкері Любовь Шестаева бар.

- Корпорациямыз цифрлық жаңашылдықтардың үнемі басы-қасында жүреді. Бірақ дәл осы зейнеткерлікке шығу жобасының алғашқы қатысушысы боламын деп ойламаппын. Зейнет жасына жеткенде қаншама құжаттың машақаты барын білемін. Барлығы смс-пен шешілгеніне қуаныштымын, дейді зейнеткер Райхан Жолдықұлова.

Қанатқақты жоба қорытындысы бойынша оның өзге мекемелерге таралуы бойынша шешім қарастырылады.