Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2019

Азия әдебиетін әлемге әйгілейтін форум

825 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Күздің мизам шуағына бөленген ел астанасында әлем әдебиетінің жылнамасына еніп, тарих бетінде қалатын Азияның қабырғалы қа­лам­герлері жиналған басқосу өтуде. Сары құрлықтың азулы ақын-жазушылары Азия әдебие­тінің бүгінгі ахуалын талқылауға қазақ сахарасына арнайы ат басын бұрыпты. Игі шараға әр тарап­тан жиналған пікірлестерді тек сөзге, көркем әдебиетке деген сүйіс­пен­шілік қана емес, сонымен қатар халықтардың тағдырын көздеген зор қамқорлық та біріктіріп отыр.

Азия әдебиетін әлемге әйгілейтін форум

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өз жұмысын бастады. Азиялық ақын-жазушылардың жиыны 300-ден астам қаламгердің басын қосты. Оның ішінде 38 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одақтары мен ассоциацияларының төрағалары бастаған 70-ке жуық шетел қаламгері бар.

Әдеби форумның пленарлық отырысын Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашты.

«Азия ақын-жазушыларының ал­ғаш­қы форумы Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен өткізілуде. Біздің халқымыз рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетті жан-жақты қолдауға әрдайым аса үлкен мән береді. Бұл берік ұстаным тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жаңа сипат алуда. Қазақ әде­биеті – халқымыздың санғасырлық тари­хымен біте қайнасқан асыл қазына. Бү­гінде төл әдебиетіміздің көкжиегі ке­ңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қо­сылды. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5  құрлықтағы 90-нан астам  елге, яғни 2,5 млрд оқырманға тар­айды.

Ұлы даламыз сан алуан өркениеттер мен мәдениеттердің куәсі. Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күн­гейі мен теріскейін жалғаған тоғыз жол­дың торабында орналасқан. Біз бір кез­дері Ұлы Түркі қағанатынан мирас бол­ған түркі тегімізді сақтай білген халық­пыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдес­сіз жетістіктері сол дәуірлерден  қалып­тас­қан ұлы мұралармен тығыз байланысты.

Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Шығыс мәдениеттері сан алуан сипаттарына қарамастан, өзара астасып жатыр. Азия халықтары өркениеттер қақтығысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да осында. Соңғы жарты ғасырда Азия қайта түлеп, қарқынды  дамып келеді. Шығыс мемлекеттері әлемдік алпа­уыттар қатарынан нық орын алды. Азия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді. Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр. Бұл ретте Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу – форумның тағы да бір маңызды міндеті деп  санаймын. Шығыс  даналарының дәстүр сабақтастығы сіз­дердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын.

Батыс технологиясы Азия рухания­тымен үндесіп, шығыстық жаңғыру үр­дісін дүниеге әкелді. Қалаларда шы­ғыс әлемінің болмыс-бітімін насихаттайтын креативтік класс пайда болды. Рухани байланыстарды кеңейту жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі. Біз бұл үрдісті қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз.

Түркі, Қытай, Үнді, Араб, Парсы ел­дерінің көптеген көне жәдігерлері дәуір сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті. Бұл мұралардың құндылығы неде? Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпыадамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге таралды. Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады», деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар форумның салтанатты ашылуында Мемлекет басшысы бірнеше маңызды мәселеге тоқталды. «Жаһанданудың шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде. Мысалы, қазір Ұлы Жібек жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге, әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. 

Алдымен Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде қуатты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты тол­ғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты мін­деттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек.

Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті. Бұл Азияның тең­дессіз дүниетанымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзі­не айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз. Осындай игі бастамаларды іс­ке асыру жұмысы қаламгерлерімізді бі­рік­тіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шы­ға­ра­ды деп сенемін. Бүгінгі форум жұ­мы­сына табыс тілеймін», деді ел Пре­зи­денті.

Әдеби форумның пленарлық отырысында Нобель сыйлығының номинанттары Ко Ын (Оңтүстік Корея), Моза әл-Малки (Қатар), Мэнд-Ооёо (Моң­ғолия), Оңтүстік Азия халықаралық сый­лығының лауреаты Амар Митра (Үн­дістан), Әзербайжанның халық жазушысы Анар Рзаев  және т.б. спикерлер баяндама жасады.

Халықаралық «Манхэ» әдеби сыйлы­ғының, «Гриффин» поэзия сыйлығының лауреаты, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының номинанты корея­лық Ко Ын Арқа төсіндегі ауқымды ша­раның Азия әдебиеті тарихында баламасы жоқ екенін атады.

«Бүгінгі жағдайды зерделей отырып, Азияның әрбір бөлігі, әрбір елі, мәдениеті өзінің түпнұсқа бейнесін тап­са деген ойға келдім. Азия Еуропа сияқ­ты біртұтас емес екені анық. Еуропа ерте бірігіп, жалпы алғанда бір дінге бас ұрды. Бірақ біздің кейбір көршілер Еуропа елдерімен туыстасып кетті. Азияда мұндай тұтастық мүмкін емес. Азия – табиғи ерекшеліктердің, тау мен даланың, шөл мен көлдің астасып жатқан әлемі. Осы әркелкілік әдебиетке де тән. Азияның діндері мен философиялық жүйесі де терең әрі күрделі. Ең алғаш Азия өркениеті скифтерден тарады. Кейін ол Қара теңіз арқылы бүкіл әлемге жайылды. Азия қайтадан түлеп, жаңа нүктеден бастауы керек деген ойлар да айтылады. Меніңше, әрқайсысымыз еркін болуы­мыз керек. Батысқа бағдар ретінде қарау­дан бас тартуымыз қажет. Тіпті кей жағдайда Азия әдебиеті Еуропа әдебиетін жасартты, тың леп қосты. Бауырлас жазушыларға қарап отырып, Азия әдебиеті бүгіннің әдебиеті, Азияның әдебиеті жаңа ғаламшарлық әдебиет деген ойға келдім», деді кореялық ақын.

Әлем әдебиетіндегі поэзияның даму қарқынына тоқталған моңғолиялық жазушы, Нобель сыйлығының номинанты Мэнд Ооёо «Әлем әдебиеті және Азия поэзиясы» атты баяндамасында: «Бүгінгі технология алға озған заманда адамзаттың төл табиғилығы, тілі мен мәдениеті жо­йылып, поэзия құнсызданған күйде. Тіптен кейбір тілдер мүлдем азып, жо­йылып, жоғалып барады. Сонымен бірге поэзияға әсіресе Батыстың әсері күшейіп, түрлі «измдер» тығырыққа тіреуде. Адамзат өркениетінің поэзия теңізінен терген жауһары секілді «Антологияға» Азияның айрықша ұсынар  жаңалықтары енуі керек. Әуелі Азия құрлығы елдерінің  ерекше ілтипатымен «Азия поэзиясының антологиясы» көп тілге тәржімаланып шыққанын қолдаймын. Бұл прозаға да әдебиеттің өзге жанрына да қатысты сөз. Біз қашанға дейін Батыстың қабағына қарап,  қолына телміреміз?» деп атап өтті.

Пленарлық отырыстың екінші бөлімінде сөз алған жазушы, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері Төлен Әбдік 1973 жылы өт­кен Азия-Африка елдері қаламгер­лерінің V конференциясын тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті. «Әр ел болған соң тілі, ділі, дәстүрі әртүр­лі болуы мүмкін, бірақ біз бәріміз бір тіл­де кү­леміз, бір тілде мұңаямыз, бір тілде қуанамыз, бір тілде жақсы көреміз. Өйт­кені ізгілік, адамгершілік, махаббат деген ұғымдар барлық елде бірдей. Ал енді осы құндылықты біздің санамызға сіңірген – көркем әдебиет. Әдебиет шын мәнінде сапалы әдебиет болса, бір халықтың шекарасында қала алмайды. Ол басқа да ұлттардың кәдесіне жарап, бүкіл адамзаттың игілігіне айналуға тиісті. Мысалы, мен Жапонияда болған емеспін. Бірақ жапондарды жақсы көремін. Ал жақсы көргізген жапон әдебиетінің әйдік өкілдері – Кавабата, Акутагава, Мисима, Кобо Абэ, Сакио Комацу. Кезінде Сакио Комацудың «Жапония сатылады» деген бір ғажайып әңгімесін аударған едім.

Қазақ әдебиетінде әлемге ұсынатын шығармалар баршылық. Тек сапалы аударылса болды. Ал аударма мәселесі бізде дұрыс жолға қойылмаған. Қазақ руханиятының көсемі Абайды әлі жаһанға таныта алмай жүрміз. Жақсы аударма шығу үшін адамдар бір-бірін жақсы көру керек. Шығарманы сүю керек. Сондықтан мына әлемнің әр жерінен келіп жатқан пікірлестерге айтарым: Абай мен Махамбетті аударуға көмектесіңіздерші. Сонда сіздер қазақты таныр едіңіздер», деді қаламгер. 

Конгресс-орталықта өтіп жат­қан жиын аясында «Азия әдебие­тінің жауһарлары» атты кітап көрме­сі ұйымдастырылды. Форум бағдарла­ма­сында TED форматындағы «ASIAN LitTALKS» форсайт сессиясы, көрнекті жазу­шылардың жеке шеберханасы, «Қалам­герлер аллеясының» ашылуы, Орта­лық Азия қаламгерлері мен жас ақын-жазушылардың шығармашылық кездесуі, т.б. іс-шаралар бар.

Елорданың төрінде жиналған қалам­герлер қауымы үш күнге созыла­тын форумда Азия әдебиетінің даму үдерісі, азия­лық авторлардың құқықтарын қор­ғай­­тын ортақ бірлестік құру, Азия елдері қа­ламгерлері арасында Халықаралық сый­лық тағайындау сынды мәселелерді талқыламақ.