Қоғам • 05 Қыркүйек, 2019

КЕДЕРГІЛІ КЕҢІСТІК: Брайль қарпіндегі оқулықтар неге басылмайды?

1112 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

12 жасар Мұхамед Сырбайұлы 1 қыркүйекте 5 сыныпқа барды. Ол кітап оқығанды жақсы көреді. Анасына әрдайым қолғабыс көрсетуге құштар. Ыдысты да жуып, картопты да егіп, үй мен даланың шаруасын тындыруға талаптанып тұрады. Сон­дағысы – бәрін білгісі келеді. Иә, мынау жарық әлемді жа­на­рымен көруге мүмкіндігі болмаса да, кітап арқылы өзін қор­шаған дүниені тануға деген талпынысы бірде-бір кеміген емес.

КЕДЕРГІЛІ КЕҢІСТІК: Брайль қарпіндегі оқулықтар неге басылмайды?

Біз барлық баланың заң ал­дын­да бірдей, қандай да бір жағ­дайына қарамастан құқығы тең, Ата Заңымыздың 30-бабында көрсетілгендей, азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына хақылы екенін жиі жазамыз. Бірақ бұл шынында да солай ма? Мұхамед сынды балалардың қалай білім алып жүргенін білесіз бе?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы қорытындысы бойынша әлем­­-
дегі шамамен 1,3 млрд адам­­­да көру қабілетінің қан­дай да бір бұзылысы бар.
www.ourchil­dren­svision.org сайтында жа­зыл­ғандай, осыдан он жыл бұрын Жер шарындағы 19 млн бала көз­дің ауыр проблемаларынан зар­дап шекті, бұл көрсеткіш осы уақыт ішінде артпаса, кемі­меген. Ал Білім және ғылым ми­нистрлігінің 2017 жылғы тарат­қан ақпаратына сүйенсек, елімізде 10 мың баланың көру қабілеті бұзылған, 421-і – зағип.

 

Математика оқулығы – 1 млн 360 мың теңге

«Ұлан» газетіндегі «Әлемді өз­герткен балалар» атты автор­лық жобада «Зағиптардың сау­са­ғына жанар сыйлаған Луи Брайль» тақырыбында көлем­ді ма­қала жарияланды. Сонда ке­йіп­кердің небәрі 15 жасын­да көзі нашар көретін және мүл­де көрмейтіндерге арнал­ған оқу жүйесін ойлап тапқа­ны жа­зыл­ған. Екі ғасырдай бұ­рын­ғы өнертабыстың ғұмыры мәңгі­лік болар, себебі Жер шарын­да миллиардтаған адам бұл ең­бектің шарапатын көріп келеді. Солардың қатарында қазақ­стандықтар да бар.

 

Елордадағы №10 мектеп-гимназиясында 184 бала арнайы сыныптарда оқиды. Олардың 14-і – көзі мүлде көрмейтін балалар. Ал қалған 170 оқушының көзі нашар көреді. Көру қабілеті бұзылған балақайлар мектеп табалдырығын аттағанда Брайль әліпбиімен әріпті, сол арқылы әлемді таниды. Оқу ошағындағы осындай оқушылармен жұмыс істейтін тифлопедагог Сәуле Сағымбаева ерекше балалар барлық оқушылармен бірдей, мемлекеттік стандартқа сай әзірленген бағдарламадан қалыс қалмай келе жатқанын айтады. «Біздің балалар басқалардан бөлінбейді, мәдени-әдеби іс-шараларға көппен бірдей қатысады. Олар да сабақта өзгелердей диктант жазады, тапсырманы кітаптан өздері оқып орындайды. Ерекшелігі сол, бекітілген талаптарға сәйкес ерекше балалар оқитын сыныпта 12 оқушыдан болады», дейді мұғалім. Бұл мектеп тек балаларға білім берумен ғана емес, оқушылардың көру қабілетін жақсарту немесе қалпын сақтаумен де айналысады. Мәселен, мұндай балалар белгілі бір кестемен көз жаттығуларын жасайды, сондай-ақ мектептегі офтальмолог дәрігерге кез келген уақытта қаралуына болады. Бұдан бөлек, көру қабілеті бұзылған оқушыларға кеңістікті бағдарлау, мимика және понтамимика секілді арнайы сабақтар өтеді.

Аталған мектеп-гимназиядағы оқулықтар Әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығынан (ӘБЕО) сатып алынған. Бұл мекеме ақыл-ойының немесе бой-бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді дамытуға арналған құралдар мен әдістемеліктерді әзірлейді. Брайль әліпбиімен жазылған 200 беттің жобасындағы бір оқулық кемі 3 кітап болып басылады. Ал біздегі бір пәннің өзінде бірнеше оқулық бар екенін ескерсек, қаншама шығын боларын бағамдай беріңіз. Мысалы, Брайль әліпбиіндегі математика оқулығы бақандай 17 кітап болып шыққан. Қазақ тілі одан да көбірек. ӘБЕО бір кітапты 80 мың теңгеге сатыпты. Енді оны 17-ге көбейтейік, сонда жалғыз математика оқулығы 1 млн 360 мың теңге тұрады.

Кітаптың көлемді болатын себебі, әр әріп 6 нүктенің орнын алады. Ал Аустралияның көзі көрмейтін және көзі нашар көретін студенттерді қолдаумен айналысатын (Statewide Vision Resource Centre) орталығы әдістемелік құрал әзірлеген. Онда ағылшын тіліндегі жиі қолданылатын сөздерді қысқартып береді. Мәселен, about, яғни «туралы» деген сөзді бастапқы екі әрпімен ғана белгілейді. Бізде де осындай зерттеулер жүргізіліп, әдістемеліктер құрастырылса, қалтаға да, мемлекеттің қаржысына да, оны оқитын оқушы-студентке де түсетін салмақ пен ауыртпалық азаяр еді.

Мақаламыздың кейіпкері Мұхамедтің анасы Мейрамгүл Құдайбергенқызы мәлімдегендей, ата-аналарға оқулық сатып алу мәжбүрлігі тумаған болар, десе де мемлекеттік бюджетке айтарлықтай жүк болып тұрғаны анық. Әйгілі ӘБЕО (орысшасы САТР) 1996 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан жекеменшік ұйым екені белгілі. Әрі бұл орталық жабдықтарын Ресейден алдырады. Демек, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғанына 30 жылдай уақыт өтсе де, бірде-бір мемлекеттік баспада Брайль жүйесімен кітап шығаратын жағдай жоқ. Егер Үкімет бұл істі қолға алса, арнайы типографиялық жабдықтар болса, әлдеқайда арзанға түсіруді ойластыруға мүмкіндік бар еді. Әйтпесе, Брайль жүйесі Қазақстанға сонау ХХ ғасырдың 40-жылдары келе бастады емес пе?!

Әдебиет оқу арманға айналған

Жақында өткен Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қосымша білім берумен қамту көрсеткіші өскенін айтқан еді. Балалар ешбір ерек­ше­лігіне қарамастан қосымша білім алуға құқылы. Алайда көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған кітап­хана жоқтың қасы, бар болғанның өзінде халі мүшкіл. Брайль жүйесінің қазақ әріптерімен толықтырылуы тікелей ІІ Дүниежүзілік соғыстан зағип боп оралған Сәкен Қайдарұлы Өтегеновтің 1960 жылдардағы ерен еңбегімен қатар айтылады. Соғыс ардагері еліміздегі көзінің көруі бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарға қосылуына үлес қосып, олардың жанайқайын жоғарыға жеткізіп, барынша жағдай жасаған. Елордада С.Өтегеновтің атында арнайы кітапхана бар. Сонда бас сұқтық. Кітапхананың басшысы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ғалым Адайұлы С.Өтегенов енгізген қазақ әріптерінің компьютерлік нұсқасын әзірледі. Соның нәтижесінде біршама зағип пен көзі нашар көретін азаматтарға тегін компьютер үйреткен. Ғалым кітапханадағы кітаптардың Мәскеу­ден 1980 жылдары шығарылғанын, оның бедерлі жазулары ескіргенін айтады. «Алматыдағы Көзі көрмейтін және на­шар көретін азаматтарға арналған рес­пуб­ликалық кітапхана кітап басады. Ал бізде Брайль жүйесіндегі кітаптарды басып шығаратын типографиялық жабдықтар жоқ, кішігірім ғана принтер бар. Қолдағы бар принтермен кітап басу дегеніңіз – нағыз азап жұмыс. Алдымен оны сканерден өткізеді. Сонан соң түзетілген мәтінді арнайы бағдарламаға салып, қазақ әріптерін қосады. Бір кітапты шығаруға бірнеше адам біріккеннің өзінде 3-4 ай керек. Сенсеңіз, аудио кітаптардың мүмкіндік аясы кең, өзімізде дыбыс жазатын студия да бар. Алайда кітаптың иісін иіскеп, саусағыңмен сезініп оқығанға жетпейді. Кей дикторлардың дауысы көңілге қонбай жатады. Сондықтан әсіресе, зағип жандарға кітаптың орны бөлек», дейді өзінің де көзі нашар көретін кітапхана жетекшісі.

 

Балалар неге оқымайды?

Human Rights Watch-тың (Әлемдегі 70-ке жуық елдің адам құқықтары бойынша түрлі мониторингтер мен зерттеулер жүргізетін үкіметтік емес ұйым) Еуропа мен Орталық Азиядағы аға зерттеушісі Мира Ритманның (Mihra Rittmann) www.hrw.org сайтында «On the Margins», тікелей тәржімаласақ, «Шетте, жиекте» деген тақырыпта ауқымды зерттеу мақаласы биыл наурызда жарияланды. Тақырыбы мен өзегі «Жол жиегіндегі тіршілік немесе шеттетілген өмір» деген мағынаға сая­тын еңбекке Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу мәселесі арқау болған. Бірнеше адамнан тұратын жұмыс тобы еліміздің бірқатар қаласы мен өңіріндегі арнайы мектеп-интернатында болып, 49 бала және жас азаматпен, сондай-ақ 86 ата-анамен тілдесіп, жауапты министрліктердің, ҮЕҰ, Unicef қорының өкілдерімен кездесіп, нәтижесінде көңілді күпті ететін қорытындыға келіпті. «Қазақстанның Конституциясы барлық баланың жалпы және арнаулы орта білім алу құқығына кепілдік береді. Бірақ Human Rights Watch кей балалардың шын мәнінде ешқандай білім алмайтынын анықтады», деп жазады зерттеу жүргізгендердің жұ­мысын жинақтап жазған М.Ритман. Ол білім алмайтын балалар ретінде «оқы­май­тын» деп танылған немесе ақыл-ой, психоәлеуметтік мүгедектігі бар балаларға арналған психоневрологиялық интернаттарда қоғамға бейімделетіндер мен тәрбиеленетіндерді меңзеген.

Зерттеуді жазуға атсалысқан жұмыс тобы балалар мен жастар арасындағы сауал­да­малардың үзінділерін де жариялапты. Онда дәл осы мақаламыздың кейіпкері де бар. 18 жастағы Ербол көзі көрмейтіндер мен нашар көретіндерге арналған арнайы мектепті аяқтаған соң, жекеменшік-экономикалық колледжге оқуға түседі. Білім алудағы қиындығымен бөліскен Ербол: «Мен алғашында мүгедектігі жоқ жан­дармен бірге оқудан қорықтым. Тобымда 20 адам бар, оның 12-13-і сабаққа келеді. Мен тақтаны көрмеймін, бірақ фото­ға түсіремін, содан кейін көшіремін, бол­маса диктофонды қосамын», дейді.

Ал М.Ритманның: «Unicef қоры берген ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстандағы мүгедектігі бар балаларды қосқанда, 14 мыңға жуық оқушы үйде білім алады. Бұл көрсеткіштің соңғы уақыттағы пайызын білу мақсатында жолдаған 2018 жыл­дың қарашасындағы сұрағымызға Білім және ғылым министрлігі жауап бер­ме­ді», дегенінен ақпарат ала алмайтын жалғыз біз емес екенімізді түсіндік.

 

Ана тілінде білім ала алмайды

Басты кейіпкеріміз Мұхамедтің анасы біз тіпті байыбына бармаған түйткілдің шетін шығарды. «Баламның оқу үлгерімі керемет деп айта алмаймын. Мұғалімдері түсінікті айтпағанына жиі шағымданады. Ол кітап оқығанды жақсы көреді, бірақ мазмұнын айтуға келгенде тілі, сөздік қоры жетпей қиналады. Әрине, оқу тілі өзінің ана тілі емес қой. Мұхамед қазақша оқығанда үздіктер қатарында болар еді», дейді. Мейрамгүлдің айтуынша, баласын беретін арнайы қазақ мектебі алып Алматының өзінде табылмаған. Болғанның өзінде, мектеп-интернаттар тек баста­уышты қазақша оқыта алады. Жоғары сыныптарда Брайль жүйесіндегі оқулықтар жоқ. Сол себепті Мұхамед өзге тілде білім алуға мәжбүр. Ата-анасы да лажсыздан, бастауышты қазақша, кейінгі сыныптарды орысша оқудың оңай болмайтынын бағамдағандықтан берген. Ал біз мұнда барлық бала сапалы білім алуға құқылы деп отырмыз, құқығын өзіміз таптап тұрып һәм баланы ана тілінде білім алу мүмкіндігінен шектей отырып...