Мені қуантқаны, Президент халықтың қиналып жүргенін, қоғамдағы кейбір әлеуметтік мәселелердің асқынып, тереңдеп кеткенін жақсы біледі екен. Көп балалы аналардың жағдайын, зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан балалардың жанайқайын, аз қамтылғандардың ішіндегі өнер адамдарының, кітапханашылардың, мұражай қызметкерлерінің табысы мен тұрмысының төмендігін естіп қана қоймай, өзі құрған Үкімет тетіктері арқылы қаражат бөлдіріп, әлеуметтік күрделі мәселелерді шешудің жолдарын қадағалаймын дегені көпшіліктің көңілінде үміт отын жағып отыр.
Жолдауда өзіме жақын екі сала – ғылым мен мәдениеттің ахуалы туралы аз әңгіме айтылған жоқ. «Абайдың 175 жылдығын қалай атап өтуіміз керек?» деген сауалға Президент толыққанды жауап берді. Өйткені Абай – мәдениетіміздің, рухымыздың өлшемі. Абай қазақтың сақталуы жолында қызмет еткен, халқын ХХ ғасырға, болашаққа дайындаған ұлы ағартушы. Енді Абайдың ұлылығын келер ұрпақтың керегіне, пайдасына жарату біздің кезегіміздегі міндет. Сондай-ақ әл-Фараби турасында айтқан Президенттің парасатпен өрілген сөзін жалпы ғылым жөнінде қорытқан өзекті пайымы деп түсіндім.
Президенттің саяси мағынасы мол, астарлап жеткізіп, анық айтқан бастамасы – Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге қатысты ойы ұлтжанды азаматтардың арасында қазірден қолдау тауып отыр. Бүкіл әлемде геосаяси жағдай қабынып, оның салқыны кішкентай мемлекеттерді шарпып тұрған кезеңде өзіңді-өзің көрсетіп, танытудың таптырмас мүмкіндігі бұл. Бір жағыңда Ресейдің, бір жағыңда Қытайдың үнемі қорқыныш отын үрлеп тұрғанда Алтын Орда хандарының ел тұтастығын сақтау жолындағы өткір саясаты, оның бірнеше ғасыр бойына мызғымай салтанат құруы, сабақтастығын үзбеуі, бүгінгі Ұлытау жеріндегі содан қалған тарихи белгілер ұрпақ есінде жаңғырып жүруі тиіс. Мұны түсінетін адам – түсінеді. Жолдаудың жақсы жағын тізбелей берсем, өте көп, Президентке тілектес адам ретінде бұл үшін тек ризашылығымды білдіремін.
Қ.Тоқаев – әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер. Бүгінгі дүние-дүрмек тынысын бір саясаткердей сезініп отырғандықтан «Қазақстанның үлкен геосаясаттағы орны қандай, ХХІ ғасырдағы халықаралық шиеленістердің ықпал-әсері біздің еліміздің басына қандай қиындықтар туғызуы мүмкін?» деген сұрақтардың жауабы Жолдауда екі ауыз сөзбен түйінделсе де, қамтылып кеткені артық болмас еді. Президент «Жер шетелдіктерге сатылмайды!» деп жұрттың көңіліндегі күмән-күдікке біржола нүкте қойды. Бек ризамыз. Мен – қытайтанушымын. Күні кеше Жаңатас қаласында болғанымда сондағы азаматтардың қаупіне құлақ аспасқа әддің жоқ. Онда «Қытайдың 50-ден астам зауытын елге әкеледі» деген сөз желдей есіп тұр. Бұл жай сыбыс емес. Түбі наразылыққа бастап кетуі әбден мүмкін ел арасында тараған күмәнға Президент өзі араласып, сыбысты өзі сейілткені дұрыс болар еді.
Орталық Азиядағы көрші мемлекеттермен қарым-қатынас мәселесі де «бөлтірік бөрі астынданың» кебін киіп қалмас үшін үнемі назар аударып, арғы жақ-бергі жағын бағдарлап отыруға тиіс басты шаруамыз болып қала беруі керек. Тағдырлас, тамырлас, өзара тату, туыс мемлекеттерміз. Бірақ көршілер арасында «Кім үлкен? Кім кіші?» деген сәтсіздеу сауал кейде «үлкен ағасы», «інісі» деген тұжырыммен түйінделіп, бұл әркімнің геосаясаттағы орнын нұсқағандай әсер қалдыратыны бар. Орталық Азиядағы бес мемлекет шын ынтымақты ортаға айналғысы келсе, бағыттарын айқындап белгілегені жөн. Осы тараптағы Президент саясатының ұстанымы ел үшін маңызды деп есептеймін. Мемлекеттің, ұлттың мүддесін халық білуі тиіс.
Мұрат ӘУЕЗОВ,
қоғам қайраткері, мәдениеттанушы