Қоғам • 05 Қыркүйек, 2019

Арыс қаласындағы жылыту кәсіпорындары жылу маусымына әзір — ЭМ

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы күзгі-қысқы кезеңге отын қоры өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артық екенін Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасы Серік Сүлейменов айтты. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.  

Арыс қаласындағы жылыту кәсіпорындары жылу маусымына әзір — ЭМ

«Жалпы, энергия көздерінің қоймаларында қазіргі таңда 3,7 млн тонна көмір қоры жинақталған. Бұл көмір қоры өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артық. 103 мың тонна мазут қоры бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артық. Бүгінгі күнгі жинақталған отын қоры жылу кезеңін бастау үшін жеткілікті», — деді С. Сүлейменов.

Оның айтуынша, энергетикалық кәсіпорындар отынды келісімшарт бойынша бекітілген кестеге сәйкес сатып алады. 

Сонымен қатар С. Сүлейменов төтенше жағдай салдарынан адамдардың электр тогынан зардап шегу қаупін болдырмау және өрттің шығуының алдын алу мақсатында Арыс қаласының жарық тарату желілері басты шағын станциядан кесілгенін айтты. Арыс қаласына қызметкерлер кіргізілген соң апат салдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Биыл 26 маусымда қаланы жарықтандыру толық қалпына келтірілді. 

«28 маусымда Арыс қаласын және Арыс ауданын электрмен жабдықтаудың таратылуын қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды, қазір Арыс қаласындағы энергия нысандары жылу маусымына әзір», — деп сендірді ол. 

Қаладағы жылумен қамту технологиялық желісінде зақымданулар байқалмады. Бүгінгі таңда қазандықтарда отынның 75%-ы  дайындалған. 

Арыс қаласы бойынша тұтынушылар саны 9 765 абонент, оның ішінде 92 әлеуметтік нысан бар: мектептер саны — 28, ауруханалар — 20, балабақшалар — 28, мешіттер — 10, әкімшілік ғимараттар — 6.