Қоғам • 05 Қыркүйек, 2019

Нұр-Сұлтанда екі құрылыс компаниясы жұмысшыларға 265 миллион теңге берешек

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының екі құрылыс компаниясындағы жалақы бойынша берешек 265 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елорданың жекелеген кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының проблемалық мәселелеріне арналған кеңес барысында мәлімдеді.

Нұр-Сұлтанда екі құрылыс компаниясы жұмысшыларға 265 миллион теңге берешек

«Негізгі проблема - жалақының уақтылы төленбеуі. Қазіргі уақытта республиканың жұмыс істеп тұрған 39 кәсіпорнында жалақы бойынша мерзімі өткен берешек сомасы 1,8 мың жұмыскерге 683 миллион теңгені құрайды. Елордада заң талаптарын ескермейтін және 2 айдан астам уақыт жұмысшыларына жалақы төлемейтін кәсіпорын басшылары да кездеседі. Бұл, ең алдымен, «Шар-Құрылыс» ЖШС (326 жұмыскерге 206,5 млн. теңге) және «ДжиЭлБи» ЖШС (10 жұмыскерге 59 млн. теңге), жалпы қарызы 265 млн. теңге », – деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар жалақыны ұзақ уақытқа кешіктіру фактілері «Мостостроительный отряд – 25 им. Рязанова» ЖШС-да көптеген жанжалдың себебі болып отыр. Бүгінгі таңда республикадағы бұл компанияның жалпы берешегі 30 миллион теңгеден асады, оның 5 миллион теңгесі Нұр-Сұлтан қаласында әлі төленбеген, ал жұмыскерлер осы жылдың қыркүйегінде тағы да наразылық митингісін ұйымдастырды

«Келесі проблемалық мәселе – банкротқа ұшыраған кәсіпорындардағы жалақы бойынша берешек. Республика бойынша 86 кәсіпорында 2,3 мың жұмысшы алдындағы қарызы 983 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы 4 банкроттық кәсіпорынның 9,4 млн теңге берешегі бар», – деп толықтырды министр.