Әдебиет • 06 Қыркүйек, 2019

Елордада «Қаламгерлер аллеясы» ашылды

620 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше елордада басталған Азия қаламгерлерінің І форумы аясында бас қаланың Абай мен Сембинов көшелерінің қиылысында «Қаламгерлер аллеясы» ашылды.

Елордада «Қаламгерлер аллеясы» ашылды

Іс-шараны жүргізген Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиа­лының директоры Дәулеткерей Кәп­ұлы:

– Сарыарқаның сайын даласын дүбірлеткен кіндік Азияның қара­шаңырағы – Қазақ елі кешеден бері Азия елдері қаламгерлерінің форумын өт­кізіп жатыр. Бүгінгі іс-шара қазақ ру­ханиятына, ақын-жазушыларға жо­ғары деңгейде көңіл бөлініп жат­қа­ны­ның айғағы», – дей келе, сөз кезегін қа­ла әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенге берді.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орын­­басары Бақтияр Мәкен жиналған қонақтарды – қазақтың марғасқа қа­лам­герлерін қала басшысы атынан мерекелерімен шын жүректен құт­тықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Сондай-ақ өз кезегінде сөз алған Олжас Сүлейменов пен Ұлықбек Ес­дәулет те әріптестерін айтулы іс-шара­мен құттықтап, ізгі тілегін жет­кізді.

Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаевтың айтуына қарағанда, елорданың Сары­арқа ауданында орналасқан ал­леяға «Қаламгерлер аллеясы» деген атау беру­ді ұсынған.

Еске сала кетсек, «Қаламгерлер аллеясы» Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әде­биетін, рухани құндылықтарын дә­ріптеу, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу мақ­сатында Қазақстан Жазушылар одағы, Президент Әкімшілігінің және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің І форумы аясында Нұр-Сұлтан қаласында ашылды.

Қазіргі таңда аллеяға арнайы ескерткіш тақта орнатылды. Ескерт­кіш тақта білімді, даналықты, шығар­машылықты білдіретін ашық тұрған кітап бейнесінде берілген. Ескерткіш тақта биіктігі – 150 см, ені – 165 см.