Президент • 06 Қыркүйек, 2019

Президент Қ.Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды тапсырма берді

514 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында елімізде мұнай өндіру көрсеткіші 25 млн тонна ғана болған еді. Өткен жылы 90 млн тоннаға жетті. 1991 жылдан бері Қазақстанда 1,5 млрд тоннадан астам мұнай, 740 млрд текше метр газ өндірілді. Соның нәтижесінде ұлттық қорға 31,6 трлн теңге кіріс кірді. Бұл деректер Атырауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтылды.

Президент Қ.Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды тапсырма берді

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде отын-энергетика кешенінің Қазақстан экономикасында үлкен рөл атқаратынын айтты. Президент мұнай-газ саласын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты міндет қойды.

Мемлекет басшысы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты кен орындарына қатысты ауқымды жобаларды одан әрі жүзеге асыру қажеттігіне тоқ­талды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қаша­ғандағы мұнай өндіру деңгейін жүйелі негізде арт­тыру мақсатында Үкіметке Кон­сор­циум­ның мердігер компанияларымен бірлесіп, Қашаған кен орнын толыққанды игерудің Жол картасын келісуді тапсырды.

Президент еліміздің батыстағы кен орын­дарынан республиканың өзге өңір­леріне мұнай тасымалдау мәселесіне арнайы тоқталып «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырын салу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Со­нымен қатар Мемлекет басшысы отандық нарыққа жеткізілетін мұнайдың ықтимал азаюына байланысты алаңдаушылық білдірді.

– Ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету негізінен Ақтөбе және Қызылорда об­лыстарының кен орындары есебінен жү­зеге асырылып отыр. Осы жағдайды ес­керсек, отандық мұнай өңдеу зауыт­тарында өңделетін мұнай көлемінің төмен­деу қаупі бар. Ресурстарымызды барын­ша тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты ұсыныстар енгізуі қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ-химия саласының дамуы экономиканы жаңғыртудың маңызды бағыты екенін атады.

– Мұнай-газ-химия саласы эко­но­­ми­каның басқа салаларына муль­типликативті ықпал етеді. Әлемде мұнай-газ-химия саласындағы көмірсутегі шикізатының қолданылу үлесі 34%, ал Қазақстанда өте аз. Полипропилен мен полиэтилен өндіру жөніндегі жобалардың іске асырылуы ішкі жалпы өнімнің жылдық өсімін орташа есеппен 1,5 пайызға жеткізуге мүмкіндік берер еді, – деп санайды Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті газ саласын дамытудың басымдығын арнайы атап өтіп, газ құбыры жүйесін дамыту ісінде жақсы нәтижелер бар екенін айтты. Бұл ретте, ол Үкіметтің назарын халықты газбен қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.

– Елімізді газбен қамту деңгейі 50 пайызды құрайды. Бұл – 9 миллион халық деген сөз. «Сарыарқа» магистралды газ құбыры құрылысының жобасын іске асыру нәтижесінде еліміздің қосымша 2,7 миллион халқы газбен қамтамасыз етіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстандағы геоло­гия­лық барлау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарын күшейту арқылы минералды шикізат қорын сапалы толықтыру керек.

– Біз осы саладағы заңнаманы жетіл­дір­дік. Енді осы бағытта нақты қадамдар жасау керек. Үкіметке 2020 жылдың 1 наурызына дейін әлемдегі минералдық-шикізат ресурстарына сұраныстың ұзақ мерзімді болжамын ескере отырып, геологиялық барлау бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай серви­сінің индустриясы экономиканы әртарап­тандыру және өсу драйверлерінің бірі болатынын атап көрсетті. Мемлекет басшысы бұл мәселеде мұ­най сервистерінен түсетін табыстың кө­мір­сутегі экспорты табысынан асып түсетін Норвегияның тәжірибесін басшылыққа алуды ұсынды.

– Мұнай мен газ өндіруді арттыра отырып, біз заманауи мұнай сервисі кластерін құруға тиіспіз. Мұнай сервисі отандық шағын және орта бизнесті да­мытуға, өнімді жұмыс орындарын ашуға, қо­сымша құны жоғары өндірістерді оқ­шаулауға айтарлықтай серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент экологияны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікі­рінше, заманауи технологияларды пай­далану, ескірген жабдықтарды жаңар­ту, шығарындыларды азайту, мұнай мен газ ысырабының алдын алу қажет. Мем­лекет басшысы бұл жұмыстар бойын­ша мұнай-газ компанияларының ақпа­раттық ашықтығын және олардың эко­логиялық жауапкершілігін арттыру басты басымдыққа ие болатынын айтты.

Кеңейтілген кеңес барысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, «Лукойл» ААҚ Ресей мұнай-газ компаниясының президенті Вагит Алекперов, сондай-ақ «Теңізшевройл», «NCOC» және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компанияларының басшылары баяндама жасады.

«Елбасының стратегиялық дұрыс шешімінің арқасында мұнай саласына Шеврон, Аджип, Шелл, Тоталь, СНПС сияқты әлемдегі ең озық компаниялар инвестициялар мен технологиялар алып келді. Әр жаңа жоба жүзеге асқан сайын мұнай саласы өз қуаты мен жаңа әлеуетін ұлғайтты», деді кеңейтілген кеңесте сөз сөйлеген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Министр Каспий мұнай құбыры арқылы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарынан мұнайды экспорттауға ең қысқа жол мен тиімді экономикалық жағдайлар жасалғанын атап өтті. Қара алтын экспортының бағыты 36 елге кеңейді. Қарқынды жұмыстар Қазақстанды мұнай экспорттаушы көшбасшы елдердің қатарына қосты. Қазір елімізде 300-ден астам мұнай кен орны игеріліп жатыр. Қара алтын қоры бойынша 12-орынға көтерілдік. Бұл – үлкен жетістік. Алдағы меже де осал емес: 2025 жылға қарай мұнай өндіру көлемі 105 млн тоннадан асады. Қаламқас-Теңіз, Исатай, Жеңіс, Абай, Хазар жобаларына салынатын инвестициялардың жалпы көлемі де
5 млрд АҚШ долларына жетеді деген жос­пар бар.

«Теңіздегі жобалармен қатар еліміз­дегі аз зерттелген перспективалы аумақтарда геологиялық барлауды жандандыру қолға алынады», деді Қанат Бозымбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан мұнай-газ саласының 120 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, еліміздегі мұнай-газ кешенінің барша еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мұнай өнеркәсібінің терең әрі даңқты тарихы жөнінде айта келіп, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында еліміздің тәуелсіз мұнай-газ индустриясын қалыптастыру үдерісінде қиындықтарға тап болғанын еске салды. Осы орайда бұл саланы дамыту үшін шетелден капитал тарту ісіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы мұнай өнеркәсібінің жетістіктеріне қысқаша тоқталды. Соның ішінде мұнай саласында заманауи технология мен озық тәжірибені меңгерген отандық мамандардың қатары көбейгенін айтты. Бүгінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сы Chevron, ExxonMobil, Shell, Лукойл, Eni, Total, CNPC сияқты корпорациялармен және басқа да компаниялармен ірі жобаларды табысты жүзеге асырып келеді.
Мемлекет басшысы отандық мұ­най­шы­лардың ұрпақ сабақтастығына арнайы тоқталды. Ол Қазақстан мұнай өнер­кәсібінің негізін қалаушы, Аты­рау мұнай-газ университетіне аты беріл­ген Сафи Өтебаевтың осы саланың қалып­тасуына зор үлес қосқанын атап өтті. Президент мұнай-газ саласындағы қыз­мет­керлердің жинаған тәжірибесі мен білімі азаматтарымыздың тұрмысын одан әрі гүлдендіруге және жақсартуға септігін тигізетін маңызды салалық жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді деп санайды.

Баяндамада мұнайшылар шешуге тиісті бірқатар маңызды міндет айтылды.

– Саланы дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай мұнай өндіру жылына 100 миллион тоннадан, ал газ жылына 77 миллиард текше метрден асуы тиіс. Осы мақсатта 2021-2025 жылдарға арналған ауқымды геологиялық барлау бағдарламасы әзірленуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның жалпы ресурстық әлеуеті 75 миллиард тонна шартты отын болса, Орталық және Солтүстік Қазақстанның әлеуетті ресурсы шамамен 18 миллиард тоннаны құрайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның дайын мұнай өнімдерін сату ісіндегі көшбасшылардың бірі болуы тиіс деген пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл – Үкіметтің алдағы жылдардағы атқаратын басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте, Президент осы салаға инновация­ларды енгізуге, шикізат өндіру және оны әрі қарай қайта өңдеу үдерісінің экологиялық тазалығын арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті.

– 2025 жылға қарай, ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл менің Қазақстан халқына арналған Жолдауымда айтылды. Осы мақсаттарға қол жеткізу барысында еліміздің мұнай-газ секторы үлкен рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ өнеркәсібінің үздік 41 қызметкерін марапаттады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Атырау облысына жұмыс сапарын «Жігермұнайсервис» ЖШС-на барудан бастаған болатын. Президент роботты дәнекерлеу әдісін пайдалана отырып, мұнай металл құрылғысын шығаратын мұнай сервисі кәсіпорнының жұмысымен танысты. Компанияның көрсететін қызметтерінің тізіміне бұрғылау және мұнай кәсіпорнының құрал-жабдықтарын дайындау, мұнай-газ кен орындарын орналастыру жұмыстары кіреді.