Әдебиет • 06 Қыркүйек, 2019

Адамзаттың алып ақыны

453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл адамзаттың алып ақыны, неміс халқының ұлы перзенті, Энгельсше айтсақ, «Кейде орасан зор ұлы ақын, кейде жұпыны, кейде дүниеге пысқырмайтын, бас имейтін тәкаппар данышпан, кейде сақ, баршаға разы» Иоганн Вольфганг фон Гётенің туғанына 270 жыл толды. «Мені патшалықтар мен тақтардың ойрандалуы емес, қарапайым шаруаның құжырасы өртенгені қынжылтады», деп күңіренетін неміс баласының туған күнін қазақ елі де елеусіз қалдырған жоқ.

Адамзаттың алып ақыны

Жуырда Ұлттық академиялық кітап­ханада немістің ұлы ақыны, ойшыл, драматург, прозаик, философ И.В.Гётенің туғанына 270 жыл толуына орай «Адамзаттың алып ақыны» атты поэтикалық кеш өтті.

Жазушы Баянғали Әлімжанов модера­торлық еткен жиын барысында Төрегелді Тұяқбайдың аудармасымен жарық көрген Гётенің «Батыс-шығыс жинағы» атты неміс, қазақ тілдеріндегі кітабының тұсаукесері өтіп, «гёте – 270 жаста» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Әдеби кешке қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Әлемдегі ұлы адамдардың бәрі өзінің шыққан тегіне ғана байланысты емес, жалпы адамзатқа ортақ тұлғалар. Гёте өлеңі Абайдың жанын тебірентті, күйге бөледі. Егер одан әсер алмаса, Абай «Қараңғы түнде тау қалғыпты» мөлдіретіп аудармас еді. Қазақ сахарасының бір түкпірінде жатып, дүниенің асыл-маржанын жинаған Абай арқылы біз Гётені таныдық», деп ойын ортаға салды.

Қазақ пен неміс халықтарының жақын­дығына тоқталған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев: «Қазақ жерінде Гётеге деген қызығушылық бір жарым ғасыр бұрын басталған. Әлі де жалғасуда. Оның еңбектері ұлы Абай­дың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің, Т.Құрмановтың, т.б. қазақ ақындарының аудармалары арқасында бұқара халыққа жетті. Немістің ұлы перзентінің тойы хакім Абайдың 175 жылдығының қарса­ңында атап өтілуі зор символикалық мәнге ие. Герольд Бельгердің сөзімен аяқтасам, «Ұлы адамдардың, оның ішінде әр халықтың дана ақындарының арасында рухани жақындықтың, рухани татуластықтың, тіпті туысқандықтың бары анық болса сол жақындық, сол туыстық Гёте мен Абай шығармасында айрықша білінеді», деді.

Өз кезегінде қоғам қайраткері, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Альберт Рау сөз алып, қазақ пен неміс халқының арасындағы бейбіт тіршілікке және қос ұлттың ұлы ақындарының мерейтойы Арқа төрінде тойланып жатқанына ризашылығын білдірді.

Ал академик Әділ Ахметов: «Дүние жүзінің жүзге тарта мемлекетінде Гётенің 150-ге жуық институты бар. Біздің елде де үш-төртеуі болуы керек. Ал Кон­фу­цийдікі 300-ден асып жығылады. «Адам­­заттың бәрін сүй» деген ұлы Абай­дың бірде-бір институты жоқ. Абайды жер жүзіне жаймай-ақ қояйық. Түркі тілдес мемлекеттердің ішінде бір-бір инс­титуттың филиалдарын ашуға болады ғой», деп билік өкілдеріне көкейдегі ұсынысын жеткізді.

Ильменауға таяу жердегі Кикельхан тауының төбесіндегі ағаш үйдің қабырғасына 1780 жылдың қыркүйек айының 6-нан 7-не қараған түні Гёте қарындашпен жазған «Жиһанкездің түнгі жыры» («Wanderers Nachtlied») міне, 240 жыл бойы сан тілге аударылып, түрлі тағдырлардың жансарайына әсер етіп келеді. М.Ю.Лермонтовтың жан дүниесін баурап алғаны, кейіннен В.Г.Белинский жазғандай «сынын кетірмей» орыс тілінде сөйлетуі екі құрлықтағы ақындардың рухани үндестігін көрсетті. Жарты ғасырдан соң қалың сахараның төсіне Абай аудармасымен «қараңғы түнде тау қалғытып» келген сегіз жол өлеңнен жан тербетер күйді сезесің. Әуезіне елтисің. Сонда барып үш халықты үндестірген жарасымдылықтың ең биік дәрежесіндегі үйлесімге еріксіз бас иесің. «Адамзаттың алып ақыны» дейтініміз де осыдан болса керек.