Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2019

Қостанайда «Әке – асқар тау» атты П әкелер фестивалі өтті

506 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайдағы бұл шараны өткен жылы Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі ойлап тапқан болатын. Аналар бастамасы көпшілікке ұнағандықтан жыл сайын дәстүрлі өтетін болып келісілді.

Қостанайда «Әке – асқар тау» атты П әкелер фестивалі өтті

«Бұл шараны өткізу еріккеннің ермегі емес. Өкінішке қарай соңғы жылдары отбасындағы әкелер рөлі төмендеп кетті, бала тәрбиесі тек әйелдің ғана шаруасы сияқты көрінеді, әкелер бұл істен сырт қалып жатады. Ал бұл жастардың әке болуға дайындығын нашарлатады, ата-аналық борышын, әкелік бақытын сезінбеуге әкеледі. Қазір аналар отбасындағы барлық істі өз мойнына алады. Оның ішінде бала тәрбиесіне, оны киіндіруге, білім беруге өзін жауапты санайды. Бірақ қандай алтын ана болса да ол әкенің орнын толтыра алмайды. Фестивальдің өтуіне қуаныштымын, бұл отбасы берекесі мен әкенің ролін нығайта түседі деп сенемін» деді педагог Марионелла Слесарь.

Шараға қатысуға облыстың барлық аудандарынан 18 әке өтініш берген екен. Олар үйде балалармен, жұбайымен қалай қарым-қатынас жасайтынын, жалпы өзінің отбасындағы күнделікті тіршілікті бейне таспаға жазып, шағын сюжет жасап өткізген. Қазылар алқасы соның ішінен іріктеп 7 әкені таңдап алды. Оза шыққан жеті әке Достық үйінде өткен фестивальде марапатталды.

– Мен балаларымды өзім көрсеткен үлгімен тәрбиелеймін.Үйде менің «асқар тауым» әкем болды. Бізді ол үлкенді, анамызды, әкені сыйлауға үйретті. Ата-анамыз бізге еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен және татулығымен үлгі көрсетті. Менің балаларым өнерлі, ашық мінезді, ақылды, отбасының ар-ұятын ойлайтын азаматтар болса деп армандаймын» деді байқауға қатысқан әке Марат Ысқақов.

Фестивальде жүлдегер болған жоқ, олардың қатысқанының өзі жеңіспен бірдей еді. Олар әр түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Сот орындаушы болып істейтін Марат Ысқақов «Ең үздік папа» номинациясы бойынша, Лисаков қаласынан келген Жасұлан Шайхитденов «Ең өнегелі папа», заңгер әрі спортшы Ильдар Мұхамедзьянов «Ең спортшы папа», Ұзынкөл ауданына келген шекарашы Ербол Мамырқанов «Қолы алтын папа», Әулиекөл ауданынан келген өнер мектебінің мұғалімі Азамат Сақауов «Ең шығармашыл папа», қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын қостанайлық автослесарь Александр Петров «Қоғамдық белсенді папа», Майлин ауданының тұрғыны, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ренат Каримов «Ең үлгілі әке» атанды. Олар марапаттарын қосағымен қоса ағарып отырған қариялар Мырзабай мен Шаризат Жаманбалиндердің қолынан алды, бақытты қариялар оларға батасын берді.

 

Қостанай