20 Наурыз, 2010

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ

929 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Парламент Мәжілісінің ұйытқы болуымен “Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі” атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Ұзақ жылдардан бері арқауы ұзарған әңгімеге заң шығарушы органның жіті мән беруін жақсылықтың нышаны деп білдік. Алғашқы сөз алған Парламент Мәжілісінің Төрағасы, “Нұр Отан” ХДП фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов  тәуелсіз еліміздің арғы-бергі тарихындағы тілдің тағдыр-талайы туралы тара­тып айта келіп, осы уақыт ішінде біз бір жерді шиырлап тұрмыз ба, әлде тындырғандарымыз бар ма деген көкейкесті сұрақты ортаға тастады. Оған нақты дәлел-дәйек­термен өзі жауап берді. Тілдің тірегі отбасы, балабақша, мектеп екенін еске салып, он жылда 648 бала­бақ­ша ашылғанын, 900-ден аса мектеп бой түзегенін, бір кездері мемле­кеттік тілде оқитын бала 22 пайыз­ды құраса, бұл көрсеткіш қазір 62 пайызға жеткенін, қазақ балалары­ның 84 пайызы өз тілінде білім алатынын назарға салып, жалпы әңгімені қойып, нақты іске көше­тін кез жеткенін, терминоло­гия­дағы ала-құлалықтан арылу,  аударма мен сөз жаса­лымды бір ізге келтіру мәселесін, теледидардағы олқылықтарды оңал­туды, қазақ мектептерінің, оның ішінде ұлт мектептерінің беделін көтеруді, бір тілде сөйлеу – бірлік бастауы, өзімізді-өзіміз жаттай сыйлағанда ғана, ел тілін  білетін, ел патриоты болып шығатынымыз туралы тайға басқан таңбадай етіп жеткізді. Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев ұлттық білім беру жүйесіндегі мемлекеттік тілді дамытудың бағыт-бағдары жайлы айтып, тілді жетілдірудің бес бағы­ты бойынша атқарылатын жұмыс­тарға тоқталды. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік тілдің жайын тереңнен тартып, кеңі­нен қамтып, тілді меңгерту бой­ынша министрлік 11 бағыт бой­ынша жұмыс жүргізіп жатқанын, нақтылай түссек, мектепке дейінгі мекемелерде, яғни балабақша­лар­дағы бүлдіршіндерге арналған осы заманғы кешенді әдістемелік жүйе жасау және соған қарай қажетті оқу құралдарын шығару Елбасы Жол­дауында тапсырылған “Балапан” бағдарламасымен ұштастырыла­ты­нын көлденең тарта келіп, қазақ тілінің мемлекеттік қызмет жүйе­сіндегі өрісін кеңейту, ең бастысы – мемлекеттік қызметшілердің тіл білу жөніндегі жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік тілді заманға сай ақпараттандыру, теледидар бағ­дарламаларындағы оралымсыз­дық­ты оңтайландыру, тағы басқалар туралы нақты тұжырымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Ал тіл туралы заңның орындалу барысы жайлы Бас прокурордың орынбасары Мұхтар Жөргенбаев  ой сабақтап, 2001 жылдан бері мем­лекеттік тілге бөлінген қаржының миллионнан миллиардтаған теңгеге артқанын, бірақ іс қағаздарын жүр­гізу мен құжат алмасу әлі де болса ресми тілде (75 пайыз) жүретінін, соңғы төрт жыл ішіндегі тексеру­лерге қарағанда мыңға тарта заң бұзушылықтардың орын алғанын атап көрсетті. Тіпті тілге бөлінген ақшаның талан-таражға түсіп, орын­сыз жұмсалғаны да анық­талған. Сол секілді заң талаптарына жүрдім-бардым қарайтын азамат­тар­дың да аз кездеспейтінін, кейбір шетелдік фирмалардың отандас­тары­мыздан ағылшын тілін білуді талап ететінін, прокурорлық тек­серу барысында ондайларға шара қолданылғанын атап өтіп, тіл мәселесіндегі тәртіп заң аясында мүлтіксіз орындалуы қажет екеніне екпін түсірді. Негізгі баяндамалардан кейінгі жарыссөзге Парламент Сенатының депутаты Ғ.Есім қатысып, қазақ тілі – елдіктің рухани өлшемі деп ел тұтастығы тіл тұтастығында жат­қа­нын, кеңес заманында қазақ тілі ұлт тілі делініп келсе, қазір мем­лекеттік тіл дәрежесіне көтерілгенін көлденең тартты. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының прези­денті, академик Ө.Айтбаев тілді дамыту­дағы қоғамдық ұйымдардың рөліне тоқталып, елдік мәселелерді көтерді. Әсіресе, Байқоңырдағы қазақ балаларының өзге мем­ле­кеттің білім бағдарламасымен оқып жатқанына  алаңдаушылығын білдірді. Павлодар облысының әкімі Б.Сағынтаев жергілікті билік органдарының іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру жөніндегі жұмысы және өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге қол жеткізуінің әкімшілік ұйымдастыру тетіктері жайлы ой өрбітсе, Мәжіліс депутаты Б.Бекжанов тіл туралы заңды жетілдіру туралы мәселе қозғады. Мәжіліс депутаты Е.Тарасенко тіл намысы — ел намысы деді. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ш.Құрманбайұлы тіл саясатын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін, ал Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра мең­герушісі Ф.Оразбаева қазақ тілін оқыту әдістемесі мен стандарты туралы ащы да болса ақиқатты алға тартты. Мәжіліс депутаты В.Ви­шниченко мемлекеттік тілді дамыту ісінде Қазақстан халқы Ассам­блея­сы қосып отырған үлеске тоқ­талды. Әл-Фараби атындағы Ұлт­тық университеттің магистран­ты А.Данченко сөзін өзі шығарған өлеңмен бастап, қазақ тіліне жастай тәнті болғанын, қазір мемлекеттік тілдің жанашырлары тіл тағдыры туралы айтып та, жазып та жат­қанын жеткізді. Өзге тілдерді білген сөзсіз жақсы, бірақ Қазақстанда тұратын қазақтарға өз ана тілін білмеу – ұят. Өзін өз елінің азама­тымын деп есептейтін қандайда өзге этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуі – басты міндет, деді. Ғылыми-практикалық конфе­рен­ция пленарлық отырыстан кейін секцияларда жұмыс жасап, мемлекеттік тілді дамытудың заң­на­малық негіздері, өзге де мәсе­лелер бойынша  пікір алмасылды. Алқалы жиын туралы толық­қанды материал газеттің алдағы нөмірлерінің бірінде жарияланатын болады. Сүлеймен МӘМЕТ.