– Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Абзал Нүкенұлы Нүкенов облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл міндетке бірден бірнеше бағыт кіреді: білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, тіл саясаты, ішкі саяси тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, жастармен және БАҚ-пен жұмыс, – деді Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, облыс әкімінің өкімімен орынбасарларының міндеттері қайта қаралды. Әлеуметтік қорғау, халықты жұмыспен қамту және еңбек қатынастары мәселелеріне облыс әкімінің өнеркәсіп және ШОБ дамыту жөніндегі орынбасары Алмас Айдаров жетекшілік ететін болды.
Абзал Нүкенов 1978 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «саясаттанушы, саясаттану оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдады. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 2000 жылы «Отан» республикалық саяси партиясында бастады. 2005 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Алматы қаласы Ішкі саясат департаментінің бөлім басшысы, кейін Алматы қаласындағы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
Одан кейін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің заманауи зерттеулер институтын басқарды. Осы ЖОО-да заң жобаларын құқықтық сараптау және заманауи зерттеулер институты директорының орынбасары болған.
2011-2016 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде Қауіпсіздік Кеңесінің Ахуалдық орталығының меңгерушісі болып қызмет етті.
2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі болды.
2018 жылдың тамыз айынан қазіргі уақытқа дейін «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Қарағанды облысы