Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2019

Тараздықтар Президент Жолдауын талқылады

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын тараздықтар да талқылады. Тараз қалалық әкімдігінде өткен жиынға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары, Тараз қаласы бойынша ақпараттық топтың жетекшісі Бекболат Орынбеков, Президент Жолдауын түсіндіру жөніндегі облыстық, қалалық  ақпараттық топтардың мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, оқу орындары мен денсаулық сақтау мекемелерінің, қала әкімдігі бөлімдерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Тараздықтар Президент Жолдауын талқылады

Жиында баяндама жасаған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай «Қазақстан Республикасының Президенті халыққа арнаған Жолдауында ел дамуының сапалы жаңа деңгейіне шығуы үшін атқарылуы тиіс жұмыстардың басым бағыттарын белгілеп берді», дей келе Мемлекет басшысы Жолдауының маңыздылығына тоқталды. «Тараз қаласы бойынша 2019 жылдың тамызына инфляция деңгейі 102,6 пайызды құрады. Нәтижесінде, 23 азық-түлік тауардың бағасы төмендеуі байқалса, 4 түрі бойынша бағалары өскен. Осыған байланысты, бөлшек сауда объектілерінде үстеме бағаларды 15 пайыздан асырмау, отандық өнім үлесін 30 пайыздан төмендетпеу және оларға рұқсат етілген шекті бағаларды заңға сәйкес белгілеу шаралары бақылауға алынады», деді ол.

«Осы жылы жалпы құны 4,0 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Онда 447 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Тараз қаласының аумағында республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құру жұмыстары жоспарланып отыр. Индустриялық аймаққа 100 гектар жер учаскесі бөлінген. Ендігі кезекте инфрақұрылым жүргізу үшін қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі энергетика және кәсіпкерлік басқармаларымен бірлесе отырып, жобалау жұмыстарын жеделдету қажет. Бүгінгі күнге тіркеуге алынған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі жұмыс жасайтындарының саны 27 672 бірлікті құрап, үлесі  76,9 пайызға жетті. Ол, өткен жылдың осы кезеңіне 6,3 пайызға артып отыр.

«Бизнестің жол картасы – 2020»  бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 8 айында 1,2 миллиард теңгеге 15 жаңа жоба қолдау алды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2-ші бағыты аясында 240,8, миллион теңгеге 19 жоба несиелендіріліп, 8 жобаның несиесі 65,4 миллион теңгеге кепілдендірілді», деді қала әкімінің орынбасары. Сонымен қатар, Кенжебек Олжабай Президент Жолдауында айтылған барлық мәселеге де арнайы тоқталып, бұл ретте тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Жиында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, облыстық ақпараттық топтың мүшесі Ержан Әмірбекұлы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Жамбыл облыстық филиалының директоры  Бақытжан Исақов, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанаділ Оспанов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры Әбдіманат Еспаев, «Освобождение Юг» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бағжанов және Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Роза Әлібековалар өз салалары бойынша сөз алып, Жолдауда айтылған мәселелердің маңыздылығына тоқталды. Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды  мерзімінде орындау міндет екенін, барлық азаматтар бар-күш жігерін Президент Жолдауында белгілеген міндеттерді іске асыруға жұмсау керектігін айта келіп, жиынды қорытындылады.

 

Жамбыл облысы