Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2019

Ақтаудағы мектепте күн станциясы іске қосылды

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Мектептерге күн энергиясы» жобасының екінші кезеңі жүзеге асты. Білім ордасында күн станциялары іске қосылды.

Ақтаудағы мектепте күн станциясы іске қосылды

Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күлаш Шамшидинова және «Шелл Қазақстан» компаниясының өкілдері қатысты.

Енді оқу орнының территориясына орнатылған 320 панель тұтынылатын электр энергиясын 30%-ға дейін үнемдейді. Құрылғы 100 квт/сағ энергия өндіреді.
Күн станцияларының іске қосу құрметі «Шелл Қазақстан» компаниясының коммерциялық мәселелер жөніндегі бас менеджері Эйден Мерфи мен білім ордасындағы 12-сынып оқушысы, көптеген республикалық, халықаралық байқаулар жеңімпазы Ғаламмадин Асқарға бұйырды.

-Зияткерлік мектептерде екінші жыл жүзеге асырылатын «Мектептерге күн энергиясы» жобасы біз үшін басымдық болып табылады. Бұл STEM-білім беруді енгізу үшін және ең бастысы, оқушыларымыздың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеу үшін табысты жоба. Бүгінде орнатылған күн жүйелері мектептердің энергия тұтынуын шамамен төрттен бір бөлікке төмендетуге мүмкіндік береді және бұл жасыл экономиканың жаһандық мәнін дәлелдейтін көрсеткіш, - деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова салтанатты шара барысында.

«Мектептерге күн энергиясы» - «Шелл» әлемдік мұнай-газ брендінің пилоттық жобасы 2018 жылдың 1 желтоқсанында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала мұрагелері» форумында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа таныстырылған болатын. Жоба Энергетика министрлігі, «Шелл» компаниясы және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бірлескен меморандумы аясында жүзеге асып отыр.

«Шелл» компаниясынан ең алғашқы күн энергиясын 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі алған болатын. Мұнда 100 Квт/сағ қуаты бар фотоэлектрлі панельдері орнатылған көлік тұрағы салынды. Биылғы жылы Орал, Атырау, Алматы қалаларындағы білім ошақтарында осындай күн станциялары орнатылады.

Маңғыстау облысы