Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2019

Маңғыстауда «Парасатты полицей» байқауы аяқталды

596 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен сақшылар арасында өткен «Парасатты полицей» 10-шы республикалық байқауы қорытындыланды. Бұл туралы Маңғыстау облысы Полиция департаменті Баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстауда «Парасатты полицей» байқауы аяқталды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары А. Заппаров барша қатысушыларды құттықтап, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшылары мен жеке құрамына байқауды ұйымдастырғандары үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ, Арыстанғани Расылханұлы Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Трұмовқа ІІМ атынан алғыс білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Қазылар алқасы шешімімен үшінші орынға 3 команда - Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің «15-өңір», Жамбыл облысы Полиция департаментінің «Тараз қырандары» және Ақмола облысы Полиция департаментінің «Көкше сақшылары» командалары ие болды.
Ерекше өнер көрсетіп, екінші орынға ие болған Шымкент қаласы Полиция департаментінің «Мегаполис» пен Ақтөбе облысы Полиция департаментінің «Серт береміз!» командалары болды.
Республикалық байқауда жүзден жүйрік шығып, жүлделі бірінші орын жүлдесімен Көліктегі Полиция департаментінің «Көлік сақшылары» командасы марапатталды.
Парасаттылық танытып, ең үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені Алматы облысы Полиция департаментінің «Жетісу арландары» командасы иемденді.
Сондай-ақ, номинациялау кезеңінде «Актерлік шеберлігі үшін» номинациясымен Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің «Жетінші аймақ» командасы марапатталды. Ал, «Тілі басқа, тілегі бір» номинациясымен Павлодар облысы Полиция департаментінің «Сарыарқа сақшылары» командасы, «Көркем сөз шебері» номинациясымен Қостанай облысы Полиция департаментінің «Алаш ұлы» командасы марапатталды. ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының «Полиция ажары» командасына «Ұйымшыл команда» номинациясы жүлдесі табысталса, Қызылорда облысы Полиция департаментінің «Сыр сарбаздары» командасы өнерімен «Өнерлі команда» атанды. Атырау облысы Полиция департаментінің «Елдің баласы» командасы ерекше көзге түсіп, «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов байқауда жүлделі орындарға ие болмағанмен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда белсенділік танытып, өнер көрсеткен 8 командаға Маңғыстау облысы әкімінің атынан алғыс хаттар табыстады.
Олар - Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің «Алтын Алтай», Түркістан облысы Полиция департаментінің «Түркістан қырандары», Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Елорда», Алматы қаласы Полиция департаментінің «Полиция жастары», ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының «Алатау қырандары», ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының «Қабылбаев ұрпақтары», ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы заң институтының «Бөкенбаев барыстары», Қарағанды облысы Полиция департаментінің «Алаш айбыны» командалары.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қ.Таймерденов жүлделі орындар мен марапаттарға ие болған командаларды құттықтап, Ішкі істер министрлігіне ерекше алғыс білдіріп, дәстүрге айналған «Парасатты полицей» республикалық байқаудың рәмізін 2020 жылы аталған байқау өтетін Ақмола облысы Полиция департаментіне табыстады. Ақмола полицейлері марафонды қабыл алып, көрермендерге ән шашуын сыйлады.
Әр команда мүшелері бағалы сыйлықтар мен марапаттарға, команда жетекшілері де арнайы сыйлықтарға ие болды. Естелікке киелі Маңғыстау өлкесі туралы кітап табысталды.

Маңғыстау облысы