Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2019

Құсайын Сәрсенбай: Басты өлшем – экологиялық таза өнім өндіру

793 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялау кезінде елімізде агроөнеркәсіптік кешеннің алдында тұрған міндеттер мен даму перспективаларын саралап берді. Әрі сала қызметкерлерінің алдына тың міндеттер жүктеді. Біз Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын мәселелерге байланысты Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбайға бірер сауал қойған едік.

Құсайын Сәрсенбай: Басты өлшем –  экологиялық  таза өнім өндіру

– Құсайын Іскендірұлы, Мемлекет басшысының агро­өнеркәсіп кешенін түбе­гейлі жаңғырту жөніндегі тұжырымдары мен талаптары сізге қандай ой салды?

– Ауыл шаруашылығында елімізде белгілі қалыптасқан жүйе бар екені белгілі. Әйтсе де қан­дай іске де қоғамдық өмір өзінің түзетулері мен толық­тыруларын енгізбей тұрмайды. Менің ойымша, Президент ауыл шаруашылығы өндірісін одан әрі өркендету мәселесіне әлемдік өлшем тұрғысынан келгендей әсер қалдырды. Соның бір мысалы, ауыл ша­руа­шылығы өндірісі бойынша экологиялық таза өнімдер шығару жөніндегі жаңашыл көзқарасы деп түсі­немін. Сайып келгенде эколо­гиялық таза өнім дегеніміз –ден­саулықты сақтаудың басты кепілі.

Қазір дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы аурудың 70 па­йызға жуығы табиғи тағамды тұтынбаудан немесе күнделікті тамақ мәзірінде оның құрамы тым аз болғандықтан туындайтынын мәлімдеп отыр. Бүгінде консерванттар мен құрамында жасанды қоспалары бар ауыл шаруашылығы өнімдері өте көп. Экологиялық табиғи өнім өндіру дегеніміз –мұндай кереғар көрініске қара­ма-қарсы әсер ететін адам ағзасына сіңімді де пайдалы табиғи өнімдер өндіру деген сөз. Бұл қазақстандық ауыл­шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қолынан келеді.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, басты міндет табиғи таза өнімдер мен ішкі на­рықты толықтыру болса, ке­йінгі кезекте бәсекелестікке тө­теп бере алатын отандық ауыл ша­руашылығы өнімдерін молайту болып отыр. Бұл да қолдан келетін іс.

– Президент өз Жолдауында ауылшаруашылық өнімдерін арттырудың бір жолы суар­малы алқаптар көлемін кө­бей­ту екенін айтты. Бұған не дей­сіз?

– «Сулы жер – нулы жер» дейді халқымыз. Негізінен нар тәуекелге негізделген әрі белгілі бір деңгейде жаңбырға тәуелді сала жағдайында суармалы жер көлемін өсіру мол өнім алу мөлшерін 3-4 есе көбейтудің басты кепілі болмақ. Бұл ретте Президент алдыңғы жылдармен салыстырғанда елімізде суармалы алқаптардың көлемін 3-4 есе ұлғайту қажеттігі жө­нінде жаңа міндеттер қой­ды. Сонымен бірге бүгінгі заманауи технологиялардың көмегіне арқа сүйеп, қуаң­шылық жылдардың өзінде өнім мөлшерін кеміт­пеудің орны ерекше. Осы орайда Президент жүктеген міндеттер сала қызметкерлері алдына тар­тылған нақты іс-қимыл жос­пары бола алады деген ойдамын.

Бұған дейінгі тәжірибе көр­сеткендей, суармалы жер кө­лемін жасақтаумен өңірлердегі ірі агроқұрылымдар айналысып келді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы бизнесі сала­сындағы шағын және орташа деңгейдегі тауар өндірушілер де бұл іске бет бұрса, еш ұтыл­майтыны анық. Аталған істе Ақтөбе облысында да тиісті іс-шаралар кешені жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, жыл соңына дейін облыстағы суармалы жер көлемін 30 мың гектарға дейін жеткізу бел­гіленген.

Ал алдағы жылы оның мөл­шерін тағы да 10 мың гектарға дейін ұлғайту жөнінде өңірлік бағ­дарлама қабылданды. Суар­малы жерді игеру мол қаражатты қажет ететін күрмеуі қиын іс­тің бірі. Сондықтан да өңірде оны инвестициялық қаражат көздері есебінен өсіру жолдары қарастырылуда. Бұл істе бұған дейін қолға алынған нақты мысалдар да жоқ емес. Соның бірі 10 мың гектарға жуық суармалы алқаптың Еуро­палық даму және қайта құру банкі қаражаты есебінен игерілгені.

– Мемлекет басшысы агро­өнеркәсіп кешенін жүйелі дамыту ісіне шетелдік инвесторларды тарту міндетін қойды. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Шетелдік инвесторлар негізінен ел экономикасының өнер­кәсіптік секторына шо­ғыр­ланып келгені белгілі. Ал­дағы уақытта оның легін агро­өнеркәсіптік кешенге қа­рай бұрудың, бұл үшін салада қажетті инвестициялық тартымдылық туғызудың тиім­ділігі мол еке­ні анық. Ақ­төбе облысында шетелдік инвес­торлардың өнім өндіруге қатысу көріністері жоқ емес. Айталық, өңірдегі жылыжайлар жүйесін дамытуға гол­ландиялық инвес­торлар құ­рылтайшы ретінде тартылған. Мұ­ның бір мысалы «Гран-Ка­питал Қазақстан» ЖШС агро­құрылымы болып отыр. Ашығын айтқанда, бұл істе әлі де пайдаланылмай жүрген мүм­кіндіктер бар. Осы орайда Президент қойған байыпты тапсырма бойынша қажетті қозғалыстар тереңдей түседі деген ойдамын. Бұл іс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу саласының әлеуетін одан әрі көтеруге оң ықпалын тигізері хақ.

 

Әңгімелескен

Темір ҚҰСАЙЫН

 

АҚТӨБЕ