Технология • 09 Қыркүйек, 2019

Жаңа салық ІТ-алыптарға тұсау бола ма?

279 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Технологияның қарыштап дамуы жаһанның түкпір-түкпірін мекен еткен жан баласын жұмыр жердей жұмыл­дырып жібергендей. Айшылық алыс жерлерге әу дегенің әп-сәтте жетеді. Интернетте шекара жоқ. Осының игілігін көріп отырған, табысын әлемнің әр тарабынан теріп отырған алпауыт ІТ-компаниялар бар. Енді солардың тынысын тарылтатын, «көп асқанға бір тосқан» болатын цифрлы салықтар пайда болып жатыр.

Жаңа салық ІТ-алыптарға  тұсау бола ма?

Қазіргі таңда жаһанда кең өріс жайған ірі ІТ-компания­лардың дені АҚШ-қа тие­сілі. Сондықтан жалғанды жалп­ағы­нан бас­қан бұл елге әлем елдерінің цифрлы са­лық­қа біртіндеп бет бұра бастауы жаға қой­майды. Жақын­да Францияның Биарриц қала­сында өткен G7 саммитін­де АҚШ тара­пының қырын қа­бақ танытуының бір ұшы осы мәселеге тіреледі. Өйтке­ні сол үлкен же­ті­ліктің жиыны­ның алдында француздар аме­­рика­лықтардың айтулы Google, Amazon, Facebook, және Apple компанияларына (GAFA) са­лық салатынын мәлімдеген. Бұл бас­тама басқалардың да «бас көтеруіне» түрт­кі болды. Фран­циямен бірге G7-нің қал­ған елдерінің де Қаржы министр­лері және ұлттық орталық банк­тердің басшылары ин­тер­нет ал­пауыт­тарының басқа мемлекеттерде кеңселері болмаса да, табыс кіргізіп отыр­ған елдерге салық төлеуі тиіс деген шешім қа­былдады.

Биыл 11 шілдеде Франияның Парламенті цифрлы қыз­мет­терді ұсынатын ірі ком­пания­­лар­ға салық салу туралы заң­ жоба­сын түпкілікті қа­был­­дады. Бұл салық 2019 жыл­­дың 1 қаңтарынан бас­тап интернет алпауыт­тарының тап­қан пайдасына ық­пал етеді және Францияның жалпы айна­лымы­ның 3%-ын құрайды.

Бұл шетін жағдай шалт қимыл­дайтын АҚШ президенті Дональд Трамптың шамына тимей қой­мады. Ол Франция президенті Эм­манюэль Макрон­ның аталған шешімін сандырақ деп санайтынын, Ақ үйдің бұған тиісті іс-әрекетпен жауап беретінін айтып сес көрсетті. «Франция біздің тамаша техно­ло­­гиялық компанияларға қа­тысты цифр­лы салық енгізді. Егер оларға біреу салық салатын болса, онда бұл тек олар­дың туған елі АҚШ болуы керек. Біз жақында Макронның ақымақтығына қарсы маңызды жауабымызды жариялаймыз. Мен қашанда америкалық шараптар француздың шараптарынан күшті деп айтып келемін» деп Д.Трамп өзінің Twitter-дегі парақшасында мәлімдеді. Яғни, АҚШ Францияның шараптарына және тағы басқа тауарларына салықты күшейтуге ниет танытып отыр.

Ал Ресей шетелдік интернет ком­па­ния­ларға салық салуды 2017 жылдан бастап қол­ға алды. Заңға сәйкес, Ресей аумағында ин­тернет арқылы электронды контент сататын компаниялар 18% қосымша құн салығын тө­лейді. Мысалы, 2019 жылдың бірінші тоқ­санында Google салығынан Ресейге 12 млрд рубль түскен. Былтыр барлық ІТ-ком­па­ниялардан түскен салық дәл осындай көлемді құрапты. Олардың ішінде Google, Apple, Facebook, Booking.com және бас­қалары бар.

Интернет арқылы шекарасыз қызмет көр­сетіп жүрген мұндай компанияларға са­лынған салық тағы бірқатар мемлекетте әре­кет етеді. Енді бұл қатарға біздің құдайы көршіміз Өзбекстан да қосылуға талаптанып жатыр. Бауырлас елдің нормативтік-құ­қық­тық актілерді талқылау пор­талында жа­рияланған Са­лық кодексінің жобасында жеке тұлғаларға жарнама орна­ластыру, із­деу жүйелеріне рұқсат беру, статистика жүргізу, бұлтты сервистер, онлайн-сауда алаңдары, стримингтік сервистер бойынша қыз­меттер көрсететін компанияларға салық қарастырылған. Өзбекстанда осындай қызмет түрлерін Google, Яндекс, Alibaba, Netflix сияқ­ты компаниялар ұсынады. Аталған заң жобасы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап ІТ-компанияларға салық төлеу мін­дет­телмек. Салықтың мөлшері 20%-ды құрайды.

Сонымен қатар мұндай са­лық­ты енгізуге Қырғызстан, Тәжікстан және біздің Қазақ­стан ниетті екенін білдірді. Қа­зақ­станның Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев Forbes.kz порталына берген сұхбатында «Бүкіл әлем «Google салығы» деп аталатын үрдіс­ке көшіп жатыр. Бұдан біз де қалыс қалмауымыз керек. Біз электронды түрде қызмет көр­сететін шетелдік ұйымдарға ҚҚС бел­гілегіміз келеді. Әңгіме бұл жерде Google, Alibaba және тағы басқа халықаралық компания­лар туралы бо­лып отыр. Олар өздерін тәртіпті салық төлеу­­шілер ретінде көрсетеді. Бірақ шетелде болғандықтан, бізге ақы төлейтіндей тетіктер жоқ. Сондықтан олардың бізге есепке тұрып, салық төлеуі үшін жағдай жасаймыз» деп айтты. Осы және өзге де Салық ко­дек­сіне ен­гізілетін өзгерістер жа­қында Парламенттің қарауына ұсынылмақ.