Руханият • 09 Қыркүйек, 2019

Тарих қойнауындағы Торғай

592 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Туған жер – туған өлке. Осы сөздердің астарында қаншама мән, қаншама өз туған жеріңе деген ыстық сағыныш, мәңгі толас­тамайтын сүйіспеншілік жатыр. Туған жер – адам баласының өсіп-өнген ортасы, баға жетпес құндылығы. Туған жер тарихы, оның тау-тасы, өзен-көлі, ол жерлерде ғасырлар сынына төтеп берген сәулет өнері ескерткіштерін, атадан балаға мұра етіп сақтай отырып, көздің қарашығындай сақтау – сол өңірде, аймақта туып-өскен әрбір перзенттің парызы. Осындай ұлы мақсаттарға халықты үндейтін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары – Қазақстан халқының рухани байлығын жаңартуға, жақсартуға, дамытуға бағытталған. Оның аясында әр алуан бағыттары бар.

Тарих қойнауындағы Торғай

Негізгі бағыттардың бірі – бұл «Туған жер». Себебі әр­бір адам өзінің туған жерін біл­мейінше, жалпы ұлттың тарихын білу ол мүмкін емес жағ­дай. Әр жердің тарихы – тұтас бір халықтың, тұтас бір ұлт­тың бөлінбес бөлшегі. Осы орай­да, біз өткен жылдан бас­тап Торғай даласындағы әлі күнге дейін зерттелмеген көп­теген тарихи орынға экспе­диция ұйымдастыруды бас­тадық. Бұл жұмыстарды тек Тор­ғай халқына ғана емес, жалпы қазақ халқының тарихын терең­детіп білуге, оның қалай өмір сүргендігін, әдет-ғұр­пын, салт-санасын, мәдениетін жас ұр­паққа түсіндіруде өте бір ма­ңыз­ды іс-шараның бірі ретінде қарас­тыруымыз қажет.

Үстіміздегі жылдың маусым­ айының 10-24-і аралығында Ы.Ал­тын­­сарин атындағы Ар­қа­лық мемлекеттік педагогика­лық инс­титутының «Тарих» маман­ды­ғының 2-курс студенттері  Арқалық қала­сына қарасты Жаңақала (Қараторғай) өңірінде кезекті архео­логиялық тәжірибеден өтті.

Биыл археологиялық қаз­ба жүргізуде ауа райы айтар­лық­тай қоңыржай болып, қазба жұмыс­тарын жүргізуге мол мүм­кіндік туды. Қараторғай өңі­рін­де толып жатқан ірілі-ұсақ­ты тө­белерді, обаларды Ә.Мар­ғұ­лан атын­дағы Ар­хео­логия және этнология инс­титутының мамандары мен елор­дадағы Қазақ­станның ұлттық мұ­ра­жайы­ның қызметкерлері 2017 жыл­дан бері аршып, зерттеу үс­тінде. Археологиялық қаз­ба жұмыстарына келген сту­дент­тер­ді мұражай қызмет­керлері Мейір­жан Қызырханов пен Архат Қайырмағамбетовтар қар­сы алып, қазба жұмыстары ба­рысымен және техникалық қауіпсіздік шараларымен таныс­тырды.

Бұл өңірге танымал «Саба-1»­ обасының қазба жұмыстары был­тыр қыркүйек, қазан айларында жүргізіліп, бір жарым ай­ға созылған болатын. Қаз­ба жұ­мыстарына археологтармен қатар ауыл тұрғындары да тартылды. Табанды қазба жұ­мыстарының нәтижесінде негізгі обадан 150-ден аса садақ-жебесі шықты, сол маңайда қазылған бір обадан адам сүйегі тұтастай табылды. Жинақталған мәліметтер бойын­ша, археологиялық сарап­тама бо­йынша Жаңақала (Қараторғай) өңірі «Сақ және сармат тайпа­ларының шекаралас аймағы» деген шешім жа­салған болатын. Егер археология ғылымындағы мәлі­мет­терге қа­расақ, жалпы сармат­тардың жерлеу ғұрпында қорым­ға садақ жебелерін көптеп қою­ үр­дісі басым, ал енді сақ жауын­гері қо­рымдарында жебе­лерді аз мөл­шерде қоюымен ерек­ше­ленеді. Осылайша қабірлердегі жерлеу рәсіміне қарап отырып, оның қандай тайпаларға тиесілі екенін анықтауға болады.

Жалпы сармат тайпаларының өмір сүрген аймағы Орталық және Батыс Қазақстан болып табылады. Табылған мәйіттің жанынан оның қандай әлеуметтік топқа жататынын айғақтайтын бой­тұмар, қанжар, түймелер табылды. Дегенмен қазылған обалар зерттеуге алғанға дейін то­налған. Оған дәлел, обалар жол бойында орналасқан.

Жаңақала өңірі оба, қорған­дарға бай десе де болады, үлкені бар, кішісі бар 50-дің үстінде. Обалар негізінен өзеннен алшақ­та орналасқан. Өзеннен екі-үш ша­қырымға дейінгі аралықта ірілі-ұсақты тастарды жеткізудің өзі өте көп күшті қажет етеді. Соған қарағанда бұл қорымдар қолында билігі бар патшаның немесе дін абыздарының, әскер­басыларының қорғандары болу да ғажап емес.

Археология ғылымы өте са­быр­лылықты, табандылықты, көп күш-қайратты талап ете­тін ғылым болып табылады. Жаз­­дың аптап ыстығында тап­жыл­май ауыр жұмыспен шұ­ғылдану тек өз мамандығына деген сүйіс­пеншілігі керемет жан­дардың қолынан келеді. Оған екінің бірі төзе бер­мейді. Десек те, архео­логиялық қазбаға келген студенттер қауымы күннің ыс­ты­ғына, мазаны алатын қап­таған шыбын-шіркейдің үздіксіз шабуылына қарамастан асқан шыдамдылықпен жұмыс іс­теді. Арагідік табылып қала­тын археологиялық ұсақ-түйек ол­жалар студенттердің бұл ма­мандыққа деген қызығушы­лы­ғын арттыра түсті.

Тәжірибеге келген студенттер үшін археологтар «Қособа-1» объектісін дайындап қойыпты. Біз барғанда обаны еліміздің әр өңірінен жиналған жалдамалы жұмысшылар қазып жатты. Қособаның биіктігі – 2,5 метр. Аумағы 25-30 метр шамасында. Бұл обаның Қособа аталуы, осы обаның жанында шамамен 70 метрдей қашықтықта тағы бір оба орналасқан. Сондай-ақ оңтүстік жағында 30 метр шамасында көлемі кішкене оба көрінеді.

Былтырғы біз зерттеу жүр­гізген «Саба-1», «Саба-2» обасынан, бұл обалардың жерлеу ғұрыптарында біршама өз­гешелік бар. Сондай-ақ студенттер топқа бөліне отырып, «Қособа-1» обасынан бір ша­­қырымдай қашықтықта, бір­­дей деңгейде орналасқан «Саба-4-2» қазба жұмыстарын жүргізді. «Саба-4-2» обасы Жаңақалаға апаратын жолдың оң жақ бетінде орналасқан. Бұл обаларда өткен жылы қазба жұмыстары жүргізілгенімен то­лық аяқталмағандықтан кө­міл­ген орны қайта аршылып, қа­зіргі таңда қазба жұмыстары жан-жақты жүргізілуде.

Айта кететін бір жайт, был­тыр бұл обада құмыра сынықтары, моншақ, т.б заттар табылған болатын. Жер­ленген мәйіттің айна­ласы та­бытқа ұқсатылып, бө­ре­немен қоршалған. Алайда уа­қыт сы­ны қойсын ба, ағаш бөре­ненің негізгі бөлігі ылғалдан шіріген, тек орындары сақталып қа­лыпты. Студенттер осы обаны аршу үстінде қиындығы мен қызығы қатар келетін археология ғылымының қыр-сырын үйренді. Күн санап бұл обада қазу жұмыстары күшейе түсті. Обаны тереңдетіп қазу кезінде оның тура орта тұсынан жылқының сүйектері табылды. Археолог мамандардың «Осы сүйектердің астын шамалы қазған соң белгілі бір тереңдікте адамның мәйіті болуы мүмкін» деген болжамы расталды. Арада бірнеше күнге созылған тоқтаусыз қазба жұмыстарының нәтижесінде жылқы сүйегі табылған жерден, одан 1 метр төменірек қабатта әйел адамның сүйегі шықты. Археолог мамандардың болжамы бойынша бұл сүйектер б.з.б. ІІ ғасырға, яғни ғұн заманының адамына келіңкірейтін сияқты. Әрине, оның қаншалықты нақ­ты жорамал екендігін арнайы лабораториядағы зерттеу жұмыс­тары көрсетеді.

Күннің аптап ыстығында арасы бір-бірінен алшақ емес екі обада тынымсыз жұмыс көрігін қыздырған тарихшы студенттер қазба жүргізілетін орынды өлшеу, тереңдіктегі қабаттарды анықтау, аршу, тазалау сияқты жұмыстарды атқара отырып, қызығы мол археология ғылы­мының қыр-сырына қаныға түсті. «Қособа-1» обасының орта­сында мәйіт орналасып, оның үс­тіңгі бөлігі саз балшықпен ара-жігі қаланып, күмбез тәріздес жасалыпты. Археолог мамандар обаның ортасына жету мақ­­­­сатында төрт жақты қазу жұмыс­тарын жүргізді. Өте көп мөлшерде тас, топырақ үйіндісі сыртқа тасылып, шығарылды. Обаның аршылған қабаттарына қарап отырып, оның кей жерлерде 4, кей тұстарда 5 қабаттан тұратынын байқауға болады. Мұнда да ежелгі құрылысшылар бос топырақты үйе бермей, ара-арасында оны илеп домбаздап, біріне-бірін жапсырып, қаластырғанын көреміз. Әрине, бұл жерде құрылыс шеберлері тастың опырылып түсіп кетпеуін немесе жиі-жиі көктем-күзде жауатын жауындарда, сондай-ақ көктемгі қардың еріген мол суынан обаның топырағының ағып кетпей бекем тұруын мақсат еткенін байқауға болады. Дала архитектурасы осылайша өзіндік бекем ерекшелігімен таңғалдырады.

Ежелгі сақтар мәйіттің бетін жабу кезінде «бірінші, екінші» қабатына қара топырақ пен саз балшықты қолданса, обаның үйілген топырағы сусып, сумен шайылып кетпес үшін обаны айналдыра жақын маңайдағы өзеннен әкелінген арнайы тас­тармен бастырып қоршап, қалап шыққан. «Қособа-1» обасының тағы бірі ерекшелігі – обаның шығыс бөлігінің батыс бөлігінен жоғары болып келуі. Мүмкін, бұл «Қособа-1» обасында ежелгі көшпелілер жүргізген діни ғұ­рыптарға байланысты болуы мүмкін. Әзірше, бұл болжам ғана.

Археологиялық қазба жұ­мыс­тары кезінде Жаңақала өңі­ріндегі «Қособа-1» обасының үстіңгі қабаттары толықтай бос топырақтан аршылып тазартылды. «Қособа-1» обасы әуеден дрон аппаратымен фотоға түсірілді. Оба­ның үстіңгі қабатын қазу барысында темірден жасалған, тот басқан пышақ табылды. Кейін­гі күндері жүргізілген қаз­ба жұмыстары обаның астынан мәйіттің орналасқан орнын анықтау кезінде оның басқа орынға қарай жасырылғанына куә болдық. Алайда археологтардың, тәжірибеге келген студенттердің қазба жұмыстарының уақыты аяқталғандықтан, қазба жұмысын тоқтатуға тура келді. Сондықтан негізгі қазба жұмыстары алдағы уақытта жүргізілмекші.

Жалпы, археологиялық қаз­ба жұмыстары ел тарихын ақтаң­дақтардан арылтудың бірден-бір жолы болғандықтан, Жаңақала өңірінде қазба жұмыстарын жүр­гізген экспедицияның маңызы зор. Егер де Торғай даласындағы қазба жұмыстары тоқтамай, осы қарқынмен сәтті жүргізілген жағ­дайда, тоналған, жартылай тонал­ған оба-қорғандардан ел тарихы мен мәдениетіне қатысты мол заттай деректер мен тарихи жәді­герлер табылуы да ғажап емес.

«Туған жер» бағдарламасы ХХI ғасырда қазақ халқының даладан қалаға кеткен жастарымыздың, жалпы тұрғындарымыздың шық­қан ортасын ұмытпасын деген оймен жасалып жатқан дүние. Сондықтан қазіргі уақытта бұл бағдарлама ел өміріне ауадай өте қажет. Өзінің қажеттілігіне орай бұл бағдарлама жер-жерде сұранысқа, қолдауға ие. Әсіресе, бағдарламаның жемісі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қажет.

 

Роман Аймағамбетұлы,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры,

Баубек Елеусов,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы