Спорт • 09 Қыркүйек, 2019

Жастар жеңіліп, ересектер тең түсті

185 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан Қа­зақстан ұлттық құрамасы мен жастар құрамасы кезекті тур ойындарын өткізді. 2021 жылы 21 жасқа дейінгі футболшылар арасында өтетін додада бақ сынап жатқан Қазақстан жастар құрамасы «Астана Аренада» Испания құрамасын қабылдаса, 2020 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде ересектер арасындағы ұлттық құрама ойыншылары сырт алаңда Кипрмен кездесті.

Жастар жеңіліп, ересектер тең түсті

Алдымен жастар құрамасы елордада биыл ғана Еуропа чемпионы атанған Испания футболшыларын қабылдап, 0:1 нәтижесімен есе жіберді. Атақты «Барселона», «Реал» секілді әлемдік ТОП клубтардың тәрбиеленушілерінен құра­л­ған Испания құрамасына біздің футбол­шылар лайықты қарсылық көрсетті. «Астана Аренада» өткен кездесудің ал­ғаш­қы 30 минуты тең дәрежеде өтіп, екі құ­рама да алма-кезек шабуылдаумен болды. Қарсылас команданың кезекті бір шабуылында қазақстандық футболшы ойын тәртібін бұзды деп шотландиялық төреші Николас Уолш Қазақстан құрамасының қақ­пасына 11 метрлік айып добын бел­гіледі. Испания құрамасының капитаны Дани Ольмо пенальтиді мүлтіксіз орын­­дады. Футбол жанкүйерлерінің есінде болса, Ольмо осымен Қазақстан ас­танасына екінші рет келіп, екі ойында да гол соқты. Хорватияның «Динамо Загреб» клубының ойыншысы былтыр Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Астанаға» қарсы ойнап, 84-минутында Эричті сан соқтырып кеткен болатын. Сол ойында «Динамо Загреб» 0:2 есебімен жеңіске жеткен-ді.

Отандастарымыз гол өткізіп алған соң қарсылас команданың қақпасына қа­­рай шабуылды үдете түскенімен, нәти­желі аяқтайтын футболшы табылмай жатты. Кездесудің бірінші бө­лігі ис­паниялықтардың сәл ғана басым­ды­ғымен аяқталды.

Екінші таймның басында Испания құрамасының бас бапкері тактикаға аз­даған өзгеріс енгізіп, алаңға қосалқы құ­рамнан екі шабуылшыны шығаруға мәжбүр болды. Әрине 0:1 есебі испания­лықтарды қанағаттандырмайды. Олардың мақсаты – мейілінше көп гол соғу болатын. Бірақ қазақстандық футболшылар Испания құрамасына ұш ұпайды оңай беріп қоймайтынын аңғартты. Матч­тың 56-минутында бас төреші біздің қақ­­памызға тағы да пенальти белгіледі. Абы­рой болғанда бұл жолы қақпашы Мұха­меджан Сейсен тамаша сейв жасап, Карлес Аленья тепкен он бір метрлік айып добын қайтарды. Осыдан кейін отандастарымыздың бойында сенімділік пайда болып, есепті теңестірудің қамына кірісті. Бас бапкер Александр Москаленко да жасыл алаңға «Астана» клубының шабуылшылары Рамазан Кәрімов пен Владислав Прокопенколарды шығарды. Футболшыларымыз есепті теңестіруге қанша тырысқанымен, испаниялық қорғау­шылар гол соғуға еш мүмкіндік бер­меді. Осылайша, биылғы Еуропа чемпиондары Қазақстан құрамасын стандарттан соғыл­ған жалғыз голдың арқасында жеңіп кетті.

Енді жерлестеріміз 10 қыркүйек күні Израиль құрамасын қабылдайды. Үш турдан кейін отандастарымыз 6 ұпаймен өз тобында көш бастап тұр. Бізден екі ойын кем өткізген Испания құрамасы 3 ұпаймен екінші орында келеді.

 Жастар құрамасының ізін ала елі­міздің негізгі құрамасы сырт алаңда Қазақстан үшін алынбайтын қамал са­нал­ған Кипр құрмасымен кездесіп, 1:1 есе­бімен тең түсті. Екі команда бұған дейін екі рет кездесіп, екеуінде де Кипр фут­болшылары басым түскен болатын. Ең алғаш екі команданың жолы 2004 жылғы халықаралық турнирде түйісіп, Кипрде өткен бәсекеде алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Араға 13 жыл салып екі құрама 2017 жылы жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойында да Кипр құрамасы 3:1 нәтижесімен басым түскен-ді. Міне, 2019 жылы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде екі құ­рама қайта жолығып, отандастарымыз алғаш рет қарсылас командамен тең ойнады.

Матчқа дейін көпшілік футбол ма­мандары Кипр-Қазақстан ойынына пікір білдіріп, Қазақстан құрмасы бұл жолы да жеңіледі деп болжаған-ды. Бірақ ойын көпшілік күткендей емес, мүлде басқаша деңгейде өрбіді. Кездесудің небәрі екінші минутында Қазақстандықтар ойындағы алғашқы шабуылын ұйымдастырып, матчтағы есепті бірінші болып ашуға мүм­кіндік алды. Исламбек Қуат бастаған шабуылды Алексей Щеткин нәтижелі аяқтап, командасын есепте алға шығарды. Бас бапкер Билек негізгі құрамды жа­риялағанда қазақстандық жанкүйерлер Щеткинді бірінші минуттан бастап алаңға шығару – бас бапкердің ең үлкен қателігі деп сынаған-ды. Сол жанкүйерлер матчтан соң Алексей Щеткиннің ойынына жақсы баға бергенін несіне жасырайық. Сондай-ақ Щеткин бұл матчта ұлттық құрама тарихында ең жылдам гол соққан футболшы атанды. Бұған дейін жылдам голды 2012 жылы Юрий Логвиненко Қырғызстан (5:2) құрамасының қақпасына төртінші минутта салған еді.

Күтпеген жағдайда гол өткізіп алған Кипр ойыншылары бірте-бірте ойын тізгіні қолдарына алып, Дмитрий Непогодов қорғаған қақпаның маңайында жиі қауіпті шабуыл ұйымдастырумен болды. Дегенмен қазақстандық ойыншылар бірінші таймның соңына дейін басымдықты сақтап қала алмады. Ойынның 39-минутында Пиорос Сотириу мергендігімен көзге түсіп, есепті теңестіріп кетті.

Кездесудің екінші таймын алаң иелері бел­сенді бастады. Өйткені төрт ойында небәрі үш-ақ ұпай олжалаған Кипр құра­масына жеңіс ауадай қажет еді. Ал сырт алаңда ұпай олжалау – отандастарымыздың басты мақсаты болатын. Екі команда да матч соңына дейін мақсатына жету үшін барын салып ойнады. Кипр құрамасы үнемі шабуылдаумен болса, қазақстандық футболшылар қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, қарымта шабуылға иек артты. 90 минуттың қорытындысы бойынша кездесу 1:1 есебімен аяқталып, екі құрама да бір-бір ұпай иеленді. Сырт алаңда бір ұпай олжалаған Қазақстан құрамасы 7 ұпаймен топтағы үшінші орынын сақтап қалды. Ал Кипр футболшылары 4 ұпаймен бесінші орында келеді.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін бүгін Ресей құрамасына қарсы өткізеді. Ес­теріңізде болса, қос құрама арасында елордада өткен алғашқы ойында жерлестеріміз 0:4 есебімен жеңіліп қалған болатын. Бүгін отан­дастарымыз жігерлі ойын көрсетіп, есе қайтарады деген үміттеміз.