Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2019

«Бабалар сазы» Ташкентте өнер көрсетті

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Өзбекстанның Самарқанд қаласында Шығыс халықтарының музыкалық мұра­ла­рын дамыту һәм на­сихаттауға арналған дүниежүзілік «Шарк та­роналари» фести­валі өткен-ді. Осы мәде­ни шараға Тарба­ғатай ауда­ны Ақсуат ауы­лын­дағы Мәдениет үйі­нің жанындағы «Ба­ба­лар сазы» этно ан­самблі арнайы шақырту алып, өз өнерлерін көрсетіп қайт­ты.

«Бабалар сазы» Ташкентте өнер көрсетті

«Таңғаларлығы, бұл музыка фестивалі материалдық емес құндылық ретінде ЮНЕСКО тізіліміне еніп, екі жылда бір рет өткізілетін Өзбекстан үкіметінің аса ірі мемлекеттік іс-шарасы екен. Төрт күнге созылған фестивальға әлемнің 33 мем­лекетінің 300-ден астам дәс­түрлі өнерпазы қатысты. Отыз үш мемлекеттің өнер­­паздарының жиырма минуттық өнерін төрт күн бойы он адамнан құралған тә­уелсіз қазылар алқасы сараптады. Біздің «Бабалар сазы» этно ансамблі фестивальдың үшінші күні сахнаға шықты. Халқымыздың қара домбырасын бас қылып, қыл қобызын, жетігені мен шертерін, шаң­­қобызы мен сазсырнайын, ортекесін орғытып, Ал­­тай-Тарбағатай ән-күй ме­ктебінен халық күйлері «Бұлғын сусар» мен «Қара жор­ғаны», дәстүрлі әнші Е.Құжиманов «Үш теке», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Жамбылдың «Ақындарға арнауын», Т.Шәкәрімов пен А.Ахатұлы «Домбыра» шығармасын орындады. Бұл фестивальға қатысқандардың барлығы дерлік облыстық, республикалық деңгейдегі филармония, өнер ұжымдары екенін айта кеткен орынды. Қағыс дыбысты қалт ет­кіз­бейтін қазылар алдын­да тар­бағатайлық өнер­­паздардың өнер көр­се­туі оңайға түскен жоқ. «Ба­балар сазы» этно тобы – алыс ауылдағы қара­пайым Мәдениет үйінің өнер­паз­дары. Ұлттық аспап­тарымыздың үнін әлем елдері үніне ұластырып қайтқан өнерпаз ұжым үшін бұл байқау шеберлік мектебінен өтудің үлгісі болды», дейді этно ансамбльдың жетекшісі, Ақсуаттағы Мәдениет үйі­нің директоры Шәкен Көп­шікбаева.

Фестиваль қорытынды­сында «Бабалар сазы» Иран елінің «Сарай ханым­да­ры», Үндістанның «Са­ман­вая» ансамбльдерімен бірге «Дәстүрді жалғас­ты­рушылар» арнайы аталымымен (500 АҚШ доллары) марапатталыпты. Орайы келгенде айта кетейік, бұл өнер ұжымы бұған дейін Қытайдың Шәуешек қаласында, Иран Ислам Республикасында, Түркия елінің Анкара, Бур­са шаһарларында өткен ха­лықаралық фестивальдарға қатысып қайтқан болатын.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Ақсуат ауылы