Спорт • 09 Қыркүйек, 2019

Фристайлдан Олимпиада чемпионы Қазақстан акробаттарының кеңесшісі болып тағайындалды

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан ҰОК-тың штаб-пәтерінде фристайл-акробатикадан ұлттық құраманың жаңа кеңесші-жаттықтырушысы Антон Кушнир ресми түрде таныстырылды. 35 жастағы беларусь маманы, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының чемпионы қазақстандық акробаттарды жаттықтыруға көмектеседі деп хабарлайды Olympic.kz. 

Фристайлдан Олимпиада чемпионы Қазақстан акробаттарының кеңесшісі болып тағайындалды

Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков жаңа кеңесші-жаттықтырушыны таныстыра отырып, оның тәжірибесі мен спортшы ретіндегі табысты мансабы тек отандық спортшыларға ғана емес, сонымен бірге, қазақстандық жас бапкерлерге да пайдасын тигізеді деп атап өтті.

Антон Кушнирдің спорттық мансабында Олимпиада алтынынан басқа әлем кубогы да (2009/2010) бар. Сондай-ақ, ол әлем кубогінің (2007/2008) және әлем чемпионатының (2011) қола жүлдегері атанған. Айта кетерлігі, ол Олимпиада ойындарында шаңғы акробатикасындағы ең қиын жаттығуды орындаған. Қиындығы 5,0 коэфицентті бес пируэтпен үш есе секіріп, 134,5 ұпайын еншілеген. Бұл нәтиже Олимпиадада бір секіруде жиналған ең жоғары ұпай болды.

«Шілде айында өзімнің спорттық мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Спортшы ретінде мен спортқа 27 жылымды арнадым. Өз тәжірибемді спортшылармен бөлісіп, бапкерлер құрамына, жаттықтырушыларға  спортшыны дайындауға көмектесуге дайын екенімді  байқадым. Сондықтан мен Қазақстан құрамасының ұсынысын қабылдап, бірге жұмыс істеуге қуана келістім. Менің мұндағы басты міндетім, әрине, спортшылардың нәтижесін жақсарту, сонымен қатар, жаттықтырушыларға кеңесші ретінде көмектесу. Жұмыс барысында Геннадий Николаевич сынды білікті бапкерден менің де аларым көп деп ойлаймын. Қазақстан ҰОК-не сенім артқаны үшін үлкен алғыс білдіремін. Енді сенімді ақтау үшін барымды салатын боламын»,-дейді Антон Кушнир.

Антон Кушнир Украинада дүниеге келген, алайда спортта Беларусь елінің намысын қорғап, туын желбіреткен. Төрт Олимпиадаға қатысқан ол бүгінде спортшы ретінде мансабын аяқтап отыр. Жаттықтырушы ретінде қызметін Қазақстан ұлттық құрамасынан бастайды.

Акробаттардың маусымы 21 желтоқсанда Қытайда өтетін әлем кубогының бірінші кезеңінен басталады. Жаңа маусымда Қазақстан құрамасында команда көшбасшысы Жанбота Алдабергеновамен бірге 6 спортшы бар. Өткен маусымда Жанбота Универсиадада үшінші орын алып, 2019 жылғы әлем біріншілігінде тоғызыншы орыннан көрінген болатын.

Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының тізімі: Ақмаржан Қалмұрзаева, Іңкәрбек Бағлан, Елдар Бадрутдинов, Роман Иванов, Аяна Жолдас, Маржан Ақжігіт. 

Сондай-ақ, қазақстандық акробат Жібек Арапбаева жаңа маусымнан бастап фристайл-акробатикадан құраманың аға жаттықтырушысы қызметін атқарады.