Мысалы, 1967 жылы Одақ бойынша жүргізілген санақта Өзбекстан Республикасы атынан 10 миллион 896 мың халық тізімделсе, Қазақстан тұрғындары 12 миллион 400 мыңға жеткен. Яғни, біз алатақиялы ағайындардан халық саны жағынан 2 миллионға артық болыппыз. Арада елу жыл өткенде, Өзбекстан халқы 34 миллионға жақындап, үш есе көбейіпті. Ал біздер осы аралықта бар болғаны 0,5 есе өсіп, 18 миллионға зорға жетіппіз.
Ірге көрші ағайын туысқан жұрттың өсімі өркендеп, біздің кенжелеп қалуымызға себеп көп. Ең әуелі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдері жаппай сыртқа қоныс аударды.
Соның нәтижесінде байырғы тұрғын халықтың атамекендегі үлесі артты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі жыл бұрын ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында жасаған баяндамасында, 1991 жылы елімізде қазақтардың үлесі 40 пайыз болса, қазір 70 пайыздан асты дей келе, әрі қарай халқымыздың демографиялық жағдайын жақсарту үшін атажұртқа ат басын бұрған сырттағы қандастар көші жалғаса беретіні туралы айтса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта жариялаған кезекті Жолдауында «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдау керек» деп елдегі демографиялық ахуалға қатысты өзінің саяси ұстанымын білдірді.
Қазіргі жаһандану заманында демография мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Өйткені демография саясаты – халық санының артуы ғана емес, урбандалу, босқындар проблемасы және ұлттар арасындағы қарым-қатынас тәрізді сан-салалы мәселелерді қамтып отыр. Яғни, өсімі зор, сапалы халық қана ғаламдасу процесіне лайықты түрде төтеп бере алады.
Біздің қоғам үшін демографиялық көбеюдің бір арнасы – шеттегі қазақ диаспорасы. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Тұрысбеков мырза жақында «Мезгіл» телебағдарламасына берген сұхбатында, соңғы 27 жылда 1 миллион қазақ атажұртқа оралса, бұлар қазір өсіп-өніп 2 миллионды құрап отыр деді. Сонымен бірге Зауытбек Қауысбекұлы, алдағы күндері 1 миллион қазақты атамекенге қоныстандыру шарасы да қолға алынып жатқаны жайлы айтып өтті.
Осы істі тиянақты атқару үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен құрылған «Отандастар» қоры КЕАҚ мен Елбасы төрағалық ететін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп аса ауқымды шараларды қолға алып жатқан көрінеді.
Атап айтар болсақ, «Отандастар» қоры өз жұмысын жобалық кеңсе форматында қандастарымыз үшін қызмет көрсетудің бірыңғай операторы ретінде ұйымдастырып, жедел түрде диаспоралық саясат бағдарламасын әзірлеп, жинақталған мәліметтерді жүйелендіріп, қосымша зерттеулер жүргізу арқылы жандандыруда.
«Отандастар» қоры КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов мырзаның айтуынша, ең әуелі диаспораны мемлекеттік қолдау туралы құжат дайындалып, соның негізінде «Қазақ картасын» енгізу көзделуде екен. Мұндағы мақсат – іштегі һәм сырттағы қандастар жайлы барлық ақпарды шоғырландырып, елге оралған немесе оралушы ағайындарға ақпараттық, құқықтық кеңес беру, қажет жағдайда көмек көрсету мәселесін шешу ісі күн тәртібіне қойылмақ. Бұл жұмыстар «бір терезе» қағидасы арқылы – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Ішкі істер министрліктерінің жұмыстарын үйлестіру арқылы іске аспақ.
Келесі бір іргелі жоба – шетелдегі қазақтар үшін «Qazaq úıi» және «Абай» мәдени орталықтары, «Атамекен» іскерлік үйлерін ашу. Осы арқылы сырттағы қандастарымызға қазақ ұлтының қадір-қасиетін, салт-дәстүрін бойына сіңіруге жол ашылмақ.
Сондай-ақ қор бизнес және инновацияларды дамыту бағытын көздейтін «Saýda» штабы арқылы қазақ диаспорасы мен қазақстандық бизнес өкілдерінің іскерлік байланыстарын орнатуға ықпал етпекші. Осы ретте, «Отандастар» бизнес инкубаторы арқылы ұлттық нақыштағы өнім өндірушілерді қолдау, қандастар арасынан шыққан дарынды кәсіпкерлердің бизнес-идеялары мен инвестициялық жобаларына қолдау көрсету, т.б. шаралар бар. Бұл жұмыстар шетелдерде құрылатын «Атамекен» қазақ іскерлік үйі желісі негізінде «Самұрық-Қазына», «Қазақ туризм», «Қазақ инвест», «Атамекен» палатасы сияқты қаржы институттарының араласуымен атқарылмақ.
Осы орайда, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан да жоғарыдағы «Отандастар» қоры КЕАҚ бірлесіп атамекенге оралушы қандастар мен бұған дейін қоныс аударған қазақтарды қолдау мақсатында қомақты жоба жасалу үстінде. Атап айтар болсақ, Шымкент қаласында іске асырылған «Асар» жобасы сияқты, Нұр-Сұлтан қаласы аумағынан оралмандар үшін жер телімдерін меншіктеп, оған әлеуметтік инфрақұрылымы бар, шағын ауданның құрылысын салу жоспарлануда.
Одан кейінгі тағы бір мәселені жасырмай айтқанда, қазіргі кезде шет елдерде, соның ішінде Ресейде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтардың тілі мен ділін, ұлттық нышаны мен мәдениетін жоғалту қаупі бар екені белгілі. Ол үшін жоғарыда айтқанымыздай, қазақтар шоғырланып қоныстанған жерлерде мәдени-іскерлік орталықтарын құру жұмыстарын қолға алумен қатар, тіл үйрететін білім орталықтарын дамыту жайы күн тәртібінде тұр.
«Бұл бағыттағы жұмыс, әсіресе жас буынды оқытуға бағытталуы тиіс. Бұл тұрғыда қазақ диаспораларының балаларын ана тілінде оқытуға еліміздің интеллектуалды мектептері мен жоғары оқу орындарының зор мүмкіндігі бар. Осыған орай біз жазғы демалыс кезінде осы жылдан бастап шетелдерден келетін 4000 балаға арналған қазақ тілін, тарихын, дәстүрін үйрететін жазғы лагерьлер ұйымдастыруды қолға алдық. Жыл сайын «Балдәурен» лагерінде қазақ диаспораларының 150 баласы демалысын өткізіп жүр. Осы жерде шетелдерде қазақ тілін оқытатын мұғалімдерді даярлау, не болмаса, қазақ тілі мамандығына даярлау мүмкіндіктерін қарастыру керек. Диаспора балалары арасына тіл мен мәдениетті үйрету үшін жаңа әдістемелік еңбектер қажет. Балалардың жасына сай қазақ тілін үйрететін интерактивті әдістемеліктерді жетілдіру керек. Мысалға, біз «Қастерлі қалам» жобасын ұсындық. Бұл интерактивті қызығушылық тудыратын формада әріптерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді үйретеді. Сонымен қатар қазақ тіліндегі ертегілер мен өлеңдерді тыңдауға мүмкіндік береді», дейді «Отандастар» қоры КЕАҚ мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері.
Сондай-ақ өткен жылы 18 мамырда қабылданған «2018-2022 жылдарға арналған шетелдердегі этностық қазақтарды қолдау шаралары туралы» Үкімет қаулысына сәйкес, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қоры КЕАҚ бірлесіп құрған «Дәстүрлі қоржын» жобасы бойынша шетелдердегі қазақ мәдени орталықтары мен бірлестіктерін ұлттық киім, музыка аспаптары және ұлттық бұйымдармен қамтамасыз етуді іске асырып жатыр.
– Бұл істердің барлығы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сырттағы қазақтар үшін қолға алынып отырған игі шаралар, – дейді атқарушылар.