– Президент өзінің алғашқы Жолдауында азаматтық қоғамға қолдау көрсете отырып, сындарлы қоғамдық диалог құратын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру ауадай қажеттігін алға тартты. Халықты алауыздыққа емес, ауызбіршілікке, қауесетке емес, шынайы ақпаратқа сенуге үндеді. Келелі мәселелер көшеде емес, Парламентте шешілуі тиіс деді. Бұл қоғам мен билікті жақындастырып, өзекті мәселелердің оң шешім табуына сеп болмақ. Өз сөзінде Президент көптің көңілін күпті қылып жүрген жер мәселесі турасында «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді», деп жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету басты назарда болатынын ашып айтты.
Экономиканы дамытумен қатар әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешім табуы әр қазақстандық үшін аса маңызды. Бұл турасында Мемлекет басшысы әлеуметтік салада білім беру сапасын жақсартуға, отбасы мен бала институтын, инклюзивті қоғам құруды қолдауға, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, мәдениет қызметкерлерін қолдауға, әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамытуға және елеулі проблемалар жинақталған отандық зейнетақы жүйесінің дамуына баса назар аударылатынын мәлім етті.
– Өзінің алғашқы Жолдауында Мемлекет басшысы жоғары білімнің сапасына, сонымен қатар жас буынды толғандырып жүрген мәселелерге ерекше тоқталды. Мұның өзі Жастар жылында өскелең ұрпақтың өміріне елеулі өзгерістер енгізер бетбұрысқа әсерін қаншалықты тигізеді?
– Терең білім мен ғылым кенін қазған ғалымдардың еңбегі – дамудың даңғыл жолы. Білім-ғылым мемлекеттің дамуына әлеуметтік деңгейде ықпал ететін құндылықтар. Өркениетті елдердің қатарынан көріну үшін дамыған экономикамызбен қатар біліміміз бен мәдениетіміз де алдыңғы шептен көрінуі тиіс. Осы орайда Президент Үкіметке ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында, мәдениет пен өнер айдынында аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің айлығын көтеруді тапсырды. Алдағы уақытта білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілетін болды. Қалың көпшілік бұл жаңалықты қуана қабылдады. Ұстаз, мәдениет қызметкерлері еңбегінің бағалануы – абыройының артқанын, қоғам алдында мәртебесінің жоғарылағанын дәлелдейді. Ал білім мен өнерді жоғары құндылық ретінде танып, ұстаздар мен мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін жоғары қоятын елдің рухани тұрғыдан байитыны хақ.
Қоғамда жұмыссыз жастардың қатары неге көп? Неге жұмыссыздық мәселесі әлі де оң шешім таппай тұр? Қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалынан жастарды қалай аман алып қала аламыз? Жолдауда осы түйткілді мәселелерді шешу жолдары ұсынылды. Президент білім беру сапасын жақсарту үшін еліміз еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеп, ұстаздар қауымы мектеп қабырғасынан оқушылардың қарым-қабілетін айқындап, кәсіби тұрғыдан бағыт-бағдар беруі керек деді. Ал жоғары оқу орындары өз кезегінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауы қажет. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары болғанымен, мүмкіндіктер аз. Мәселен, кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақырады. Мемлекет басшысы осындай олқылықтармен күресуді алға тартты. Білімнің негізі мектепте қаланып, одан әрі жоғары оқу орнында ұшталуы тиіс. Мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы үндестік осылай үйлесім табуы қажет. Бұл орайда Қарағанды мемлекеттік университеті жалпы білім беретін орта мектептермен бірлесе ауқымды жұмыстар атқаруда. Мектеп пен жоғары оқу орындары сабақтастығы негізінде университетіміздің профессорлық-оқытушылар құрамы оқушылардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруға ықпал етіп келеді.
– Президент Жолдауда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру керектігін айтты. Сіздің ойыңызша, бұл бағытта ең бірінші кезекте қандай шаруаларды қолға алу керек деп санайсыз?
– Бүгінге дейін ауылдық жерлердегі білім сапасы көңіл қуантпайды. Кей жерлерде білікті педагог кадрлар әлі де тапшы. Осыны ескере келе, Президент Үкіметке келесі жылдан бастап «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын одан әрі кеңейтіп, жандандыру үшін қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды. Енді талантты ауыл баласы тасада қалып қоймайды. Дала баласына да сапалы білім алатындай мүмкіндіктер туғызылады. Бұл орайда да университетіміз ауыл халқына қолдау танытып келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде білім ордамызда «Мансап күндері» ұйымдастырылып, түлектеріміз ауылдық жерлерден келген жұмыс берушілермен жүзбе-жүз кездесіп, шалғайдағы елді мекендерге шақырту алады.
Саннан сапаға қызмет ету – бүгінгі талап. Қазір еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана түлектерін 60 пайыздық деңгейде жұмыспен қамтып отыр. Бұл жоғары көрсеткіш емес. Осыны ескерген Мемлекет басшысы саны бар, сапасы мардымсыз оқу орындары қысқартылып, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлай алатын іргелі оқу орындарына ғана мүмкіндіктер берілетінін қадап айтты Бұл – сөзден іске көшудің айқын дәлелі. Ғылымды дамытпай, ұлттың дамуын қамтамасыз ете алмаймыз. Үкімет бұл мәселені ғылыми-зерттеулердің деңгейін арттыру және оны іс жүзінде қолдану тұрғысынан қарастыруы керек деді. Сонымен қатар алдағы уақытта аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында «Дарынды баланың қабілетін дамытудың» жол картасы әзірленіп, азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттердің волонтерлық қызметі одан әрі жандана түсетін болады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қоғамдық өмірге бей-жай қарамай, тағдыры тәлкекке түскен қамкөңіл, көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандарға жастардың назарын аудартып, қайырымдылық, қамқорлық жасауға шақыруы – мектеп пен жоғары оқу орындарына зор міндет жүктеп отыр.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ