Қоғам • 10 Қыркүйек, 2019

Сапалы білім – саналы ұрпақ азығы

2596 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы жарияланысымен Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің ректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Азамат Едрисовтен халыққа арналған жаңа құжат жайындағы ой-пікірін сұраған болатынбыз. «Жолдауда Мемлекет басшысы негізінен елді толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде сөз қозғады», деп бастады әңгімесін ректор.

Сапалы білім –  саналы ұрпақ азығы

– Президент өзінің алғашқы Жолдауында азаматтық қоғамға қолдау көрсете отырып, сындарлы қоғамдық диалог құратын Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесін құ­ру ауадай қажеттігін алға тарт­­ты. Халықты алауыздыққа емес, ауызбіршілікке, қауесетке емес, шынайы ақпаратқа сену­ге үндеді. Келелі мәселелер кө­ше­­де емес, Парламентте ше­шіл­­уі тиіс деді. Бұл қоғам мен билікті жақындастырып, өзекті мәселелердің оң шешім табуы­на сеп болмақ. Өз сөзінде Прези­дент көптің көңілін күпті қылып жүрген жер мәселесі турасында «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді», деп жерді тиім­ді пайдалануды қамтамасыз ету басты назарда болатынын ашып айтты.

Экономиканы дамытумен қатар әлеуметтік мәселелердің оң­тайлы шешім табуы әр қазақ­стан­дық үшін аса маңызды. Бұл турасында Мемлекет басшысы әлеуметтік салада білім беру сапасын жақсартуға, отбасы мен бала институтын, инклюзивті қоғам құруды қолдауға, медициналық қыз­меттердің сапасы мен қол­же­тімділігін қамтамасыз етуге, мәдениет қызметкерлерін қол­дауға, әлеуметтік қолдау жүйе­сін одан әрі дамытуға және елеу­лі проблемалар жинақталған отан­дық зейнетақы жүйесінің дамуы­на баса назар аударылатынын мә­лім етті.

– Өзінің алғашқы Жол­да­уын­да Мемлекет басшы­сы жо­ға­ры білімнің сапасына, со­нымен қатар жас буын­ды толғандырып жүрген мәсе­ле­лер­ге ерекше тоқталды. Мұның өзі Жастар жылында өскелең ұрпақтың өміріне елеулі өзге­ріс­тер енгізер бетбұрысқа әсе­рін қаншалықты тигізеді?

– Терең білім мен ғылым кенін қазған ғалымдардың еңбегі – даму­дың даңғыл жолы. Білім-ғылым мемлекеттің дамуына әлеу­меттік деңгейде ықпал ете­тін құндылықтар. Өркениетті елдер­дің қатарынан көріну үшін дамыған экономикамызбен қа­тар біліміміз бен мәдениетіміз де алдыңғы шептен көрінуі тиіс. Осы орайда Президент Үкі­метке ұлағатты ұрпақ тәрбие­леу жолында, мәдениет пен өнер айдынында аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен мәде­ниет қызметкерлерінің айлы­ғын көтеруді тапсырды. Алда­ғы уақытта білім беру және ден­сау­лық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілетін болды. Қалың көп­ші­лік бұл жаңалықты қуана қа­был­­дады. Ұстаз, мәдениет қыз­меткерлері еңбегінің баға­лан­уы – абыройының артқанын, қоғам алдында мәртебесінің жо­ға­рылағанын дәлелдейді. Ал білім мен өнерді жоғары құндылық ретінде танып, ұстаздар мен мә­де­ниет қызметкерлерінің мәрте­бесін жоғары қоятын елдің руха­ни тұрғыдан байитыны хақ.

Қоғамда жұмыссыз жастар­дың қатары неге көп? Неге жұ­мыс­­сыздық мәселесі әлі де оң шешім таппай тұр? Қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпа­лынан жастарды қалай аман алып қала аламыз? Жолдауда осы түйткілді мәселелерді шешу жол­дары ұсынылды. Президент білім беру сапасын жақсарту үшін еліміз еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдіс­темесін әзірлеп, ұстаздар қа­уымы мектеп қабырғасынан оқу­шылардың қарым-қабілетін ай­қындап, кәсіби тұрғыдан бағыт-бағдар беруі керек деді. Ал жоғары оқу орындары өз кезегінде еңбек нарығында сұ­ра­нысқа ие мамандар даярлауы қажет. Экономикамызда тех­ника саласының маманда­ры­на сұраныс өте жоғары бол­ға­нымен, мүмкіндіктер аз. Мәсе­лен, кәсіпорындар тиісті маман­дар­ды ­шетелден шақырады. Мем­лекет басшысы осындай ол­қы­лықтармен күресуді алға тарт­ты. Білімнің негізі мектепте қала­нып, одан әрі жоғары оқу орнын­да ұшталуы тиіс. Мектеп пен жо­ғары оқу орны арасындағы үндес­тік осылай үйлесім табуы қажет. Бұл орайда Қарағанды мемлекеттік университеті жалпы білім беретін орта мектептермен бірлесе ауқымды жұмыстар атқаруда. Мектеп пен жоғары оқу орындары сабақтастығы негізінде университетіміздің профессорлық-оқытушылар құ­ра­­мы оқушылардың таным­дық қызығушылықтарын қалып­тас­ты­руға ықпал етіп келеді.

– Президент Жолдауда «Дип­ломмен – ауылға!» бағ­дар­ла­­масының аясын кеңейтіп, жұ­мысты жаңа деңгейде жал­ғас­тыру керектігін айтты. Сіз­дің ойыңызша, бұл бағытта ең бірінші кезекте қандай шаруа­лар­ды қолға алу керек деп санайсыз?

– Бүгінге дейін ауылдық жер­лердегі білім сапасы көңіл қуант­пай­ды. Кей жерлерде білік­ті педагог кадрлар әлі де тапшы. Осыны ескере келе, Президент Үкіметке келесі жылдан бас­тап «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасының аясын одан әрі кеңейтіп, жандандыру үшін қар­жы­ландыруды 20 млрд теңгеге жет­кізуді тапсырды. Енді талантты ауыл баласы тасада қа­лып қоймайды. Дала баласына да сапалы білім алатындай мүмкіндіктер туғызылады. Бұл орайда да университетіміз ауыл халқына қолдау танытып келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде білім ордамызда «Мансап күндері» ұйымдастырылып, түлектеріміз ауылдық жерлерден келген жұмыс берушілермен жүзбе-жүз кездесіп, шалғайдағы елді мекендерге шақырту алады.

Саннан сапаға қызмет ету – бүгінгі талап. Қазір еліміздегі жоғары оқу орындарының жар­тысы ғана түлектерін 60 пайыз­дық деңгейде жұмыспен қамтып отыр. Бұл жоғары көрсеткіш емес. Осыны ескерген Мемлекет басшысы саны бар, сапасы мардымсыз оқу орындары қысқартылып, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлай алатын іргелі оқу орындарына ғана мүмкіндіктер берілетінін қадап айтты Бұл – сөзден іске көшудің айқын дәлелі. Ғылымды дамыт­пай, ұлттың дамуын қам­тамасыз ете алмаймыз. Үкімет бұл мәселені ғылыми-зерт­теу­лердің деңгейін арттыру және оны іс жүзінде қолдану тұр­ғы­сынан қарастыруы керек деді. Сонымен қатар алдағы уақыт­та аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау мақ­са­­тында «Дарынды баланың қабілетін да­мытудың» жол картасы әзір­ле­ніп, азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттердің волон­тер­лық қызметі одан әрі жандана түсетін болады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қо­ғамдық өмірге бей-жай қа­ра­май, тағдыры тәлкекке түскен қамкөңіл, көмекке мұқтаж, мүм­кіндігі шектеулі жандарға жас­тардың назарын аудартып, қайы­рым­дылық, қамқорлық жасауға шақыруы – мектеп пен жоғары оқу орындарына зор міндет жүктеп отыр.

Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ