Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2019

«Нұр-Сұлтан» көк айдын күзетіне шықты

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің қазақ­стандық шекарасын күзе­тетін кемелер қатары жа­ңа кемемен толықты. Ақтау қаласындағы теңіз портында ҰҚК Шекара қызметінің экипажына «Нұр-Сұлтан» кемесін және кеменің әскери-теңіз туын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К. Мәсімов, ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры және өңірлік Жағалау күзеті, «Батыс» өңірлік басқармасының жеке құрамы және Маң­ғыстау облысының әкімі С.Трұмов қатысты.

«Нұр-Сұлтан» көк айдын күзетіне шықты

Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы К.Мәсі­мовке ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті өңірлік басқармасының бастығы Ә.Каюпов әскери шеп­тің дайындығы жөнінде баяндады. К.Мәсімов шекара қыз­меті өңірлік Жағалау күзеті басқармасының шекарашыларын ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде олардың үлестерінің зор екендігін атап өтті.

Шекара қызметінің шекарашы жауынгерлері заңға сай теңіздегі тәртіпті қадағалап, мемлекет қауіпсіздігіне қол сұғылмауын қамтамасыз етіп келеді. Оларды қиын қызметке қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамту күн тәртібінен түскен емес.

«Нұр-Сұлтан» кемесі 206 борттық нөмірлі жоба, 2018 жылы Президент Жарлы­ғымен жасалған. Заманауи гидро­акус­тикалық жүйемен жаб­дықталған кеме тек мемлекеттік шекара – Каспий теңізінің үстін ғана емес, сонымен қатар мұнай-газ кешендерінің қауіпсіздігін де сенімді түрде қамтамасыз ете алады.

– Ел Президенті, Қарулы Күштердің Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен әскери қыз­метшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіп­сіздігіне қауіп төндіретін қа­терлерге тойтарыс беруге дайы­н болуы керек» деп нақты айтқан болатын. Сонымен бірге әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажеттігін атап өтті. Бүгінгі шара сол игі істердің бастамасы болып отыр, – деді аймақ басшысы С.Трұмов.

Заманауи жасанып-жабдық­талған жаңа кеме – мемлекеттік шекараны қорғау ісіне қосылған тың да жаңа күш.

Маңғыстау облысы