Руханият • 10 Қыркүйек, 2019

Бегімсалдың домбырасы

825 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқада шертпе күй өне­рінің өзіндік мектебін қалып­тастырған Қыздарбек күйші­нің шәкірті Бегімсал Орын­бекұлының қалақ домбырасы Киікті ауылында тұратын Мұратжан Қоңқышевтің қолында сақтаулы.

Бегімсалдың домбырасы

Жазушы, өлкетанушы Кәмел Жүністегі Арқа күй өнерінің соңғы могикандарының бірі Бегімсал Орынбекұлын өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ішінде алғаш көргенін, сол бір отырыста күйші­нің жүз шақты күй тартқанын айтады. «Амал нешік, ол кезде таспаға жазып алатын мүмкіндік болмап еді», деп сан соғады өткенді есіне алып жазушы.

Кейін мөлшермен 10 жылдай уақыттан кейін Бегімсал күй­шіні қайта іздеп барған Кәмел Жүністегі шертпе күй шеберінің орындауындағы шамамен 10-ға тар­та күйді магнитофон таспасына жазып алғанын және ол мұраның қазір өзінің жеке қорында сақтаулы тұрғанын айтады.

Атақты күйші Әбікен Хасенов Бегімсалдың өнерін айрықша баға­лаған екен. Күйшіні өзімен бірге Алматыға алып та кетпек болған көрінеді. Алайда күйбең тірлік етектен тартып, асқан дарын иесі ауылда қалып қойған. Айта кету керек, Қыздарбек, Әбікен Хасе­нов, Бегімсал, қазақ­тың классик композиторы Сыдық Мұха­мед­жанов бәрі бір атаның балалары.

– Күйші әкеміздің балалары Қарағандыға көшіп кетті де, домбыра менің қолымда қалды. Аспапты шебер қолдардың жасағанына дау жоқ, әлі күнге дейін сынын бұзбаған. Ұсақ малдың ішегінен жасалған шектері болатын, қазір ол жоқ, шіріп түсіп қалған, – дейді Мұратжан.

Күйшінің киелі домбырасын көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан Мұратжан Әбдікенұлы ұзақ жылдардан бері темір жол саласында жұмыс істейді. Оның үлкен әкесі Қоңқыш деген кісі Бегімсал күйшімен бір туысады.

Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Киікті ауылы