Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2019

Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырыла бастады

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жоба бағдарламаға енген Жаңаарқа, Нұра және Ұлытау аудандары бойынша іске асырыла бастады.

Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырыла бастады

Осы бағыттағы жұмыс барысы туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Дұрсұн баяндады.

– 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасына қатысу үшін жоғары және орташа даму әлеуетіне ие төрт елді мекен анықталды, 27 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 9 білім беру, үш спорт нысанын жөндеу және 15 автожолды қалыпқа келтіру жоспарланған, – деді ол.

Жоғарыда аталған аудандарда инженерлік желілер, мектептер, мәдениет үйлері, спорттық құрылыстар мен жолдар жөнделіп жатыр. Мұның өзі жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік туғызды. Мысалы Жаңаарқа ауданында –  47, Нұра ауданында – 44, Ұлытау ауданында 43 бос жұмыс орны ашылды.

Атасу кентінде жалпы ұзындығы 8,7 шақырым болатын алты жолдың орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, 60 жарықтандыру тіректері орнатылды. Жөндеу жұмыстары жылумен қамтудың бес нысанында, төрт жолдың құрылысында  және екі балабақшада жалғасуда.

Нұра ауылында үш көшеде жарықтандыру тіректері орнатылды және «Нұра» стадионы жөнделді. Сонымен қатар балалар өнер мектебі, тарихи-өлкетану мұражайы, кентішілік жолдар мен «Тәуелсіздік» саябағында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қыркүйек айының соңына дейін ауданда тағы 31 бос жұмыс орны ашылады.

Ұлытау кентінде №1 орта мектеп жөнделді.

Жоба жоспары бойынша, келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына облыстың  тағы төрт елді мекені енгізілмекші.

 

Қарағанды облысы