Қоғам • 10 Қыркүйек, 2019

Жыл соңына дейін FlyArystan рейстері екі есе көбейеді - Азаматтық авиация комитеті

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек Әлжанов айтты

Жыл соңына дейін FlyArystan рейстері екі есе көбейеді - Азаматтық авиация комитеті

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында авиабилеттердің қымбат бағасын сынға алды. Жоғары құнның негізгі мәселесі тасымалдау сыйымдылығының тапшылығы, яғни қолда бар сұранысты қанағаттандыру үшін ұшақтардың қажетті санының жетіспеушілігі және авиа отынының жоғары құны болып отыр. Тарифтердің құнын төмендету үшін биылғы жылдың 1 мамырында FlyArystan отандық лоукостері іске қосылды. Бүгінгі күні билет сату қол жетімділігі 2 айға жуық мерзімді құрайды, 340 мыңнан астам билет сатылды, оның жартысының ең төменгі құны 10 мың теңгеге дейін болды»,- деді Айбек Әлжанов.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін қосымша 2 әуе кемесі келеді, келесі жылы парк тағы 4 әуе кемесімен толығып, 2023 жылға қарай 15 ұшақты құрайтын болады.

«Биылғы жылдың соңында FlyArystan орындалатын рейстердің санын екі есе көбейтіп, күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыруды жоспарлап отыр. Осылайша, 10 мың теңгеге дейінгі ең төменгі баға бойынша қосымша 100 000 билет сатылатын болады. Мысалы, FlyArystan қазан айынан бастап Нұр-Сұлтан – Павлодар бағыты бойынша ұшуды бастайды, билет құны 6 мың теңгеден басталады»,- деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.  

Бұдан басқа, жағдайды түбегейлі өзгерту үшін Үкімет «Самұрық-Қазына»  ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында Air Astana және QazaqAir авиакомпанияларын қосымша капиталдандыру жоспарлануда.

Сондай-ақ авиа отын бағасын төмендету бойынша жұмыс жалғастырылатын болады, өйткені отынға жұмсалатын шығындар тарифтің өзіндік құнының 30%-дан астамын құрап отыр. Ағымдағы жылы қазақстандық МӨЗ-ді жаңғырту нәтижесінде авиациялық отын өндіру көлемі 694 мың тоннаға дейін немесе 2018 жылғы өндіріспен салыстырғанда 1,8 есеге (383 мың тоннаға) артты. Авиаотынды өндіру көлемі отандық МӨЗ есебінен ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. Авиаотын бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде нарықпен реттеледі. Бұл ретте, Қазақстанның ішкі нарығындағы авиа отын бағасы ресейлік өндірістің керосин бағасына сәйкес келеді және нарықтық шынайылықты көрсетеді.