Сұхбат • 11 Қыркүйек, 2019

«Отандастар қоры» үлкен мақсат жолында қызмет етеді

1076 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап атажұртқа әлемнің әр тарапынан миллионнан астам ағайын оралды. Ұлы дала еліне бет түзеген көштің тізгінін ұстаған азаматтардың қатарында қарапайым қазақтар, білімді жастармен қатар білікті мамандар да көп. Олардың бірі кәсіпте, енді бірі білім мен ғылым саласында еңбек етіп жүр. Қандастарымыздың әлі де тарихи Отанына көптеп оралары заңдылық. Осы орайда шетелдегі отан­дастарды қолдау туралы мемлекеттің бүгінгі атқарып жатқан жұмысы жайында «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті, мемлекет қайраткері Нұртай Әбіқаевпен жүргізген сұхбатты ұсынып отырмыз.

«Отандастар қоры» үлкен мақсат  жолында қызмет етеді

– Нұртай Әбіқайұлы,  Елбасымыз шеттегі және елге көшіп келген қан­дастарға жан-жақты қолдау, көмек жасау үшін «Отандастар қоры» КЕАҚ құрып, Қазақстанға кө­шіп келген ағайындардың бейімделуіне көмек беру және осы жұмыстарды іске асыруда заңнамалық тұрғыдан қам­тамасыз етуді тапсырды. Қа­зіргі уақытта осы жұмыстар қан­дай деңгейде жүргізіліп жат­қанын айтып берсеңіз?

– Халқымыз «Елге ел қо­сылса – құт» деген. Мемлекет тәуелсіздіктің арқасында, Елба­сының шеттегі қандас­тарымызды қолдау саясатының нәти­жесінде Отанға қазақтың ақыл-парасаты, білім-біліктілігі және күш-қуат, сонымен қатар елімізге мәдени, рухани, ғылыми-техникалық және экономикалық байлық келіп қосылды десем болады.

Қазіргі уақыттағы жұмыс­тар­ға тоқ­талатын болсам, Қазақ­станның қоғам­дық жаңаруы ая­сында Үкімет бекіткен 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес қан­дастарымыздың білім алуы­на және ана тілін сақтап қалуына жағдай жасау, шетелде тұрып жатқан қазақ диаспорасымен мәдени-гуманитарлық және ақ­параттық-үйлестіру ісіне бай­ланысты қамтамасыз ету ж­ұмыстарын жүргізудеміз. Ше­телдегі және тарихи Отанына көшіп келген ағайындарды жұ­мыспен қамтамасыз ету мақ­са­тында «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы заң жо­басының Тұжырымдамасы және «Шетелдегі отандастарды мемлекет­тік қолдау туралы» Қазақстан Республи­ка­­сы­­ның заң жобасы дайындалып,  «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған ғы­лыми-сараптамалық кеңес­те талқыланып, қоғам тарапынан үлкен маңызға ие болды. Сонымен қатар Шетелдегі қазақ диаспорасын және репатриацияны қолдау бойынша 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның Тұ­жы­рымдамасы Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің Шетел­де тұратын отандастармен мәде­ни-гуманитарлық байланыстарды дамыту бойынша Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссиясында қара­лып, қолдау тауып отыр.

Заң жобасының аясында «Қазақ картасы» – тұлғаның қа­зақ халқына тиесілігін растайтын құжатты дайындау және орындау қажеттілігі пайда болды. Бұл құжат Отанмен байланыс­тарды және ұлттық мәдени мұ­раны сақтау үшін шетелде тұ­ратын этностық қазақтарды қолдаудың маңызды құралы болады. Бұл құжат қазақ тілін және салт-дәстүрін сақтауға және дамытуға ғана емес, сондай-ақ біз­дің елге қазақ халқына тиесілі тұлғалардың көшуіне септігін тигізумен қоса, шетелдегі қазақ диаспорасының тарихи Отанмен жан-жақты байланыс­тарын жан­дандыруға серпін береді және табысты қазақтар тарапынан­ инновациялар мен инвестицияларды белсенді түрде тарту үшін жаңа жағдайлар жасайды.

Заң жобасында «Қазақ картасын» («Отан» картасы») алу­дың негізгі шарттары мен оны иеленуші – тұлғалардың құ­қық­тары алдын ала қарасты­рылуда. Олардың ішінде қосым­ша құжаттарды бермей Қазақстан шекараларынан бірнеше рет өтуге құқық беретін ұзақ мер­зімді көп мәртелік визаны те­гін алу (шақыру, жұмысқа рұқ­сат және т.б.), Қазақстан Рес­пу­бли­касының азаматтарымен тең Қазақстан аумағында кәсіп­кер­лік қызметпен айналысу,  мем­лекеттік оқу орындарында тегін орта білім алу,  мемлекеттік жо­ғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алу, жеке­меншік оқу орындарында ақылы білім алу және тағы да басқалар.

– Соңғы уақытта бұқара­лық ақ­парат көздерінде «Отандастар қо­ры» тарапынан қоз­ға­лып жатқан мәсе­лелер туралы жиі оқимыз. Солар­дың бірі – «Бір терезе» қағи­дасы негізінде құ­жат­тарды ресім­деуге қатысты қан­дай шаралар атқары­луда?

– Ағайындарды құжаттан­дыру осы уақытқа дейін ең бір күрделі де өзек­ті мәселе бо­лып отыр. Талдау қоры­тын­дысы бо­йынша оралмандар то­лық­қанды ықпалдасу және аза­маттық алу үшін Қазақстан Республикасының аумағында ғана 7 түрлі ұйымға 10 рет өті­ніш беруге және шамамен 46 құжат ұсынуға мәжбүр екендігі анықталды.

«Отандастар қоры» мемле­кеттік органдардың көрсететін қызметтерінің барлық кешенін «Бір терезе» қағидасы­мен авто­маттандыруды және оңтайлан­дыруды ұсынады. Бұл бірінші кезекте төлқұжат пен тіркеуге қатысты. Нәтижесінде, елге келген отандастар ХҚКО-ға аз ғана құжаттарды қосымша тізі­мімен бір рет өтініш беру арқылы бір жерден жауап ала алады.

Осылайша қызмет алудың уа­қыты қысқарады және бірнеше бюрократиялық әуре-сарсаң жо­йы­лады. Яғни, шенеуніктермен тікелей байланыс, уақыт жоғалту, көлік шығындары алынып тасталып, тіл мен заңдарды білмеуден туындайтын қосымша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері үшін жағдайлар азаяды.

«Отандастар қоры» КЕАҚ құ­рылған кезеңнен бастап осы бір күрделі мәселені шешу үшін тиісті мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс ұйымдастырып ке­леді. Қазіргі таңда осы өтке­лектің, қағазбастылықтың жолын жеңілдету үшін «Бір терезе» қағидасы бойынша арнайы «Жол кар­тасы» жасалып, сол негізде тиіс­ті мемлекеттік органдармен жұмыстар жасалуда. Яғни, биз­нес-процестерді түбегейлі жақсарту және өтініштер санын 10-нан 5-ке дейін (қысқа мерзімді перспективада), ал одан әрі 2-ге дейін (ұзақ мерзімді перспективада) ұсынылатын құжаттарды 46-дан 20-ға дейін қысқарту жөнінде ұсыныстар әзірленуде.

– Кезінде өзіңіз әлем елде­рін­дегі қандастарымызға ар­нал­­­ған  Бірыңғай байланыс ор­­талығы қызметінің іске қо­сыл­­ғандығы жайлы БАҚ ар­қылы ой бөлісіп едіңіз. Бүгінде елге оралған және оралуға ниет­­ті қандастарымызды қолдау шара­­ларына толығырақ тоқ­тал­саңыз?

– Біздің қызметіміздің бірі – тарихи Отанына табан тіреген қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне көмек көрсету. Бұл жерде отандастардың ұлттық-этностық және экономикалық ортаға жоғарғы деңгейде сіңісуі, іскер ортада өзін танытуы мен тір­шілік әрекеті үшін тең мүм­кін­дік пен жағдай тудырылып, этностық бейімделуіне барынша көмек көрсетіледі. Соған байланысты Бірыңғай байланыс орталығы мен Қоғам­дық қабылдау ендіріліп,  отан­дас­тар­ды қолдау қызметі ұйым­дастырылды. Бірыңғай байланыс орталығының операторлары телефон және мессенджер­лер арқылы репатриация тетік­тері және тиісті мемлекеттік қыз­меттерді, елімізде бизнес жүр­гізу­ді мемлекеттік қолдау шара­ларына, Қор мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы жүзеге асырып жатқан жобаларға, отандастар мен этностық қазақтарға қажетті басқа да мәселелерге қа­­тысты нормативті-құқықтық ак­тілер бойынша ақпараттық және кон­сультативтік қолдауды жүзеге асырады.

Қоғамдық қабылдау 14 облыс орталығы, Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент қалаларында ашылады. Олар «Отандастар қоры» және Дүниежүзілік қа­зақ­тар қауымдастығы жұмы­сы­ның бағыты бойынша қызы­ғушылық танытқандардың бар­­лығын жеке қабылдап, құ­қық­тық мәселелер жөнінде кеңес береді. Жүгінушілердің мәсе­лелері нақты шешілгенше мүм­кін­дігінше сүйемелдейді және мәселелер уақытында және сапалы қарастырылуы үшін мем­­лекеттік орган құрылым­да­ры­мен өзара әрекетте болады. Жү­гінулерден түскен хат-хабар­лар­ға мониторинг жасайды және сәйке­сінше талдау жұмысын жүргізеді. 

Бірыңғай байланыс орталығы іске қосылған сәттен 1200-ден ас­там азаматтың сауалдары қа­был­данып, жауаптар берілді. Қойы­­латын сұрақтардың көбісі азаматтық алу, мемлекеттік қол­даулар жайлы түсіндірмелер, орал­ман мәртебесін алу және оның құқықтары мен міндеттері жайлы болып отыр.

Сондай-ақ 5 айдың көлемін­де Қоғамдық қабылдауда қарал­ған 130 шағымның 90 пайыздан артығы оң шешімін тапса, қалған мәселелер бойынша қол­даныстағы заңнамаларға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстандық өнімдерді экс­портқа шығару, Қазақстанға инвестиция тарту, дарынды отандастар мен бизнес идеяларды табу, сондай-ақ квазимемлекеттік ком­­паниялар мүдделерін таныстыру мақсатында бір ғана «Атамекен» брендімен іс­кер­лік орталықтар желісін құру шаралары қолға алынды. Олар шетелдегі қазақтардың диас­поралық ұйымдарын қоғамдық бірлестіктер негізінде біріктіру арқылы жұмыс істейтін болады. Іскерлік үйлері біртұтас цифрлы желіге біріктіріліп, кейін дербес сайт-парақшалары құрылады. Ал олардың жұмысын тұратын елінің азаматтығын алған отандас бизнесмендер жүзеге асырады. Осы ретте отандастарымыз арасындағы іскер адамдар­ды анық­тау, оларды ортаға тар­ту үшін қолда бар әлеуетті таны­ту­ға арналған бизнес форумдар өткізілуде.

Бұл шаралардың бас­ты мін­деті – өткізілетін елде қазақ­стандық бизнес қауымдас­тық­ты қалыптастыру, дарынды адамдарды және стартаптарды қоса алғанда, серпінді жобаларды іздеу. Бұл жерде отандастардың бизнес идеяларын, жобаларын іске асыру жолында ұйымдастырушылық немесе қаржылық қолдау көр­сете алатын кәсіпкерлердің «Ата­мекен» Ұлттық палатасы және Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­циясы, басқа да ұйымдар бүгіннің өзінде бірге жұмыс іс­тейтінін айта кету керек. Со­нымен қатар Astana Hub пен с­тар­таптарды қолдау қоры, «Даму», «Қазақ Инвест» және «ҚазАгро» ҰБХ ұйымдарымен серіктес болу жаңа бастамаларды шынайы қолдауға арналған жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Одан бөлек, біз еңбекпен қамту бағдарламасы аясында Оқу-өндіріс орталығын ашу арқылы отандастарды кәсіби оқыту мен жаңа мамандыққа үйретеміз. Басымдық берілген бағыттар қатарында заманауи және дәс­түрлі киімдер, әшекейлер, кәде­сый­лар, азық-түліктер және бас­қа­ларды қоса алғанда, ұлттық бірегейлік нышандарымен байланысты өнім шығару бар.

Тағы бір үлкен жобамыз – ол «Кәсіпқор» холдингімен бірлесіп өндірістік оқыту орталықтарын құру. Бірінші бағыт – оқыту ба­ғыты. Бұл бағыттың көздегені – отандасты оқыту, қайта даярлау, сертификаттау, жұмысқа орналас­тыру. Екіншісі өндірістік бағыт. Бұл отандастарды жаңа технология мен өндіріске оқытады, сертификаттайды, бизнес жоспар жасау­да, кредит, грант алғанда, өндіріс ұйымдастырғанда сүйе­мел­дейді, көмек көрсетеді.  Отан­дастың тұрақты табыс көзін табуы­на жол ашады.

– Шетелдегі жастарға ба­ғыт­­тал­ған жобалар жайлы не айтасыз?

– «Samruk-Kazyna Trust» әлеу­меттік жобаларды дамыту қорымен және «Әлеуметтік жо­балар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп «Туған елге саяхат» балалар туристік пойы­зы әлеуметтік жобасы жүзеге асы­рылды. Экскурсиялық сапар екі турдан тұрады. Біріншісі 1-9 шілде аралығында,  екіншісі 1-9 тамыз аралығында өтіп, жобаға қатысу үшін 50 бала шақырылды.

Бұл жоба еліміздің тарихи және сәулеттік ескерткіштерін зерт­теуге, Отанға деген сүйіспен­шілікті арттырып, отаншылдықты нығайтуға бағытталған.

Ақпарат және қоғамдық да­му министрлігінің ұйымдас­ты­руы­мен өтіп жатқан ZEREN-2019 республикалық жаз­­ғы  лагеріне «Отандастар қо­ры­­ның» қолдауымен 30 қанда­сымыз қатысып келді. Олар – Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен келген белсенділер. Отандастарымыздан құралған командалар жоғары нәтиже көрсетіп, өз бизнес жобаларын жүзеге асыру мақсатында 1-кезеңде 3-орын  750 000 теңге, 2-кезеңде 2-орын 1 000 000 теңге көтерме ақы иеленді. 

Сондай-ақ өткен 10-24 шіл­де аралығында «Назарбаев зият­керлік мектебі» базасындағы шетел­дегі қазақ диаспорасы ба­ла­ларына арналған жазғы лагерь жобасы жүзеге асырылды. Жаз­ғы лагерьге алыс-жақын ше­телдерде (Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тә­жік­стан, Иран, Моңғолия) тұ­ра­тын 12-17 жас аралығындағы 150 бала қатысты.

Екі апталық оқу-танымдық бағдарламасы аясында балалар Нұр-Сұлтан қаласында орна­ласқан еліміздің мәдени, тарихи, әлеуметтік маңызы зор нысандарымен, ескерткіштерімен, өндірістік кәсіпорындарымен, «Бурабай» ұлттық табиғи саяба­ғы­мен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен бірге этностық қазақ балалары қазақ тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін, тарихын, ұлттық аспаптары мен ойындарын, фи­зика, химия сынды ғылым салаларын меңгерді. Бұдан бө­лек, «Болашақ» халықаралық бағдар­ламалар орталығымен бірлесіп, Қазақстанға диаспора арасынан студенттерді тарту бойынша 30-дан астам ЖОО қатысатын ар­найы сапарлар бағдарламасы бекітілді.

Осы және өзге де жобаларды іске асыру қазіргі заманғы, та­лантты және білімді жас­тар­ды іздестіру, тарту және тәр­бие­леу бойынша жағдай жа­сау­ға елеулі үлес қосады. Жас­тар біздің болашағымыз, бі­лім мен тәрбиенің негізінде ұлт­­тық кодты сақтау борышымыз деп санаймын. Себебі шеттен кел­ген ағайындар мә­де­ниетімізді, ұлттық рухани бай­лығымызды молайтып, дең­гейін биіктете түсті.

Мемлекет шеттен келген аға­йын­­­дардың игерген білімі мен әртүрлі кәсіптегі тәжірибесін пай­­­­­далана білсе, бұл ұлттың ке­мел­­де­нуін, ел экономикасының да­муын біршама жеделдетеді.

Шеттегі және Қазақстандағы қазақтар, әртүрлі жерлік ерек­шеліктерден құралғанымен, бір мәдениет, бір тіл және бір діннің иесі. Олар ортақ тарихымен бірік­тірілген тұтас қазақ этносы болып табылады. Сондықтан Елбасының қандастарымызды қолдау саясаты ұлт тарихының тереңінен бастау алатынын ескеріп, оны іске асыру әрбір отандасымыздың міндеті деп пайымдаймын.

 

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»