Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2019

Бейбітшілік тірегі – түсіністікке ұмтылған сана және сабырлы ақыл

486 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы сабақтастықты сақтай отырып, одан әрі даму бағытын көрсетіп берді... Соңғы отыз жыл еліміз үшін бейбіт­ші­лік пен алға ілгерілеудің кезеңі болды. Елімізде заң салтанат құрып, еркін­дік құндылыққа айналды. Әрине мұның бәрі Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының нәтижесінде жүзеге асты.

Бейбітшілік тірегі – түсіністікке ұмтылған сана және сабырлы ақыл

Қазақстан көпдінді, көпэтнос­ты мемлекет. Бұл әралуандық біздің бағы­мыз болды. Азаматтардың діни сеніміне кесірін тигізбейтін құқықтық, діни қысым туындатпайтын зайырлы, этностық қырқысты болдырмайтын әлеуметтік мемлекет құрылды. Мемлекет басшысының Жолдауында осы мәселелер анық айтылды.

Жолдауда көрсетілген дінаралық түсінікті сақтауымыздың маңызы өте жоғары. Себебі әлемдегі діни ахуалды сараптап отырсақ, діни сенімдерге байланысты бір-бірін кінәлаған халықтарды байқаймыз. Оның соңы ел ішінде азамат­тық соғысқа ұласып жатыр. Шына­йы діндарлық, ол – бейбітшілік. «Шынайы дін – бейбітшілік, ал қалғаны – жаман түсіндіру» деген нақыл бар. Біздің жолымыз бейбітшілікке бастап тұрса, ең дұрыс идея, маңызды іс сол деп санаймыз. Қазақ көппен бірге болуға үндейді. Көптің тілеуі – бейбітшілік. Бұл бағытта Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған дінаралық түсіністіктің мәні жоғары.

Осы орайда дінаралық келісімді қалып­тастырудың қазақстандық моде­лі болған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезінің маңыз­ды­лы­ғына ерекше тоқталғым келеді.

Әлемдік қоғамдастық ХXI ғасырға қадам баса отырып, халықаралық қауіп­сіз­дікке төніп тұрған сын-қатерлердің жаңа түрі, халықаралық сипат алған терроризм және діннің атын жамылған экстремизм мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Ал өз кезегінде терроризм мен экстремизм идеологиялық күш көрсетуге байланысты саяси күрестің бір түрі.

Осындай діннің атына телініп отыр­ған қайшылықтар мен қасіреттер заманында әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері мен өкілдері пікірлерінің бір арнаға тоғысуы, олардың арасында өзара түсіністіктің орнауы, байсалдылық ұстанымдарының басымдық танытуы, тіпті ортақ мәселелерді белгілі бір мәмілеге келе отырып талқылау, мүмкін болса ортақ шешімдер қабылдау өркениет тарихында, қазіргі адамзат қоғамының бейбітшілігі мен игілігі үшін ауадай қажет шара. Осындай әлемде баламасы жоқ шараның еліміз­дің бастамашы болуымен қолға алынуы, оның елордамыз Нұр-Сұлтанда әр үш жыл сайын ұйымдастырылуы адамзат қоғамының бейбітшілігі мен тұрақ­ты­лығын нығайтуға қосылған үлес, қар­қын­дап дамып, аяғынан тік тұрып келе жатқан еліміз үшін үлкен абырой.

Мемлекет басшысы дінаралық түсі­нік дамуымыздың негіздерінің бірі екенін атап көрсетті. Бүгінгі таңда Қа­зақ­­станда 18 конфессияға тиесілі 3754 діни бірлестіктің өкілдері бейбіт өмір сүруде және өзара іс-қимыл жасау­да. Оның ішінде саны аз діни топ­тар діни рәсімдерді өткізу үшін жи­на­лу­ға, діни әдебиетті қолдану немесе қайы­рым­ды­лық ұйымдарын құруға құқылы.

Ақпарат және қоғамдық даму минис­тр­лігі елдегі конфессияаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іл­ге­­рілетуге бағытталған кешенді жұ­мыс­­­тарды белсенді жалғастыруда. Жұ­­мыс­тың негізгі бағыты Елбасы бекіт­­кен Дін саласындағы мемлекеттік сая­сат­тың 2017-2020 жылдарға арналған ­тұ­жырымдамасына сәйкес құрылған.

Стратегиялық тәсілдер министрлік жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес, Діни бірлес­тік­тер көшбасшыларының жиналысы, Дінтанушылар форумы, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съезі сияқты диалог алаңдары арқылы белсенді түрде алға жылжуда.

2018 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығын құру туралы бастама бір­ауыз­дан қолдау тапты. Қазіргі таңда Орта­лық құрылды және жұмыс істеп жатыр.

Министрліктің үйлестіруімен дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшеле­рі еліміздің 17 өңірінде халық арасында діни экстремизм көріністеріне қарсы және дінаралық келісімді насихаттау бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Дін мәселелері бойынша аймақ­тық ақпараттық-түсіндіру топта­ры мүшелерінің қатысуымен осы жыл­дың бірінші жартыжылдығында
1 млн-нан астам адамды қамтыған түрлі форматтағы 16 800 іс-шара ұйым­дас­ты­рылды. Жастар арасында түсіндіру іс-шаралары үнемі жалғасып келеді. Барлығы 316 мыңнан астам адамды қамтыған 6700-ден астам шара өткі­зіл­ді. Сонымен қатар балалар үйлері мен интернаттарда 670-тен астам тәрбие­лену­ші­ні қамтитын 38 түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.

Конфессияаралық келісімді қамта­ма­сыз ету үшін министрлік жүзеге асыратын шаралар елдегі діни ахуалға мони­торинг жүргізу нәтижелеріне қа­рай, діни ахуалдың дамуының негізгі үрдістерін талдау, өзекті мәселелерді анық­тау негізінде жүзеге асырылады. Оның қорытындысы бойынша діни қатынастарды реттеу саласындағы мем­ле­кеттік органдардың қызметін жетіл­ді­ру үшін ұсынымдар әзірленеді.

Биылғы жылдың II тоқсанында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша халықтың 90%-ы дін сала­сын­дағы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қолдайды. Азаматтардың 85%-ы дін саласындағы мемлекеттік саясатты ілгерілету жұмы­сы­ның тиімділігін бағалау туралы оң жауап берді.

Елбасы «Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан» деген болатын. Түрлі діни көзқарастарына қарамастан азаматтарымыз Елбасы атаған ортақ идея аясында қызмет етуде. Бұл – біздің жетістігіміз. Министрлік осы бағыттағы жұмыстарды үздіксіз атқаруда.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі. Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер» деген болатын. Жолдаудағы осы айтылған құндылықтардың еліміздегі діни ахуал­ға тікелей қатысы бар.

Осындайда хакім Абайдың «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда то­лық боласың елден бөлек» деп, адам­ның жігерін ынталандырған сөзі де еске түседі. Еліміздегі дінаралық келісім саясаты да осы кемеңгерлік идея­ға негіз­дел­ген деп санаймын. Нағыз бай­лық адамның ақылында, санасында. Сенімде түсінік, қоғамдық диалогта түсіністік, санада бірлік болғанда ғана елдің дамитынына осы уақытқа дейін жүріп өткен 30 жылымыз мысал бола алады.

Қоғамды бейбітшілікке келтіретін күш емес, түсіністікке ұмтылған сана және сабырлы ақыл екенін Елба­сы­мыз­дың сара жолы көрсетті. Сон­дықтан Мемлекет басшысы өз Жол­дауы арқылы осы ұғымдардың маңыз­ды­лы­ғын алға тартып отыр.

 

Марат ӘЗІЛХАНОВ,

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі