Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2019

Қарағанды облысында 5000 адам диктант жазды

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«2019 jyl – Jastar jyly» атты жалпықазақстандық ашық диктант жобасына Қарағанды облысы бойынша 5 мыңнан астам адам қатысты.

Қарағанды облысында 5000 адам диктант жазды

Өңірдің студенттері, оқытушылары, мемлекеттік қызметшілері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері Қарағанды қаласының «Достық үйінде», оқу орындарында, облыстық кітапханаларда латын графикасы негізінде қазақ тілінде диктант жазды.

Қарағанды облысындағы Т.Шевченко атындағы «Рідне слово» орталығының төрайымы Зеновия Красивская бұл жобаға екінші рет қатысып отырғанын мақтанышпен айтты.

– Диктант жазу маған сонщалықты қиын болмады. Өйткені «Достық үйінің» лингафондық кабинетінде қазақ тілін оқимын. Ақпараттық технологиялар заманында біз уақыттан қалмауымыз керек. Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы. Бұл қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруына, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге және оның болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жастар жылына» арнаған бұл жобасы жалпыұлттық бірлік пен келісімді нығайту, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға көмектесу, халық пен қоғамды біріктіретін фактор ретінде мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтаны арттыру сияқты мақсаттарды алға қойған.

Жазылған диктант жұмыстары мамандар тексеруінен өткеннен кейін, үздік қатысушылар анықталып, олар ҚХА-ның алғыс хаттарымен марапатталады.

 

 

Қарағанды облысы