Қоғам • 12 Қыркүйек, 2019

Елордада Astana Media Week өтіп жатыр

152 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі Astana Media Week (AMW) апталығының ашылу рәсімі болды. «Қазмедиа орталығында» ұйымдастырылған шара үш күнге жоспарланған. Отандық бұқаралық ақпарат өкілдерінің басын қосқан бұл алқалы жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев арнайы қатысты.

Елордада Astana Media Week өтіп жатыр

Astana Media Week-тің алға қойған мақсаты – отандық медиа секторды дамыту және саладағы іскерлік қатынастарды аймақтық деңгейде ілгерілету.

Былтыр AMW бағдарламасына қатысу үшін екі мыңнан астам қонақ жиналған еді. Сол жолы медиа индус­трияның тетігін ұстаған отандық және шетелдік 60 топ-менеджер мен 50-ден астам өндірістік компания өздерін таныстырып, өнімін көрсеткен болатын. Ал биылғы апталық түрлі тақырыптарды қамтумен, олардың мазмұнының қызықтылығымен ерек­шеленді. Жиын барысында жауапты министрлік маңызды жобалар мен тың идеяларды қолдауға әзір екенін білдірді.

– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әрқашан дайын. Сіздерді панельдік сессияларға белсене қатысуға шақыра отырып, бүгінгі және алдағы жиындарға табыс тілеймін. Ұялы телефонның теледидармен және басылымдармен бәсекеге түскені баршамызға белгілі. Бұл үдерістің технологиялық немесе маркетингтік қана емес, этикалық, демографиялық және әлеуметтік-саяси ерекшеліктері де бар. Мойындау керек, мемлекет үлкен және икемсіз бюрократиялық механизм ретінде бұл өзгерістерге біз ойлағандай жедел жауа­п бере алмай отыр, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Д.Абаевтың атап өткеніндей, мемлекеттік органдар үшін қа­зіргі өзгеріс­терге жауап беруде кәсіби маман­дардың пікірі мен көзқарасы маңызды. Тағы бір мәселе – медиасауаттылықты арттыру ісіне назар аударды.
– Мемлекеттік мүддені халыққа жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда медиа саласының атқарар маңызы зор. Осы орайда еліміздің ақпарат құралдары алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол Елбасы бастаған, Мемлекет басшысы қолдап отырған саяси-экономикалық және рухани жаңғыру жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру. Astana Media Week диалог алаңын ұйымдастырудағы негізгі мақсаттардың бірі –  ақпарат құралдары өкілдерінің бір-бірімен танысып, пікір алмасуларына жағдай жасау. Осылайша, еліміздің медиа саласын әр тараптан емес, ортақ мүдде аясында дамыту деген ниетіміз бар. Бұл ауқымды шараның көздеген тағы бір мақсаты – ел тұрғындарының медиасауатын арттыру, медиамәдениетті қалыптастыру.

Жиынның ашылу салтанатынан кейін бірнеше секцияға бөлінген аудиторияларда түрлі тақырыптар қозғалды. Нақ­ты­лай айтқанда, жиынның алғашқы күні  отан­дық сериалдар мен кино индус­триясы саласына қатысты тақырыптарға басымдық берілді. Диалог алаңдарында медиа мамандар саладағы салғырттық, сериалдағы сапа, экрандағы этикадан бастап, жұрттың қызығу­шылығын тудыру мен қаржы табу секілді бірнеше мәселені қозғап, пікірлерімен бөлісті.

Халықаралық спикерлердің қатарында Star Media киноком­паниясының вице-президенті Никита Тринкин, қытайлық бел­гілі продюсер У Цзян, поляк режис­сері және продюсер Дариуш Яблон­ски және үндістандық NFDC халықаралық тарату және маркетинг бөлімінің бастығы Дипли Чаула секілді қонақтар болғанын айта кеткен жөн. Олар басқосуда өз тәжірибелерімен бөлісіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Отандық медиа мамандары үшін олардың сериал түсірудегі озық тәсілдері қы­зығырақ болды. Жиын барысында қазақстандық сериалдар мен кино туындылардың кемшіліктері мен артықшы­лықтары да сөз болды.

Апталық барысында белгілі болғандай, Қазақстанда аудиториясы көбейіп келе жатқан телеарналардың қатары арта түскен. Оған тағы бір себеп төл телехикаяларымыздың көбейіп келе жатқандығы көрінеді. Мұны күнделікті өмірде көгілдір экранды қалт жібермейтін көрермен бізден жақсы білмесе, кем білмей­ті­ні анық. Осы ретте министр қазақстандық және шетелдік телеарналарды бірлесе отырып жұмыс істеуге шақырды. Бұл үшін барынша жағдай жасауға болатынын жеткізді.

AMW аясында Қазақстандағы алғашқы – «ADTribune – Азияның жарнамалық дауысы» атты конференциясы өтеді. Онда саладағы мәселелер, қиындықтар мен трендтер туралы ашық айтылады. Медиа аптаның соңғы күні медиа мазмұндағы трендтерге – интерактивті үдеу, видео-мазмұн эволюциясы, бейімделуі, монетизация тақырыптарына арналады. Олар медианы тұтынудың жаңа үлгілері өнімнің мазмұнын қалай өзгертетіні туралы, сандық медиа мониторингі мен сараптамасы жайында және «қазақша сөйлейтін Youtube» туралы бол­мақ. Сондай-ақ іс-шаралар бары­сында бірнеше телеарнаның теле­визиялық жаңа маусымы ашылады.