Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2019

Арыста жөндеу жұмыстарының 99,3%-ы аяқталған

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Асқар Мамин Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Арыс қаласындағы тұрғын үйлер мен нысандарды қалпына келтіру бойынша тапсырмасын орындау аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тексерді.

Арыста жөндеу жұмыстарының 99,3%-ы аяқталған

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтері бойынша, Арыс қаласында жөндеу жұмыстарының 99,3%-ы аяқталған. Қалпына келтіру жұмыстарына тартылған 144 құрылыс компаниясы, 3,8 мыңнан астам жұмысшы және 211 арнайы техника барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау мақсатына жұмылдырылған болатын. Арыс қаласында жөндеуді қажет еткен жалпы 68 әлеуметтік нысанның 4-уі жана құрылыс, 64-інде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда 62 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған 6 нысанда жұмыс жалғасуда.

Премьер-Министр «Арыс-1» темір жол вокзалының жөндеуден өткен ғимараты мен оның алдындағы гүлзарды аралап көрді. Сондай-ақ «Арыс минералды су» қалпына келтірілген кәсіпорнына барды. Арыс қаласында үйлері толығымен қиратылған 100 отбасына арналған екі пәтерлі 50 үйден тұратын жаңа шағын ауданның құрылысы барысымен танысты. Барлық үйлер пайдалануға беруге жақын. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары және үй жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Асқар Мамин Арыс қаласындағы қайта салынған жеке үйлерге кіріп, тұрғындармен әңгімелесті.

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Түркістан қаласындағы болашақ халықаралық әуежайдың құрылыс алаңында болды. Жоба түріктің «YDA Holding» компаниясымен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрайды. Нысанды келесі жылдың соңында пайдалануға беру көзделген. Премьер-Министрге әкімшілік, әлеуметтік, тарихи және мәдени маңыздағы нысандар құрылысының барысы туралы баяндалды. Үкімет басшысы, сондай-ақ әкімдік, медиа орталық, конгресс-холл ғимараттарын, «Нұр-Сұлтан» алаңын, Тұңғыш Президент саябағын, Олимпиадалық резервтің спорт мектебін, музыка мектебін, бассейні бар мектеп сарайын, неке сарайын, халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын, сонымен қатар аттракциондары бар қалалық саябақты, музыкалық фонтан, амфитеатр, салынып жатқан тарихи-мәдени орталықтың, Шығыс моншасының, қалалық Арбаттың құрылыс алаңдарын аралады. Премьер-Министрге Түркістан қаласының Бас жоспары көрсетіліп, облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар да таныс­тырылды.

 

Түркістан облысы