Аталған жарысқа балуандармен қатар, құрметті қонақ ретінде ғалам мойындаған мықтылар да келіп, чемпионаттың нәрін кіргізіп, сәнін көркейтпек көрінеді. Соның бірі – адамзаттың алыбы, классикалық күрестен (грек-рим күресі) аса ауыр салмақта 3 дүркін Олимпиада, 9 дүркін әлем, 12 дүркін Еуропа чемпионы Александр Карелин.
Аты аңызға айналған алып жайлы әңгіме көп. Бірде Новосібір қаласының шетінде орналасқан әрі тәртібі нашар оқушыларға арналған мектепке Карелин кездесуге барыпты. Оқушылар одан нашақорлық жайлы сұрағанда: «Ит істейтін ісі болмағандықтан, бұтын жалайды, ал ақымақ адам ғана наша шегеді» деп дүңк еткізіпті. Бар болғаны осы бір ауыз сөзден кейін мектептің есірткіге әуес балалары сап тыйылған көрінеді.
Александр Карелиннің ең бір жек көретін ісі – туған күн мерекесін даңғазалап тойлау. «Неге олай?» дегендерге дастарқан басына жиналып алып бір-бірімізді асыра мақтау, онсыз да белгілі оқиғаны көбіршіктетіп көбейту қисынсыз қылық дейтін көрінеді.
Осы орайда болашақ ұрпақ үшін, сондай-ақ бозкілемде белдесіп, спорттық өмірге қадам басқан жасөспірімдер үшін атақты балуанның өмірде қатаң ұстанатын қағидаттары жайлы айта кетсек артық болмас. Сонымен А.Карелиннің қағидаттарына назар салыңыз.
Өмірде мен үлгі тұтатын адам – әкем. Бірде әкем мені шақырып алды да, теледидардан атақты балуан Иван Ярыгинді көрсетіп, «Мына адамға жақсылап қарап ал. Бұл красноярлық даңқты балуан. Дәл осы адамдай бол» деп бұйырды. Мен әке үкімін орындау үшін күрес кілеміне шықтым.
Алғаш күресті бастағанымда әкей: «Ұпай санымен ұту дегенді ұмыт. Тек қана таза жеңісті қанағат тұтатын бол!» деді. Бұл сөз менің ғұмырлық қағидатыма айналды.
Тағдыр адам баласына қайткен күнде өте көп мүмкіндік сыйлайды. Ең бастысы, оны аңғармай босқа жіберіп алудан сақ болған жөн.
«Жарыс дегеніміз – көрермені бар жаттығу» дегенді танымал бапкер, мені жаттықтырған маман Виктор Михайлович Кузнецов үнемі айтатын. Мен жылына ондаған жарысқа қатысып, жеңіске жету арқылы басқаларға «Карелинді жеңу қиын» деген түсінік қалыптастырып үлгердім.
Жеткен жетістігімнің 5 пайызы – талант, қалғаны еңбек, яғни төгілген тер. Чемпион болуды армандаған адам – еңбек етуден қашпағаны жөн.
Балуан ретінде күрестің өте көп әдіс-тәсілін білемін. Бірақ толық игергенім үш-ақ әдіс. Ұдайы жеңіске жетуіме осының өзі жеткілікті болды.
Барселона Олимпиадасынан (1992) кейін күресті доғарғым келді. Бапкерлер маған «Саша, қарасаңшы сенің алдыңда кім тұрғанын. Александр Васильевич Медведь. Бұл адам 3 дүркін Олимпиада чемпионы. Ал сен ше?». Осы сөзден кейін қолма-қол жаттығуға кірістім.
Барлық әлем біріншілігін біріктірсең де, бір Олимпиаданың жүлдесіне татымайды.
Өзіме ыңғайлы, классикалық күреске тоғыстырған тағдырға ризамын. Егер бұл күрес пен менің икемім үйлеспесе, зор жетістікке жетпес те едім.
Думаға депутат болған алғашқы жылы имиджмейкерлер келіп: шашыңды тым қысқартпа, сөз мәнеріңді түзе, джинси киме, джипке отырма деп ақыл айта бастады. Бұл маған ұнамады. Мен: «Одан да осы мәртебелі жиынға ернімді бояп келсем қалай?» дедім. Шын мәнінде адам өз болмысымен қымбат. Жасанды қылық жараспайды. Мені сайлаған халық. Олар тіпті боқмұрын кезімнен біледі. Ұят емес пе?.
Ереже өзгергендіктен жеңілдім дейді көптеген балуандар. Нағыз балуан ережесіз де жеңеді. Төрешіге жалтақтап одан «сый» дәмету жігітке жараспайды.
«Әлем мемлекеттері Олимпиадаға қатысушыларды дайындайды, ал Ресей Олимпиада чемпиондарын дайындайды» деген тәмсіл бар. Бұл рас енді.
Балаларыма балуан бол демеймін. Бірақ интернеттің бұғауында болғаннан гөрі спортпен шұғылданған артық екенін ескертемін. Қайткен күнде спортшы болу міндет емес, бірақ азамат болу адамға парыз.