Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2019

«Оймаша» оқу полигонында теңіз жаяу әскерлерінің оқу-жаттығулары өтті

315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Оймаша» оқу полигонында танктік, артиллериялық, зениттік, инженерлік және радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау бөлімдерінің қатысуымен теңіз жаяу әскерлерінің тактикалық оқу-жаттығулары өтті. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Басқармасының баспасөз қызметі капитан Рустем Игисинов хабарлады.

«Оймаша» оқу полигонында  теңіз жаяу әскерлерінің оқу-жаттығулары өтті

Оқу-жаттығуларға 400-ден астам әскери қызметшілер мен 100-ге жуық әскери техника жұмылдырылды. Әскерлер жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейіне келтіріліп, оқу-жаттығу орнына марш жасады. Полигонда әскери қызметшілер аумақты оқшаулау және қарсыласты ығыстыру бойынша тапсырмаларды сәтті орындап шықты.

 «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Жеңіс Мараловтың айтуы бойынша, тактикалық оқу-жаттығудың басты мақсаты батальондық тактикалық топтардың жауынгерлік үйлесімділігін жетілдіру және стратегиялық объектілерді қорғау мен колонналарды ілестіру бойынша іс-қимылдарды пысықтау болып табылады.

Оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша 2 теңіз жаяу әскері ротасының командирі лейтенант Азамат Азамбай көзге түсті. Ол бағынышты жеке құрамды сенімді басқара білсе, сарбаздары тактикалық даярлықтың жоғары деңгейімен ерекшеленді.

 

Маңғыстау облысы