Елжан Біртанов дәрігерлерге денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы жаңа моделін түсіндірді. Ол медициналық көмекке қажетті қаржы тапшылығын жоюға, жеке клиникаларды тартуға, дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ министр медициналық көмектің екі пакетін егжей-тегжейлі түсіндірді.
- Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі сол күйде қалады, ал медициналық сақтандыру аясында қосымша консультациялық-диагностикалық қызметтер, дәрілік препараттар және күрделі операциялардан кейін оңалту сынды қызметтер көрсетіледі,- деді Елжан Біртанов.
Облыстағы аурухана мен емхана басшыларының алдында сөз сөйлеген Е. Біртанов медициналық реформа жайлы халыққа кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың сәтті іске қосылуы дәрігерлердің МӘМС-ті қалай қабылдайтынына және жаңа жүйенің артықшылықтарын өз пациенттеріне қалай жеткізетініне байланысты болады.
Сонымен қатар, министр Түркістандағы Гранд Роял қонақ үйінің аумағында болған жарылыстан зардап шеккен 5 науқас ем қабылдап жатқан қалалық орталық ауруханаға да барды.
Аурухананың бас дәрігері Жанболат Ділдәбековтың айтуынша, 10 қыркүйекте ауруханаға шұғыл түрде 5 адам түскен. Жарақаттанып, терісі күйік шалған үш науқас травматология бөліміне жатқызылды. Денесінің 36 пайызы күйіп қалған бір пациент жансақтау бөлімінде. Ведомство басшысы орташа ауыр күйде жатқан науқастардың жағдайын білді.
- Зардап шеккендерге қажет дәрі-дәрмек бар, емделушіледің жағдайы қауіпті емес,- деді Жанболат Ділдәбеков.
Елжан Біртанов жараланған науқастарға тиісті медициналық көмек көрсетуді тапсырды және науқастардың жағдайын жеке бақылауына алды.