Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2019

Тілсіз жауды тізгіндеген түркістандық өрт сөндірушілер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталады

446 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өрт – тілсіз жау, апат айтып келмейді. Кешіксең – кешірмейді. Сәл тосылсаң, тажал әп-сәтте-ақ айналасын жалмайды. Сондықтан тілсіз жаумен күресетін азаматтың да ерік-жігері мықты, жаужүрек болғаны жөн. Күні кеше Түркістан қаласындағы «Royal Grand» қонақүйінде орын алған оқиғада өрт сөндірушілер осы талаптан табылып, кәсіби шеберліктерінің жоғары екендігін көрсетті.

Тілсіз жауды тізгіндеген түркістандық өрт сөндірушілер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталады

Бүгінде олардың ерен еңбегі мен ерлігі жоғары бағаланып отыр. Пре­зидент Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақ­­ша­сында «Түркістандағы қо­нақүйде болған өрттен зардап шеккен ІІМ қыз­мет­керлерінің тез сауығып кетуін тілей­мін. Олар­дың ерен еңбектері мем­ле­­­кет­тік наградаларға лайық», деп жазды.

Алдын ала берілген мәлімет­тер­ге сүйенсек, Түркістан қала­сында орналасқан «Royal Grand» қонақүйінде орын алған өрт газ цистернасын толтыру кезінде шыққан. Газ таситын көлік жүргізушісі әрі оператор Талғат Зұлфайдаровтың айтуынша, қонақүйдің цистернасы айына бір рет газбен толтырылады. Кінәрат өзі мен көлігінде емес, қонақүй қызметкерінен бол­ғанын айтқан көлік жүргізу­шісінің пайымдауынша, газ жиналып қалып, асханаға жеткен. Жарылыс салдарынан қонақүй маңындағы үйлердің терезесі қирап, шатырлары ұшқан. Бүлінген нысандардың нақты саны анықталуда. Әсіресе мейманхана іргесінде орналасқан 150 орындық балабақша қызметкерлері қатты шошыған. Жарылыс балалардың барлығы үйлеріне қайтып кеткен соң орын алған.

Шамамен 1400 шаршы метрді шарпыған өрт салдарынан барлығы 11 адам зардап шеккен, 6 өрт сөндіру қызметкері медициналық кө­мекке жүгінген. Сондай-ақ 3 полиция қыз­мет­кері және 2 қала тұрғынына меди­циналық жәрдем көрсетілген. Орта­лық қалалық ауруханаға бес зардап шегуші жеткізілген. Оқиға орнында өз міндеттерін мінсіз атқарған төтенше жағдай департаменті қызмет­кер­лері мен полицейлер жедел әрекет­тері арқылы қайғылы жағдайға жет­кіз­беді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы, азамат­тық қорғау полковнигі Нұрғали Жүнісов тілсіз жаудың орын алуы­на газ цистернасының жарылуы себеп болғанын мәлімдеді. Өртті сөн­ді­ру­ге Түркістан облысы ТЖД жеке құрамынан 70 адам және 14 өрт сөн­ді­ру техникасы жұмылдырылған.

Өрт кезінде патрульдік полиция батальон командирінің орынба­сары, полиция майоры Қанат Рақышев пен Түркістан қалалық төтенше жағ­дай­лар басқар­масының азаматтық қор­ғау майоры Болат Түйменов адам шығынын болдырмау үшін бар­лық бөлмелерді тексеріп, өрт шар­пы­ған ғимараттан 4 жасар қызды және Түркияның екі азаматын құт­қар­ған. Өртті ауыздықтау барысында Түркістан облысы ТЖҚ-нің 4 қызметкері жарақаттанып, түрлі дә­ре­­жедегі күйіктерімен орталық ауру­­ханаға жатқызылған. Олардың ара­­сында жансақтау бөлімінде жат­қан Түр­кістан облысы ТЖҚ ҚБ басты­ғы­ның орынбасары, азаматтық қор­ғау подполковнигі Бақытжан Абду­ғап­па­ров бар. Осы арада айта кетелік, Б.Абдуғаппаров Арыс қаласындағы жарылыс кезінде де мінсіз қызметімен тұр­ғындардың алғысына бөленген болатын. Сол кездегі ерлігі мен еңбе­гі жоғары бағаланған азаматтық қор­ғау подполковнигі «Ерлігі үшін» меда­лі­мен марапатталды. Кешегі тілсіз жау­мен күресте де Б.Абду­ғап­паров алдың­ғы шептен табылды.

Өзгелердің қауіпсіздігін бірінші кезек­ке қойған азаматтардың жағ­да­­йын білуге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов Түр­кіс­тан қалалық ауруханасына барды. Минис­тр­лер ауруханада күйік шалып жатқан тө­тенше жағдай қызмет­керлерінің халін сұрап, барлық қажет­ті көмек көр­се­тілетінін айтты. Қалалық орталық ауру­хана бас дәрі­герінің орынбасары Әмірхан Сандыбаевтың айтуынша, Бақытжан Абдуғаппаровтың қазіргі жағ­дайы орташа дәрежеде. «Оны трав­ма­тология бөліміне ауыстыру жоспар­ла­нуда. Қалған үш өрт сөндіруші де травматология бөлімінде жатыр. Олардың екеуін күйік шалған, ал біреуінің бұғанасы сынған. Қазір олар қажетті ем шараларын алуда. Жағ­дай­ла­ры орташа дәрежеде. Өмір­ле­ріне ешқандай қауіп жоқ», дейді дәрігер.

«Royal Grand» қонақүйіне қоныс­танғандар арасында Түркістан қала­сына ғылыми конференцияға келген шетелдік азаматтар да бар. Бүгінде олар өрт кезінде өмірлерін аман алып қалған полиция қызметкерлеріне алғыс айтуда. Түркия азаматтары профессор Хашим Өзудоғру мен оның әріптесі профессор Нұритдин Парылтының айтуынша, өрт шыққанда олар үшінші қабатта болған. Содан кейін отқа оранып жатқан төменгі қабатқа қарай түсуге жүрексініп тұр­ған сәт­те қонақүйде қалған адамдарды ізде­ген полиция қызметкері байқап қалады. Сөйтіп Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальоны коман­ди­рінің орынбасары, полиция майоры Қанат Рақышев Түркия азаматтарын қауіпсіз жерге дін аман алып шығады.

Қазіргі уақытта осы оқиғаға қа­тысты Түркістан қалалық полиция бас­қар­масының тергеушілері Қыл­мыстық кодекстің 292-бабы «Өрт қауiп­сiздiгi талаптарын бұзу» бойын­ша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амал­да­ры жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалған.

Түркістан облысы