Сондай-ақ Жолдау мазмұнына интерпретация жасау автордың саяси-экономикалық тақырыптарға көзқарастары мен ұстанымдарын анықтай түседі. Ал Мемлекет басшысының Жолдауы қазақстандық саяси аренадағы соңғы оқиғалар мен жағдайлардың, әлеуметтік беймазалық пен қоғамдық толқуларға өзек болып отырған мәселелердің шешу жолы ретінде ұсынылып отыр. Қазақстан халқының экономикалық тұрғыдағы көңіл күй ахуалы мемлекеттік саясаттың бағытына ықпал етіп отырған негізгі фактор. Президент Жолдауының тақырыбы саяси тұрақтылықтың кепілі ретінде тереңдетілген демократиялық құндылықтарға иек артады. Жолдау мәтінінде «азаматтық қоғам» сөзі бес рет келтіріліп, үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру арқылы қоғамдық тұрақтылық пен біртұтастылықты сақтауға ерекше мән береді. Президенттің 2020 жылды «Волонтер жылы» деп айшықтауы таяу күндерде азаматтық бастамалар мен азаматтық қоғам институттары қызметінің жүйеленуі мен рөлінің артуына әкеледі.
Қазақстандық либерализация, әсіресе мемлекеттің бастамасы негізінде құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне кеңірек арқа сүйейді. Қоғамдық сенім мен беделге ие болған ситуациялық лидерлердің кеңес құрамында айқындалуы құқықтық мемлекет тұжырымдарында анықталған шешім қабылдау балансының бөлінісін қайта құрылымдайды. Кеңес модераторларының сын-пікірлер мен қордаланған мәселелерді талқылаудағы ашықтығы мен өзара әрекеттестігі қоғам тарапынан сенім үстейді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы үде үстінде құрылған деуге толық негіз бар. Қазақстандықтардың көзқарастары мен ұстанымдарында айқын білініп отырған саяси сана деңгейі демократиялық қағидалар қолданысын тереңдете түсуде. Бұл ретте Мемлекет басшысының көппартиялық жүйе мен саяси плюрализмді дамытуға білдірген қолдауы уақыт талабына сәйкес берілген жауап деп ұқсақ болады.
Жолдау мәтінін қамтитын бес бағыт тақырыптың әркелкілігін білдіргенімен оның өзегінде әлеуметтік мәселелерге екпін берілген. Мәселен, Жолдауда «әлеуметтік» сөзі барлық бес бағытта 35 жерде кездесіп, оның басым көпшілігі жалпы халықтың тұрмыс деңгейін оңтайландыруды түсіндіруге қолданылған. Президент Ата Заңымыздағы «әлеуметтік мемлекет» екендігімізді еске сала отырып әлеуметтік саясат мемлекеттің басты бағыты болып қала беретіндігін тілге тиек етеді. Бүгінгі қалыптасқан оқиғалар тізбегі де әлеуметтік саясатты байсалдылықпен жүргізу керектігіне тағы бір мәрте көз жеткізген сыңайлы. Бұл ретте халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттырудың көзі ретінде қарапайым заттар экономикасына жан бітіруді алға тартуы мерзімі бойынша қисынды. Жолдауда микро, шағын және орта бизнес сөздері 27 жерде кездессе, оның ішінде микро – 4, шағын бизнес – 13, орта бизнес сөздері 9 жерде қайталанып келеді. Бұл – осы уақытқа дейінгі жүргізілген шағын және орта бизнесті дамытуда қолданылған құралдар өміршеңдігі әлсірегенінің немесе тиімділігі төмендегенінің белгісі. Мемлекет басшысының бизнеске рейдерлік қарым-қатынастардың орын алып жатқандығын ашына баяндауы соған айғақ бола алады. Таяу келешекте шағын және орта бизнес тақырыбы күн тәртібінен түспейтіндігіне күмән келтірмейміз.
Мәтін жолдарына интерпретация жасау арқылы Мемлекет басшысын және атқарушы билікті алаңдатып отырған
4 түрлі сұрақты алға шығаруға болады. Олар – нақты тарихи кезеңдегі Қазақстанның демократиялық дамуындағы мемлекет және қоғам қатынастарындағы әлеуметтік саясатқа екпін түсірілген теңгерім, бизнес, жалпылай алғанда, мемлекеттік көрсетілетін қызмет және мемлекеттік басқару, соның ішінде тұрғын үй, инфрақұрылым бөлігіндегі үлесі. Мемлекет басшысы Қазақстанның демократиялық дамуына өзіндік қолтаңбасымен жаңа демократиялық институттардың қалыптасуына жол ашып берді. Қоғаммен сындарлы диалог үшін құрылған алаңдар шын мәнісінде Қазақстандық демократияны жаңа белестерге жетелеуге қауқарлы. Жолдауда көтерілген демократиялық шешімдер іс жүзінде айналымға енгізілсе оның өнімі көп ұзамай көпшілік үлесіне тиері сөзсіз. Демократиялық дамудағы әлеуметтік саясат үлесіне жеткілікті деңгейде мән берілуде. Мәселен, осыған дейін қабылданған атаулы әлеуметтік көмек, банктер алдындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының қарыз қысымын төмендетуге қабылданған шаралар қоғам тарапынан оң қабылдануда.
Президентті толғандыратын келесі мәселе – бизнестің өркендеуі. Шағын және орта бизнеске жасалған жеңілдетілген салық режімі мен құзырлы органдар тарапынан тексерістерден босату бизнесті алдағы үш жыл ішінде сауықтыруға жағдай жасайтын болады. Әрі бизнесті түрлі ықпалдардан қорғауды заңнамалық жетілдіру ұсынысы жаңа бастама ретінде қабылдануда.
Қоғамның мемлекетке деген сенімін үстейтін тағы бір мәселе мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жетілдірудегі басымдықтар. Жолдауда сөз етілген білім, мәдениет, спорт, медицина, құқық салаларында азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру мен олардың тиісінше қорғалуы негізгі мәселе ретінде күн тәртібіне енгізілген.
Мемлекеттік басқаруды жетілдіруде мемлекетке жаны ашитын әрбір азаматты ел мүддесі үшін қызмет етуге шақырып, мемлекеттік органдар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің құзырет шегін қайта анықтауды көздейді.
Мемлекет басшысы саяси күштерді нышандық сипатта «мен» және «біз»-ге бөліп көрсетеді. Жолдау мәтінінде «мен» деген сөзді 10 рет қолданса, «біз» деген сөзді 44 рет айтады. Мәтінде қарсыласы ретінде «латифундистер» мен шағын және орта бизнеске «рейдерлік» іс-әрекеттер жасайтын субъектілерді атайды. Сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету жүйесінде патерналистік көзқарастағы азаматтар тобының артқанын қынжылыспен баяндайды. Президент әуе және темір жол тасымалына қатысты өз ойын білдіре отырып, олармен полемикаға сұрақ беру арқылы түседі. Ал тұрақты экономикалық өсімнің көзі ретінде шағын және орта бизнес пен шетелден тартылатын тікелей инвестицияларға арқа сүйейді.
Нұрғиса КӨШЕРОВ,
саясаттанушы