Қоғам • 13 Қыркүйек, 2019

Амангелді Айталы: Қоғамдық сана ауыстыра салатын техникалық құрал емес

1095 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қайраткер. Ғалым. Ұстаз. Республикамыздың зиялы қауымы өкілдері, есімі елге елеулі азамат, жаны жайсаң жан Амангелді Айталыны осы үш бірдей биік қасиетті бір бойына тоғыстыра білген асыл азамат ретінде біледі деген ойдамыз. Оның қайраткерлігі мен ел-жұртқа деген жанашырлығы Парламент Мәжілісінің екі дүркін депутаты болған жылдарында анық көрінсе, ғалымдығы мен ұстаздығы қазіргі күні де елдің рухани әлеуетін байыта түсуге қосылған бір үлес ретінде қызмет етіп келеді. Біз Амангелді Әбдірахманұлын 80 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, туған топыраққа деген перзенттік парыз, бүгінгі қоғам мен замана тынысы төңірегінде өрбіген осы сұхбатты оқырман назарына ұсындық.

Амангелді Айталы: Қоғамдық сана ауыстыра салатын техникалық құрал емес

– Амангелді Әбдірахманұлы, бү­гінгі әңгіме­міздің басын туған жер, туған топырақ, өскен орта жөнін­дегі жүрек толқытарлық мәселеден бас­тауға қалай қарайсыз? Таяуда туған жеріңіз Ресейдің Астрахань аймағына барып қайтқаныңыздан хабар­дармыз. Бұл сапар қандай ой салды? Туған жер алдындағы перзенттік парыз деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Түрліше көңіл күйде болдым, көп дүниені еске түсірдім. Туған жерім туралы әңгіме болғанда мен әзіл-шыны аралас «совет заманының оралманымын» деймін. Бүгін Астрахань жерінде кейбір есептер бо­йынша 180 мыңға жуық қазақ тұрады. Олар өздерінің атажұртында тұрып жатыр, диаспора емес, басқа жерден ауып, болмаса босып келген жоқ. 1920 жылы Ресей Федерациясында шекаралар анықталғанда Ресей жағында қалып қойған. Қазтуған жырау «Алаң да алаң, алаң жұрт, ақала ордам қонған жұрт... Қайран менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың, қайырлы болсын сіздерге, Менен қалған мынау Еділ жұрт» деп жырлаған ғой.

Ресей сулы, нулы, шөбі шүйгін, ба­лығы мол жерлерді өздеріне қалдырып, шөл, құм жерлерді қазақтарға беріпті.Алла тағала қазақтардың несібесін жер астына жасырып сақтаған екен, бүгін сол ай­мақтың байлығы (мұнай, газ) ел ырысына жарап жатыр. Ал сол нулы, сулы жер бүгін экологиялық дағ­дарыста. Астарахан облысының қазақ жері екен­дігін жер-су аттары да айтып тұр: Ақ­көл, Ақтөбе, Бестөбе, Қарабайлы, Са­сық­көл, Құмөзек сияқты жүздеген ел­ді мекен бар. Мен сол атажұртта 1939 жы­лы қыркүйек айында өмірге келіп­пін. Анамның айтуынша, менің 1932 жылдың қапылысында туған, аты да Қапылыс ағам, 1939 жылы алғаш мектепке барғанда дүние есігін ашыппын. 1981 жылы Қалмақ автономиялық об­лы­сының Элиста қаласында ұлт мәсе­лесіне арналған Бүкілодақтық ғылыми конфе­ренция өтті. Қалмақтар менің аз-кем еңбектеріммен таныс екен, мені үнемі белгілі ғалым, академик Бромлей Юлиан Владимировичпен дастарқандас етті. Бірінші күні өзімді Амангелди Аб­драхманович деп таныстырғанымда жұбайы: «О, как трудно произносить ваше имя, отчество», деді. Ака­де­мик-этнограф жұбайының сөзіне ыңғай­сыз­данды ма, «Он казах, а казахи поэтический народ, они не просто дают имя своим детям. Спросите,за его именем стоит целая история не только одной семьи, но и целого народа», – деді. Әкем қуғын-сүргінге ұшырап, кейін қуынып жоғары жаққа хат жазып ақталып, аман-есен келгеннен кейін өмірге келген ұлын Амангелді депті.

Туған жерім – Еділ өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасындағы қазақ ауылы. Негізгі кәсібі – балық­шы­лық. Олардың өмірін көрнекті жазушы, сол елдің тума­сы Әнес Сарай шығармаларында жан-жақты сурет­теді. Адамның өмірді тануы оның әлеуметтік, табиғи ортасына байланысты. Бала күнімді елестетсем, ағынды сулар, нулы орман, камыс, қоға, жабайы жеміс-жидектер, балықшылардың ауыр тұр­мы­сы, кедей өмір, балалары соғыстан оралмаған кем­пір-шалдар, жалғыз қалған аналарды көремін. Ба­лығы тайдай тулаған өлкеде балықшылар қой бақ­қан қойшылардай өзен-судың қай жерінде қай балық жайылатынын біліп ау салады. Балалардың көп­шілігінің теңізші болу қиялдары болды, табысы да жоқ емес. Дегенмен мені балықшылардың өмірі қызық­тырмады, каникул кезінде теңізді де көрдім, қауіп­­сіз де емес, түнде жатқаныңда 4-5 сан­тиметр тақтай­дың аржағында шылпыл­даған судың дыбысы естіліп тұрады.

Анамның айтуынша, мен балықшы кәсібіне бейім болмаппын, кітапқа үйір екенімді көріп, оқытайын деп ойлаған. Сонымен жолым болып, Володар ауда­нындағы Қазақ педучилищесіне конкурс­тан өтіп түстім. Ол кезде Астрахань облысында көптеген қа­зақ мек­теп­тері бар еді. Бұл оқу орны қазақ бала­лары үшін академия еді, барлық гуманитарлық және жаратылыстану пәндерінің негіздерін оқытатын. Оны бітіргендер, аға буын өкілдері

– Қазақстан Ком­мунисттік партиясының хатшысы Мұхамбетқали Сужиков, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Исағали Шәріпов, менің курс­тасым, Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Тамас Айтмұхамбетов, Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Нәжмедин Есқалиев, көптеген ғылым докторы мен кандидаттары, беделді қызметкерлер шықты.

Астрахань облысында ол кезде қазақ­тарды «нацмен», еврейлерді кейде «жид» деп кемсітетін. «Нацмен» – национальное меньшинство – азшылық ұлттық топ дегенді білдіретін, ол кемсітудің, кейде мүсіркеудің бір түрі. Орыстар ортасында қазақтарға, әсіресе, интеллигенция өкілдеріне жұмыста өсу қиын. Қазір де полиция қызметінде көптеген қазақ жігіттері, білімді мамандар бар, бірақ біздің өсетін шеніміз әрі кеткенде майор, сиректеу подполковник» дейді қазақтар, басқару жұмыстарына жібермейді. Бүгін Ресей қазақтары, әсіресе, жастар кеңес заманындағыдай ағылып Қазақстанға қоныс аудармайды. Байқаймын, қазақтар қазақтығынан алыстап бара жатыр, қазақ елі де олардан алыстауда, бауы­рына тарта бермейді. Себебі олар қа­зақ болғанымен басқа мемлекеттің аза­маттары, мемлекеттердің заңдары, білім жүйесі, ақпарат құралдарының ұстанымы, идеологиясы ерекше, бізге араласа беруге болмайды, барлық мә­селе мемлекетаралық келісіммен, дип­ломатиялық жолмен шешіледі. Басқа елдердегі қазақтармен де байланыс осы халықаралық шарттарға байланысты. Ал кеңес заманында бір ел болғандықтан білім алу, қоныс аудару оңай болды. Ұлттық фактор да бар. «Нацмен» болу да қазақтарды ойландырады, ұлттық ортаға тартады. Бүгін қа­зақтарға Ресейде өмір сүру бұрынғыдан да қиындау: «орыс­тан артық болғанда ғана өзімізді мойындатамыз» дейді кәсіпкерлер. Сондай-ақ орыс­тана бастаған жастар қазақылыққа салқындау болып барады. Тек мұсылманшылық, жерлеу рәсімдері мен дәстүрлері жақсы сақталған, қазақы менталитетті бекітуге негіз болып тұр.

– Орыс тілін білесіз, орыс тілінде де жазасыз, бірақ еңбектеріңізді негізінен қазақ тілінде жазып жүргеніңізді ел-жұрт жақсы біледі. Анық сыры неде?

– Оның сыры тереңде. Біздің қазақ интеллиген­циясының толық мойын­­дамай жүрген бір ақиқаты бар. Коғам­тану­шылар, ақындар, жазушылар, ком­позиторлардың бірқатары партияның ұлттық саясатын қолдап, ал ол отарлау саясаты өлеңдер, романдар, музыкалық шығармалар, ғылыми еңбектер жазды. Соның бірі мен. Партия, кеңес қыз­меткерлерінің еңбегі өз алдына. Құді­ретті идеология орыстануды дос­тық деп, ұлтсыздануды бауырмалдық деп санаға сіңіруге тырысты. Оның аражігін ажырата алмадық, күнкөріс қамымен жүрдік. Біз ұлтымыз алдында айыптымыз деп ойлаймын.

Тәуелсіздік тұсында ұлттық құнды­лық­тарымыз­ды, дәстүрлі дінімізді, тілі­мізді меңгеруге мүмкіндік туды, ұлт алдында парызымыздың ең бір биігі – ол ана тілін терең меңгеру, ол тілді ғылымның тіліне айналдыру. Тіліміздің байлығын терең меңгере отырып, өзіміз де рухани жағынан жетіле бастадық, орысша ойлап, жазып калғандықтан санамызда тілдер араласуы, ықпалдастығы үзілмейді. Еңбек жазғанда орысша-қазақша, қазақша-орысша, шет тілдер, синоним, басқа да сөздіктерге жүгіну әдетке айналды.

Көптеген терминдерді, сөз тіркес­терін басқа тілден қазақ тіліне аудар­ғанда тіліміздің мәнді, мағыналы аста­рын терең түсінеміз. Аударуға кел­мей­тін, ешқандай басқа тілде дәл мәнін бере алмайтын фразеологизм­дер тілімізде қаншама? Бей­нелі-мета­форалық, қайталанбас ұлттық бол­мыс­ты білдіретін тіркестер ұлттың тіл байлығының бірден-бір белгісі деп есеп­тейді әлемдік тіл мамандары. Осы бай­лы­ғымызбен енді қауышып жатырмыз.

Елімізде қазақ тіліне оппозиция бар: орыс тілінің басымдығын қолдайтындар, енжар, намысы төмен қазақтар. Отарлау саясатына икемдеген конформист, қазақ интеллигенцияның көбі бүгін ақша алға шыққан заманда ұлт алдындағы парызынан гөрі банкілерге бережақ қарыздарын ойлап кетті. Құбылмалы ұлт, тіл саясаты да тиімді бағыт бере алмай келеді. Ал орыс тілінің сұранысқа қарай қолданылуы жөн, жасанды қолдаудың қажеті жоқ.

– Әбеке, өмір мектебі деген ұғым бар ғой. Яғни, белгілі бір жас адам қанша жерден екінің бірі қол жеткізе бермейтін элиталық жоғары оқу орнын бітірсе де, өмірде бағыт-бағдар, үлгі-өнеге бере алатын жақсы адамдардың алдын көрмесе, «бір кем дүние» болып шықпай ма? «Жаман жігіт емес, әйтсе де көрген мектебі жоқ» деген сөз осындайда айтылса керек. Яғни, сізге жас кезіңізде өмірде қамқорлық, өнеге көрсеткен, азамат болып қалып­тасуыңызға әсер еткен жандар бар ма?

– Осы жасқа дейін ешқашан есімнен шығармайтын құрметті адамдар көп. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, осы күнге жетуіме өмірге әкелген, тәрбиелеген анама, жас болса да әкедей болған ағама, отбасыма, ұстаздарыма, өскен ортам Ақтөбе университетіне ризамын. Мен көп адамды айта аламын, жығылмай, бүгілмей қолдап қиындықта сүйемелдеп, қолұшын берген, жақсылығымды асырған, кемшілігімді түсінген, абыройымды көтерген, әсіресе, ақтөбеліктерге кө­ңілім ерекше.

– Сіз – ең алдымен ғалымсыз. Бү­гінгі отандық ғылымның қабырғалы өкілінің бірісіз. Ғылым жолы қал­пақпен соғып ала қоятындай оңай жол емес екендігі белгілі. Оның өзі­не тән күрмеуі мен қиындығы мол деп ойлаймыз. Осындай жолды таң­дауыңызға не себепші болды? Ғылым сізді несімен қызықтырды?

– Ойпырмай, асыра мақтадыңыз ғой. Ал шын­дықты айтсам, мәселе өте күрделі. А.Эйнштейін өзінің ізденісі туралы айта келіп: «Бұл мая шөп ішінен инені іздеумен тең, бірақ көп адамдар бір ине табады да, тоқтап калады, ал мен екінші, үшінші инені іздеймін, сәті түссе төртіншісін, бесіншісін табармын» депті. Ал кеңес заманында қоғамтанушылырға партия қолымызға дайын ине, марксизмнің большевиктік нұсқасын ұстатты, басқа инені іздеу қыл­мысқа тең болды. Социализм ыды­рағаннан кейін саяси идеологиялық, экономика­лық ұстанымдар түгелдей дер­лік өзгерді. Біз со­циализмді өркениет жолынан адасу деп қабылдап, өткенмен ешқандай сабақтас­тық жоқ деп үзілді-кесілді бас тарттық. Құн­дылықтардың ауысуын, идеологиялық дағдарысты со­циология ілімінде аномия, абыржу, өткенді көксеу, жаңаны тосыр­қау, үрку дейді. Осы құбылысты жеке адам да, қоғам да, ғалымдар да басынан өткізді. Бірақ қоғамдық сананың дамуының өз заңдылықтары бар, бүгіннен ертеңге өз­гере салмайды, өткенді ұмыту мүмкін емес, сана ауыстыра салатын техникалық құрал емес. Енді бізге талай дүниені ой елегінен өткізуге тура келеді.

Бір идеологияның үстемдігінен біз өмірге тек бір терезеден қарадық, басқа ақиқатты көрмедік, Батыс ғалымдарын айтпағанда Алаш арыстарының еңбек­терін білмедік. Сондықтан алуан түрлі көзқарастармен бетпе-бет келгенде абыржып қалдық, студенттерге де дәріс оқу оңай болмады. Педагог әр кезде де байсалды жолды ұстануы керек. Кеше Кеңес өкіметін қол­даған ұстаз, бүгін жалт бұрылып, екінші жаққа шы­ғып жа­мандап, сынап жатса, онда не бедел болады? Ха­мелеон деген сол емес пе? Сондықтан қолдан келгенше ақты ақ, қараны қара деуге тырыстық. Бір­ ақиқат – тәуелсіздіктің құндылығын жастарға жеткізу болды.

Бүгінгі қазақстандықтардың санасында стали­низм­нің жеке басқа табыну, брежневтік тоқыраудың, горбачевтік «перестройканың» іздері бар. Тек бү­гінгі 35-40 жастағылар өзгеше ойлайды, ба­тыл сөй­лейді. Қазақстанды шет елдер­мен салыстырады, елдің жаңаруын қа­лайды. Бірақ біздің ұрпақ тек кетпей, бүгінгі жастарды өздеріне ұқсағанын қа­лай­ды, жастарға тағатын айыптары да аз емес. Бұл қарт­тықтың емі жоқ ауруы қай заманда да болған. Қоғам­дық ғылымдар әлі де қалыптасу үстінде. Бүгін тарих, қазақ философиясы саласында жетістіктер де бар.

Дегенмен біздерді философ ғалым­дар деуден гөрі, философия пәнінің оқытушылары десек орынды болар. Ал енді ғылымның деңгейін ғылым ма­гистрі, кандидаты, докторы атағы барларымен өлшесек алдамыз. Әсіресе, ше­неуніктердің арасында аудан әкіміне дейін ғылыми атақтары бар, ғылыми атақ төсбелгі сияқты болды. Сол ғылыми атақтары барлардың арасынан ғалымды табу қиын. Олардың көбі студенттерге жүйелі курс оқуға бармайды, тұшымды еңбек жаза алмайды. Солармен мені салыстырып отырсыз ғой. Ал енді сарай ғалымдарының жолы болып тұр.

– Амангелді Әбдірахманұлы, ғұ­мыр­баяныңыз­ға байланысты көп­ші­­лік біле бермейтін деректерге, яғни өмір жолыңыздың айрықша бір бет­теріне оқырмандар енжар, сел­соқ қа­рай алмайды деген ойдамыз. Сон­дық­тан өзіңізге айрықша әсер еткен, із қал­­дырған, ой салған өмірдің кейбір кез­дері жөнінде айтып бере аласыз ба? Сіздің ойыңызша өмірдің мәні мен сәні неде?

– Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 20 мил­лион әкесіз және тұл жетім болды. Мен әкесіз өскендердің бірімін. Тек ана тәрбиесін көрдім. Анам тәртіпті, үлгілі болуға «әке тәрбиесін көрмеген, анасы тәрбие бере алмаған деген сөзге қалдырма, әкесі бар балалардан кем емес, тіпті артық бол» дейтін. Анамды үятқа қалдырмадым, бірақ әкем болса жақсы болар едім деп біраз жасқа дейін ойлап жүрдім. Бірте-бірте, тек әкеге деген сағыныш қалды, ізденіс жалғаса берді. Әкесінің басына барып тағзым еткендерге іштей қызығатын едім. Әкемнің жерленген жері табылатынынан күдер үзіп, Айталы атамның қасына әкемнің атын, туған жылын көрсетіп, соғыста қаза тапты деп ескерткіш қой­дық. Ол кейінгі ұрпақ есте сақтасын деген ойымыз.

2016 жылы ізденісіміз үлкен жаңалық әкелді. «Мемориал» порталынан кіші сержант танкіге қарсы қарудың команди­рі Айталиев Абдрахман 1942 жылы 12 қыр­күйекте Кабардина-Балкария елінің Майск ауданының Пришиб станицасында немістің бес танксін қиратып, өзі де оққа ұшты деген ақпарат келді. Күнгей Кавказ майданы командирінің бұйрығымен әкеме қаза тапқаннан ке­йін Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңе­сінің атынан (соғыс кезінде майдан командирінде сондай өкілеттілік болған екен) бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріліпті. «Мемориал» порталында осылай деп көрсетілген.

Сонымен бірге бауырластар зира­тында жерленген 99-жауынгердің аты-жөндері де архив құжаттарында анық­талыпты, солардың бірі – біздің әкеміз. Сол жылы әкемнің басына барып тағзым еттік, терең толқыдым, көңілім босады. Жергілікті кәсіпкерлер оларға үлкен ескерткіш қойыпты. Келе жатқанымызды хабарлап едік, соғыс көрген елдің ұр­пақтары ғой, біздің жерімізді қорғаған қазақ жауынгерінің ұрпақтары келді деп, үлкен құрметпен біраз адам қарсы алды. Біз де рахметімізді білдіріп, көңіліміз үлкен жұбанышқа бөленіп, шүкіршілік айтып елге оралдық. Екінші жылы біздің балаларымыз аталарының басына барды. Менің бұл көңіл күйім барлық соғыстың әкесіз жетімдеріне ортақ сезім. Біздің ұрпақ әкелерін іздейді, сағынады, олармен мақтанады. Әкелері тастап кеткен бүгінгі балалардың мінез-құлқы, сезімі, әрине өзгеше.

– «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дегендей сексеннің сең­гіріне көтеріліп отырған қазіргі кезіңізде сіздің ал­­дыңыздан қанша шәкірт тәрбие ал­ға­нын, олар­дың қандай жетістікке жет­ке­нін білгіміз келеді. Мақтан тұ­тар шә­кірт­теріңіз бар шығар? Біз бү­гінгі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақ­төбе өңірлік университетінде сіз өз мек­тебіңізді қа­лыптастыра алдыңыз деп санаймыз. Бұл жөнінде өзіңіз не ай­тар едіңіз?

– Дайындаған ғылым кандидаттары бар. Ал әртүрлі салада еңбек етіп жүрген шәкірттерім бар. Солардың бірі – мемлекет, қоғам қайраткері Елеу­сін Сағындықов, бүгінгі облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Басқа да елге сыйлы шәкірттерім көп.

Менің шәкірттерім – педагогтар қауымы. 1999, 2004 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болғанымда (ол сайлаулар­да сайлаушылар партияға емес, же­ке адамдарға дауыс беретін) мені шәкірт­терім қолдап кетті. Олар – мұға­лімдер, мектеп басшылары, білім саласының қызметшілері. Олар менімен кездесуге депутаттыққа кандидатпен емес, ұстазымен кездесуге келді. Қар­сыластарым менің кездесуімді жоғары жақ әдейі ұйымдастырады деп БАҚ-та ақпарат таратты. Мен сұхбатымда «шәкірттерім сыйлап, кездесуге келсе, жаман педагог болмағаным ғой» деймін. Кейде тіпті кездесуге кел­ге­німде шәкірттерім мен дәріс оқуға келгендей тұрып қарсы алатын. Мен сол шәкірттерімнің, белсенді қызметімнің де арқасында депутат болдым. Бірақ мен олардың осындай құрметіне сай бола алдым ба деп іштей ойланамын.

– Сіз біраз жылдар бойы елордамызда тұрып ең­бек еттіңіз. Парламент Мәжілісінің екі ша­қырылымына депутат болып сай­ландыңыз. Әйтсе де ке­йінгі кезде бас қаладан еліміздің шал­ғай облыстарының біріне қо­ныс аудардыңыз. Мұндай шешім қабыл­дауыңыздың сыры неде?

– Ақтөбе шалғай облыс емес қой, жан-жақты дамыған өлке, тоғыз жол­дың торабында тұр. Сондықтан болар, Ақтөбе облысында еліміздің әр ай­мақтарынан азаматтар еңбек етуде, жершілдік, рушылдық деген дерттен ақтөбеліктер таза. Мені екі мәрте депутат етіп сайлаудың сыры осында. Елде жақсы азаматтар баршылық, дегенмен Ақтөбеден сайланған депутаттардың арасында қызылордалықтар да, орын­борлықтар да болды. Осындай елге шындығында әркім де қарыздар. Бойым­дағы жиған-терген білімімді ақтөбелік жастарға берейін деген ниетпен оралдым.

Тағы да бір адамдық фактор бар. Ел­ордамыз біздің мақтанышымыз. Сұлу қала салдық, қала салған халық қана ұлт болады деген қағида бар. Елорда – Үш жүздің қазығын бір қазанда қайнатып, Қазақстан азаматтары етіп ұйыстырып жатыр. Ел­орда жастардың қаласы. Жас кезіңде дос та, жолдас та көп. Есейгенде дос табу қиын, таңдау да, талап та жоғары, мені де таңдайды, мен де таңдаймын. Сондық­тан қала тек ғимаратымен ғана емес,сый­лас, сырлас адамдармен қымбат. Қымбат адам­дарымның басым көбі Ақтөбеде.

– Амангелді Әбдірахманұлы, біз­дің бүгінгі сұхбатымыз Елбасының сөзімен айтқанда Ота­нымыздың бас газеті – «Егемен Қазақстанның» жүз жылдық торқалы тойы қарса­ңын­да жүргізіліп отыр. Біз сізді басы­лымның тұрақты оқырманы ретін­де де арқа тұтамыз. Өйткені газет мәр­тебесін кө­тере түсетіндер де ең ал­дымен өзіңіз се­кілді елге айтары бар авторлар тобы деп санаймыз. Осы тұрғыда өзіңіз газет ұжымы мен оқыр­мандарға қандай ті­лек айтар едіңіз?

– 20 жылдай «Егеменнің» авторы болып келемін, онымен мақтанамын. Еліміздің бас газеті мені қазақ қоғамына таныстырды, толғағы жеткен талай мәселелер төңірегінде елмен ой бө­лі­семін. Торқалы той қарсаңында «Еге­менге» өз оқырмандарының ойынан шығып, ашық, бүкпесіз ақиқатты жеткізіп интернеттік бәсекелестікке да­йын бола берсін деген ниеттемін. Заман, адамдар туралы ой бөлісуге, ба­лалық шақты еске алып, айтылмай жүрген өзіндік пікірлеріммен ой бөлі­суге мүмкіндік жасағандарыңа ризашылығымды білдіремін. Әңгіме­міздің аяғында еліміздің бүгінгі күніне тоба деп, ертеңгі күніне үлкен үмітпен қарайтынымды айтқым келеді.

– Құрметті Амангелді аға, шын кө­ңілден ашылып айтқан жүрекжар­ды әңгімелеріңіз үшін сізге көп рах­мет!

Әңгімелескен
Темір Құсайын,
«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ