Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2019

Өзен жағалағанның өзегі талмайды

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұмыс істеймін деп ұмтылып тұрған адамға кәсіп көп. Мәселен, Балкашин ауылының тұрғыны Юрий Шишкин он жылдан бері балық өсірумен айналысып келеді.

Өзен жағалағанның өзегі талмайды

Сексен көлді омырауына алтын алқа етіп таққан Көкшетау мен Қорғалжын өңірінде балық өсіруге мүмкіндік мол. Осы мүм­­кіндікті қалт жібермеген әкелі-балалы Шишкиндер Сандықтау, Зеренді, Атбасар аудандарының аумағындағы төрт тоғанды жал­ға алған. Әрине табиғатқа залал келтірмеу бірінші кезек­те. Есесіне бұрын балық тү­гіл бақа өрістемеген кейбір то­­ған­­дар қазір ырысқа шү­­піл­деп тұр. Кәсіпкерлер Челя­бі қа­ласындағы балық тұқым­дарын өсіретін зауыттан 15 миллион мөң­ке балығының шабағын әке­ліп, көлге жіберген. Арқаның кей­бір көлдері тым тайыз болып келеді. Сондықтан, қыс бойы мұзын ойып, оттегін жіберіп күтпесе және болмайды.

– Балық сырын жете меңгеру үшін онымен түбегейлі айналысу керек, – дейді кәсіпкер Юрий Шишкин, – мәселен, біз ба­­лық табиғатын, оны өсірудің қыр-сырын жете меңгеруге тыры­судамыз. Көлдегі балық кө­бейсе, жалғыз кәсіпкер үшін емес, елге де пайдалы. Айдабол кө­лінде балықтың 7-8 түрі бар. Қысы-жазы балық аулауға келе­тін балықшылар көп. Ал біз бол­­­сақ, сүйегі аз, еті толымды ба­­­­­лық түр­лерін көбейтуге мүд­д­елі­міз. Демек, табиғаттан алға­ны­мызбен оған бере де білеміз.

Кәсіпкер тілге тиек етіп отыр­­ған Айдабол көліне биыл 12 миллионға жуық шабақ жібе­ріл­ген екен. Мамандардың болжамына қарағанда, осыншама шабақтың 40 пайызға жуығы қатарға қосылып кетуі мүмкін. Демек, кәсіпкердің жоғарыда айтқан пікірінің жаны бар.

– Мен әуесқой балықшымын әрі қоғамдық негіздегі қорық­­­­шы­мын, – дейді Викторовка ауы­­лының тұрғыны Александр Акин­чин, – осы көл бұрын қарау­сыз жатқан. Балығы бар кезде көл үстінде құстай қаптаған әуес­қой балықшылар балық азай­ған соң көрінбей кетіп еді. Ен­ді мі­не, қайтадан қаптады. Өйт­кені көл­ді ұзақ мерзімге жал­ға алған кәсіп­керлер арқылы балық өріс­тей бастады. Демек, әр іске ие керек.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге толымды кө­мек көрсетілуде. Балық ша­руа­шылығы да ескерілсе екен дей­сіз. Өйткені бұл да ақ дас­тар­қанның берекесін арттыратын ы­рыстың бір түрі ғой.

Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы