Руханият • 13 Қыркүйек, 2019

«Егемен»-нің ардагер журналисі Әділ Дүйсенбек өмірден өтті

759 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі қаламгер, ардагер журналист, Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы үшін өнеге тұтар аға буын өкілі Әділ Дүйсенбек 77 жасында дүниеден озды. 

«Егемен»-нің ардагер журналисі Әділ Дүйсенбек өмірден өтті

Әділ Дүйсенбек 1942 жылы 24 мамырда Тараз қаласының жанындағы «Жас өркен» ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсті. 1964-1967 жылдары әскер қатарында болып, әуе десантында қызмет еткен. Әскери міндетін өтеп келген соң, университеттегі оқуын одан әрі жалғастырып, 1969 жылы бітіріп шықты.

Университеттің соңғы курсында республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне кіші әдеби қызметкер болып орналасты. Содан үзіліссіз басылымда 36 жыл еңбек еткен. Бөлім меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі болған.

Әңгімелері мен повестері бірнеше ұжымдық жинаққа енген. Баспадан «Ақ күмбез» («Жалын» 1977), «Көкжиек» («Жалын», 1979), «Жүрек жылуы» («Қазақстан», 1984), «Тергеу әлі біткен жоқ» («Жеті жарғы», 1997), «Көкжиек» («Фолиант», 2002), «Қара шаңырақ» («Фолиант», 2004), «Шерағамның шеруі» («Қазығұрт», 2007) деген кітаптары басылып шықты. 2002 және 2004 жылдары «Менің Шерағам» атты эссе-әңгімелер мен новеллалар жинағы («Өлке») шықты.

Әділ Дүйсенбек С.Ходжанов атындағы сыйлықтың лауреаты (1995). Елге сіңірген еңбегі үшін жазушы ҚР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен (1987), «Еңбек ардагері» (1988), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2002), «Ерен еңбегі үшін» (2002) медальдарымен марапатталған.

Осыдан бір жыл бұрын «Егеменнің» қара шаңырағында қонақта болып, ұжым мүшелерімен кездескен еді.