Бағдарламаның игілігін көргендердің басым бөлігі – педагогтар
Бұл бағдарлама негізінен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырумен айналысатын Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, «Дипломмен – ауылға!» жобасын іске асыру кезеңінде (2009 жылдан бастап 2018 жылға дейін) 60 мыңнан астам маман 7,4 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 27,5 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алу үшін 70,6 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит алыпты.
Осы жоба аясында ауылдық жерлерге жұмысқа тұрған маманға мемлекет тарапынан көтермеақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынылады. Яғни, тек 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 пайыз мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар. Әлеуметтік көмек алған маман ауылды елді мекенде кемі үш жыл жұмыс істеуге міндетті.
Осы уақыт ішінде бағдарламаның игілігін көргендердің көш басында білім саласының қызметкерлері тұр. 10 жылда 42 745 педагог дипломмен ауылға аттаныпты, бұл бағдарламамен жұмысқа орналасқан барлық сала мамандарының 71,2 пайызын құрайды. Қалған сала қызметкерлерінің үлесі 13 пайыздан аспайды. Сондықтан білім беру қызметкерлері осы бағдарламаның өзегі деуге болады. Бірақ сарапшылардың сөзіне сенсек, дипломмен ауылға барған мамандардың ішінде көбіне-көп қалаға қайтадан қайтып кететіндер де – педагогтар. Мұның себебін «Ақпараттық-талдау орталығы» департаменті директорының орынбасары Жаннат Мусина бағдарламаға жауапты мекеме мен маман арасында тұрақты қарым-қатынастың жоқтығымен байланыстырады. Оның айтуынша, жас мамандардың көбі екі жылдай жұмыс істеп, жаңа болашақ іздеу үшін қалаға қайтатыны жаңалық емес. Дені оқу жүктемесінің және тұрғын үйдің болмауына байланысты кетіп қалады.
Қауқарлы қауымдастық қажет
Дипломмен ауылға барған Азиз Дүкенбайұлы бағдарлама талаптары жыл сайын жаңартылып, жастарға қолайлы жағдай жасалып отырғанын айтады. «Мен 2016 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқытушы қызметімді аталған облысқа қарасты Қармақшы ауданындағы аграрлы-техникалық колледжінде жалғастыруды құп көрдім. Келген бетте бірден мемлекеттік бағдарлама игілігін көруге ұмтылып, бір реттік жəрдемақы мен тұрғын үйге қол жеткіздім», дейді. Оның ойынша, бағдарламаның аясында мемлекеттен көмек алғандардың кейбірі алған ақшасын берілген кестеге сай уақтылы төлей алмайды, соның салдарынан олардан кейін құжат тапсырған өзге жас мамандардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берілмей отыр. Иә, қаржы қайтарылуы қажет, себебі бұл бағдарлама – инвестициялық жоба. «Бұл ретте аталған бағдарлама бойынша құжат тапсырған үміткерлердің несие тарихы тексерілуі керек. Сонымен бірге бағдарлама аясында жұмыс істеп жүрген жас мамандардың қауымдастығын құрып, олардың имиджін көтеру қажет. Республикадағы бағдарлама мамандарының басын қосатын қауымдастық тəжірибе алмасу мақсатында түрлі форматтағы жазғы лагерьлер, іскерлік кездесулер, аймақтық сайыстар, т.б. іс-шаралар ұйымдастырумен айналысқаны абзал», дейді. Бұл ойды «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының қауымдастығына қарап, ұсынылған ұйымның салмағы мен ықпалын бағамдауға болады. Қоғамға пайдалы қызметтер ұсынғаны өз алдына, құрылатын қауымдастық бағдарламамен жұмысқа орналасқан мамандардың мүддесіне қызмет ете алатындай қауқарлы болуы қажет.
Шындығында бағдарламада мамандарды тарту үшін түрлі тиімділік қарастырылып келеді. Айталық, бұрын міндеттелген 5 жыл жұмыс өтілі қазір 3 жылға қысқарды. Оған қоса жыл сайын инфляция жағдайына байланысты қаржы көлемі артып отыр. Ұлттық экономика министрлігі: «2018 жылдан бастап көтерме жәрдемақы төлеу бойынша әлеуметтік қолдау шараларын беру мерзімі 39 күнтізбелік күннен 27 жұмыс күніне дейін тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беру бойынша мерзім 62 күнтізбелік күннен 47 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бюджет қаражаты жетіспеген жағдайда мамандардың кезектілігін қалыптастыру және әлеуметтік қолдау шараларын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы баламалы негізде көрсету көзделген», деді арнайы жолдаған сұрағымызға берген жауабында.
Қалаға кетіп қалатындар – жалғызілікті мамандар
Ақмола облысының Зеренді ауданындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін Нұргүл Бейбітқызы дипломмен ауылға барғаны үшін үй алыпты. Жоғарыдағы әріптесі Ә.Дүкенбайұлы айтқан несиені уақтылы төлей алмау себебін ай сайынғы төлемақының мемлекеттен берілетін үстемеақы мөлшерімен жарыса көтерілуінен көреді. «Мен үйді 3 млн 600 мың теңгеге алдым. Ай сайын 20 мың теңгеден төлеп отырамын. Ең жақсысы, бұл – пайызсыз берілетін несие, сондай-ақ төлей алмай қалсаңыз да пайызы өспейді. Бірақ адамның басында түрлі жағдай болады. Кейбір ауылдарда бала болмай, педагогтар жұмыссыз қалатын кездер кезігеді. Сондайда маман несие түгілі тамағына тиын таппай қалады. Жыл сайын үстемеақының артатыны әлбетте жақсы, бірақ онымен бірдей төлемақы да өсіп отырады. Осыны реттесе екен», дейді Н.Бейбітқызы. Маманның мәлімдеуінше, өткен жылдары 2 млн-нан аса несие ресімдеген әріптестері 15 мың теңгеден төлеп отыр. Ал қазір төлемақы мөлшері 20 мыңға өскен. «Негізінен қалаға қайта кетіп қалатындар – жалғызілікті мамандар. Мәселен, менің отбасым бар. Жолдасым екеумізге жеңілдеу түседі. Бала-шағаңның сол шалғайда дүниеге келуі, жетілуі, өз үйіңнің болуы тұрақтап қалуға әсер етеді. Ал адам жалғыз болса, шешім шығару да, қалаған жеріне кетіп қалуы да оңай болады», деген тәрбиешінің пікірінше, бағдарламаны жас отбасына берген жөн. Сондай-ақ алынған үйді тиісті ведомствоның өкілдері келіп шынымен несие ресімдеген адам тұратын-тұрмайтынын тексереді, осы тексерісті жиілету керек.
Екі мәселе – бір шешім
Аталған бағдарламамен мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Аида Тұрлыбекқызы керісінше жас отбасыларға ғана беру ұсынысын қолай көрмейді. Себебі өзі әлі тұрмыс құрмаса да жобаның негізгі талаптарын лайықты орындап отыр және Зеренді ауданында 5 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Мұғалім: «Мамандарды ауылдық жерлерде ұстап қалу мақсатымен отбасылы адамдарға ғана беретін болса, көп қамтылмай қалады. Онсыз да көбі қала іргесіндегі ауылдар мен аудан орталығына тұрақтағанды жөн санайды. Шалғай ауылдардан ауданға жұмыс ауыстырғандарды көрдім. Қолайсыздықтан, алыс болғандықтан кетеді», дейді. Оның ойынша, қала мен аудан орталығынан әлдеқайда алыс ауылдарға баруға бел буғандардың көтерме жәрдемақысы жоғары болуы керек. Яғни, берілетін көмек маман тұрақтаған жердің географиялық, әлеуметтік, экономикалық ахуалына қарай есептелгені жөн.
Бұл жауапты ведомство өкілдерінің құлағына қаншалықты жағымды ұсыныс екені белгісіз, бірақ түйткілдің бір түйінді тұсы – осында жатқаны анық. Өйткені бағдарламаның басты міндеті ауылдық жерлердегі маман тапшылығын қамтамасыз ету. Ал біз бағамдай бермейтін екінші бір маңызды міндеті – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының едәуір алшақтығын жою үшін бағдарламаның жоғарыда айтқандай өзегі саналатын педагогтарға жағдай жасау. Егер тау етегіндегі немесе бір түпкірдегі нағыз шалғайды бетке алғандарға қаланың жанында орналасқан немесе инфрақұрылымы жолға қойылған аудан орталығында жұмыс істейтін мамандардан артықтау қолдау мен көмек көрсетілсе, бағдарламаның екі міндеті қатар орындалып, қос мәселе бірдей шешілер еді.