Қазақстан • 16 Қыркүйек, 2019

Достық пен серіктестіктің жаңа кезеңі

979 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мем­ле­кеттік сапармен Қытай Ха­лық Республикасына барып қайт­ты. Екі ел арасындағы әріп­тестікке тың серпін берген бұл сапардың қорытындысы туралы Сыртқы істер министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ «Egemen Qazaqstan» газетіне кеңінен айтып берді.

Достық пен серіктестіктің жаңа кезеңі

– Бейбіт Бәкірұлы, әуелі Мемле­кет басшысының ҚХР-ға жасаған мемлекеттік са­па­рының маңызы мен ерек­ше­ліктеріне тоқталсаңыз.

– Бұл сапардың тарихи маңызы зор. Мұны Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев бастаған жоғары дең­гейдегі кездесулер дәстүрінің жал­­­ғасы деуге болады. Осыған дейінгі қол жеткізілген барлық уағдаластықтар мен нәтижелер негізінде бұл сапар Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жа­ңа кезеңін ашуға бағытталды. Өйткені биыл Қытай Халық Рес­публикасының құрылғанына 70 жыл толып отыр. Өз кезегінде Қазақстан заманауи дамудың 30 жылдық кезеңіне дайындық үс­тінде. Осы мерейтойларға екі ел достықтың, стратегиялық серік­тестіктің және бір­лескен дамудың жаңа көкжиегіне сенімді түрде қадам басып келеді.

Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қы­тайға сапары ол жақтағы саяси, іскерлік және ака­­демиялық орта өкілдерімен жан-жақты бай­­­ланыс орнатуды қамтыды. Мем­­­лекет басшысының сапары бағ­дар­ла­масының аса маңызды тармағы оның ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі болды. Бұл кездесу өте жылы және дос­тық рәуіште өтті.

Екі мемлекет басшылары тал­қылаған негізгі тақырыптарға екі тарап үшін ең өзекті мәселелер ар­қау болды. Мәселен, олардың арасында «Нұрлы жол» мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасы, нақты бірлескен жобаларды іске асыру, қаржы саласындағы ын­тымақтастық, тауар айналы­мын арттыру, транзиттік-көлік­тік әле­уетті дамыту және тағы бас­қа­лар бар. Мемлекет басшылары сон­дай-ақ ағымдағы халықаралық күн тәр­тібіндегі негізгі мәселелер бо­йынша ұстанымдарының ұқсас­ты­ғын салыстырып көрсетті.

Қазақстан мен Қытай көшбас­шылары­ның бұл жоғары деңгейдегі кездесуі осы жылы екінші рет өткенін атап өткім келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин биыл маусым айында Біш­кекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде екіжақты келіс­сөз жүргізген еді.

– Сіз өз сөзіңізде Мемлекет басшы­сының ҚХР-дың ака­де­миялық ортасымен кездес­кенін атадыңыз. Мұн­дай іс-шараның екіжақты ынты­мақ­тастық үшін маңызы қандай?

– Қазақстан Президенті Бей­жің қаласында ҚХР-дың «ақыл-ойы» то­ғысқан жетекші орталығы – Қытай қоғамдық ғылымдар ака­­демиясы қа­бырғасында екі­жақты қарым-қаты­настар тура­лы кеңейтілген баяндама жаса­ды. Қазақстан қарқынды дамып, барлық жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Сондықтан біздің көш­бас­шының еліміздің даму бағыты жә­не Қазақстан-Қытай қарым-қа­тынастарының келешегі туралы көз­­қарасын егжей-тегжейлі ұсы­нуы маңызды болды.

Академиядағы бұл іс-шараға ҚХР-дың даму жолын ақылға салып, сараптама жүргізіп жүрген түрлі орталықтардың өкілдері қа­­тысты. Олардың барлығы өз деңгейінде Қытай басшылығына Қазақстан туралы және оның да­муы мен кооперацияның ық­ти­мал бағыттары бойынша сарап­та­малық бағалар мен болжамдар дайындайды. Сонымен қатар ға­лым­дар мен сарапшыларға қоса, аталған кездесуге ҚХР-дағы ТМД елдерінің елшілері, ШЫҰ Бас хатшысы, ҚХР Коммерция ми­нистрлігінің, ҚКП ОК насихат бөлімінің және халықаралық бө­лімінің өкілдері және тағы бас­қалар шақырылды.

Осылайша біздің Президент мін­берде мазмұнды сөз сөйлеп, қазіргі Қазақстанды және оның бастамаларын жоғары кәсіби аудитория алдында кең ауқымда та­ныстырды. Біздің еліміз тура­лы шетелде объективті және дәл түсінік қалыптасқаны өте ма­ңыз­ды. Осындай ортадағы тіке­лей диалог Қазақстанның бет-бе­де­рін ашып көрсету тұрғысынан сапардың маңызды бөлігі болды. Бұл – өте тиімді жалпыәлемдік тә­жірибе.

– Мемлекеттік сапардың ҚХР-дың 70 жылдығы қарса­ңын­­да өтіп жатқаны ерекше атал­­­ды. Бұған неге баса мән бе­рілді?

– Иә, Қазақстан Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары осы елдегі үл­кен тарихи іс-шаралар аясында өтті. Қытайдың өзіне тән социализмді орнатуы, елдің жаңғыруы, 40 жыл бойы жүріп келе жатқан жолы шын мәнінде әлемдік деңгейдегі ірі жетістіктермен ата­лып өтеді. Қытайдың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі қазір 18 пайыздан асады. Елестетіп көріңізші, 1990 жылы ҚХР-дың әлемдік ша­руашылықтағы салмағы небәрі 2 па­йызды құраған. Ал бүгінде біз­дің шығыстағы көршіміз жаһан­дық экономика бойынша әлемде екінші орында тұр.

Қытайда инновациялар мен жаңа технологиялар тез енгізілуде, ғылымға құйылатын инвестиция­лар ұлғаюда. Бү­гінде бұл ел тех­нологиялар мен инно­ва­ция­­лар саласындағы дәстүрлі көш­­бас­­шы­ларды басып озып, ғы­лы­ми патенттер алуға өтінімдер са­ны бойынша бірінші орынға шық­ты. Осылайша қазіргі за­ман­ғы ҚХР өз дамуында мүлдем жаңа жолға түсті. Ел әлемнің басқа да­мыған мемлекеттерімен қатар ірі халықаралық инвесторлардың үштігіне енді.

Бүгінде Қытай дамуының мо­делі өзгеріп жатыр. Ұзақ уақыт бойы «әлем­дік фабрика» ретінде қабылдап үйре­ніп қалған ірі экспорттаушыдан бұл ел тауарлар мен қызметтердің ірі тұты­ну­шысына айналуда. Бір мезгілде іш­кі сұранысты ынталандыруға және жо­ғары технологиялық өнім өндіруге мән беріледі. Сонымен қатар 1,4 миллиард халқы бар ҚХР – қазіргі кезеңде әлем­дегі әлеуеті жоғары ең ірі тұтыну на­рығы. Бұған орта тап санының артуы және халықтың кедейлігінің жүйелі түрде төмендеуі ықпал етеді. Осылайша ҚХР-мен эко­номикалық өзара іс-қимыл мүм­кіндіктері арта береді.

Қытай өзінің 5 мың жылдық тари­хында әрдайым таңғалдыра білді. Мұн­дай қырынан әлі де тан­ған жоқ. Сарапшылар ортасында «Біздің Қытай туралы ойымыз қалыптасып үлгергенше, Қытай тезірек өзгереді» деген жақсы пікір бар. Онда осы ірі елдің қарқынды өсуі кең көрініс тапқан.

Ал Қазақстан үшін бұл үлкен өзге­рістер ҚХР-дың тату көршісі және стратегиялық серіктесі ре­тінде ерекше маңызға ие. Бас­қаша жеткізетін бол­сақ, қазіргі заманғы Қытайдың дамуын­да­ғы барлық жаңашылдықтар – Қа­зақстанның серпінді дамуы үшін жаңа мүмкіндік. Оларды тек дұрыс пайдалану керек.

– Жоғары деңгейдегі келіс­сөздердің қорытындысы бо­йынша қабылданған Бірлескен мәлімдемеде Қазақстан мен Қытай жан-жақты страте­гия­лық се­рік­тестікті дамытуды жал­­ғастыра бе­ре­тіні көрсетілді. Бұл іс жүзінде нені біл­діреді?

– Иә, екі мемлекет басшыла­ры­ның Бірлескен мәлімдемесінде жаңа кезеңде Қазақстан мен Қы­тай «өзара тиімділік, мызғымас достық, өзара сенім мен ортақ сын-қатерлер алдында кең ауқым­ды әріптестік» – мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік» форматын­да байланыстарын ны­­ғайтатыны айтылды. Мен осы тұста ресми тіл мен дип­ло­­ма­тия­лық терминологиядан аудар­ғанда бұл шын мәнінде нені біл­діретінін егжей-тегжейлі айт­қым келеді.

Біріншіден, неге «мәңгілік»? Қазақ­стан мен Қытай – тату көр­­­шілер, сон­дықтан тағдыры­мыз­ға орай және гео­графиялық жағынан бізге әу бастан өзара қа­рым-қатынаста болу бұйырған. Сондай-ақ Ұлы дала елі мен Ас­панасты елінің халқы бірнеше мың жыл бойы тығыз байланыста өмір сүріп келеді. Мұның бәрі тарихи шежірелер мен мұра­ғаттарда жазылған. Біз болашақта да жақсы көршілер ретінде өмір сүруге тырысамыз.

Екіншіден, «жан-жақты стра­тегиялық серіктестікті» қарас­тырайық. 27 жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас кең әрі теңдестірілген сипатқа ие болды. Екі ел сындарлы саяси диалог жүргізіп, эко­номиканың барлық саласында тығыз жұмыс істейді және гу­манитарлық өзара іс-қимылды дамытады. Осылайша бізді байланыстырмайтын сала жоқ. Бүгінде Қазақстан мен Қытай бір-біріне көрші және серіктес ретінде өте маңызды. Сондықтан біздің қа­рым-қатынасымыз стратегиялық деп аталады.

Үшіншіден, «өзара тиімділік, мыз­­ғымас достық, өзара сенім» ұғы­­мы Қазақстан мен Қытай бір-бірі­нің ұлттық мүдделерін құр­­­мет­тей­ті­нін, сондай-ақ біз­дің мемлекет­теріміздің ше­ка­­­­ра­­­­ларының белгі­лен­ген мыз­­­­ғы­­мастығы мен аумақ­тық тұ­тас­­­­­тығының қағидатын мо­­йын­­­­­­­­дайтынын білдіреді. Бұл өз ке­зе­гінде тең әріптестік қа­ты­нас­тарды одан әрі дамыту үшін сенім­ді атмосфера қалыптастырады.

Соңында «ортақ сын-қатер­лер алдындағы кең ауқымды әріп­тестік» дегеніміз біздің елдер тұ­рақтылықты нығайту және өңір­лік қауіпсіздікті қолдау бойынша, оның ішінде БҰҰ, АӨСШК және ШЫҰ сияқты ұйымдар же­лісі бойынша өзара іс-қимыл­ды жалғастыратынын білдіреді.

Біздің елдер өңірдегі және жал­пы әлемдегі бейбітшілікке, тұрақ­тылық пен өсіп-өркендеуіне бірге үлес қосуға ниетті. Осылайша екі­жақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңінде Қазақстан мен Қытай тағы да ең жоғары деңгейде негізге алынатын жағдайларды растады. Соның арқасында біздің Қытаймен ұзақ уақыт бойы жақсы және өзара тиімді қарым-қатынасымыз дамып келеді. Бұл бірлесіп ілгерілеу үшін өте маңызды.

– Ал бұл мемлекеттік сапар­дың эко­номикалық күн тәртібі қандай болды?

– Осы жылдар ішінде біз­дің елдеріміз арасындағы эконо­микалық байланыс­тар мен өзара іс-қимыл серпінді және алуан түрлі болды. Біз шын мәнінде көп нәрсеге қол жеткіздік. Бірақ оның жалпы көлеміне қарамастан, Қазақ­стан мен Қытай экономикалық ынты­мақтастығының әлеуеті әлі толық жүзеге асырылмағанын ай­ту керек. Сондықтан әрбір сапар ең жоғары деңгейде екіжақты эко­номикалық байланыстардың тағы бір жаңа қырын ашады және жаңа бастамаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл жолы да солай болды.

Қазақстан мен Қытай үкімет­тері, сон­дай-ақ нақты ұйымдар дең­гейінде 10 келісімге және екі­жақты өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған бас­қа да ресми құ­жатқа қол қойылды. Со­ның ішін­де маңызды құжаттың бірі – Қа­зақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіме­тінің арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жо­лының эко­номикалық белдеуі» құ­ры­лысын ұштастыру жөніндегі ын­ты­мақ­тастық жоспарын жүзеге асы­руға байланысты өзара көмек туралы меморандум. Осы негізде екі ел арасындағы тауар айналымының құры­лымын әртараптандыру, сау­да өсі­мінің жаңа көздерін іздеу, оның ішін­де трансшекаралық электронды сауда, инновациялық кооперацияны да­мыту, сондай-ақ қосымша құн салығы жоға­ры өнімдер саудасын ынталандыру ар­қылы екі тарап сауда саласындағы ынты­мақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Үйлестіру жөніндегі жоспарды іске асыру Қазақстан мен Қы­тайдың халықаралық жүк та­сы­малдарында, логистикада, өнер­кәсіпте, қаржыда, энергети­ка­да, ауыл шаруашылығында, ақ­параттық технологиялар мен ға­рышта өзара іс-қимылын одан әрі нығайтады. Мұның бәрі – Қа­зақ­стан экономикасын дамы­тудың басты салалары.

XXI ғасырдың Жібек жолы құры­лысын одан әрі жалғастыру Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Қытай көшбас­шысы 6 жыл бұрын біздің елордамыз­да өз бастамаларын атап көрсетті. Іс жүзінде Қытаймен бірлесіп көлік дәліз­дерін салудың арқасында біз бүкіл Еуразияның нарықтарына тікелей және жылдам қол жеткізуге жол аштық. Яғни, бізге бірден үш әлемдік мұхитқа – Тынық, Атлант және Үнді мұхитына шығу мүмкіндігі туды.

– Осылайша Қытаймен жан-жақ­ты стратегиялық серік­тес­тік біз­дің елімізге нақты эко­но­микалық пай­да келтіріп, да­­­­­му­­дың жаңа мүмкін­дік­терін аша­­­­ды деп сеніммен айта аламыз ғой?

– Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. Оның үлесіне жалпы тауар айналымының 15,7%-ы тиесілі. Қытай бірлескен жобаларға шамамен 20 млрд доллар қаржы салды. Қазіргі таңда Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойын­ша төртінші орында тұр. Инвес­тициялық ынтымақтастық әлі кеңейтіледі. Бұл экономиканы әр­­тараптандыруды қолға алған Қазақ­стан үшін өте маңызды.

Қытаймен инвестициялық өз­ара іс-қимыл – Қазақстан үшін капитал, технологиялар тарту және еліміздің эко­номикалық өсуін жалғастыруға жақсы демеу. Мемлекет басшысы Қытай­дағы ірі бизнес жетекшілерімен кездесіп, бұл ынтымақтастықты ілгерілетуде.

ҚХР-ға сапары барысында Қ.Тоқаев жергілікті іскер ортамен дөңгелек үстел жиынына қатысты. Ол өз сөзінде Қытай компанияларын Қазақстанда 5G желілерін дамыту, «ақылды қалалар», блокчейн, туризм, АӨК және тағы басқа салаларда жұмыс істеуге ша­­қырды.

Қытайдың өзі – жұмыс істеуге қо­лайлы, дайын нарық. Мемлекет бұл үшін барлық қажетті құқықтық жағдайлар жасайды. Мемлекеттік сапар барысында қол қойылған бірқатар құжат дәл осыған арналды. Мәселен, біздің Сауда және интеграция министрлігі Қы­тайдың Сауда министрлігімен Өзара түсі­ністік туралы меморандумға қол қой­ды. Бұл қазақстандық өнім­­ді Қытай нарығына экспорт­тау бойынша жұмыс істеуге көбі­рек мүмкіндіктер ашатынына сенім­дімін.

Мұнай, газ және басқа ши­кізат бір­те-бірте таусылатынын жақсы түсі­нуі­міз керек. Сон­дық­тан біз үшін аграр­лық сек­тор­дың әлеуетін дамыту және ауыл­шаруашылық өнімдерімізді сырт­қы нарыққа шығару маңызды. Ен­ді біздің өндірушілер аясы кеңіп келе жат­қан Қытай нарығына ара­ла­суы­мыз керек. Бұл – болашағы бар бағыт. Осы сапар кезінде Қа­зақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай тарапымен тиіс­ті құжаттарға қол қойды. Атап айтқанда, бұл – Қазақстаннан ҚХР-ға экспортталатын сүт өнім­­деріне, жүн шикізаты мен зы­ғыр­ға инспекциялық тек­серу, ка­рантиндік және вете­рина­рия­лық-санитариялық талаптар туралы хаттамалар.

Қазақстанның экологиялық таза азық-түлік өнімдерінің үлкен жеткізушісі болуға мол мүмкіндігі бар. Қытайға экспортты күшейту ауылдағы бизнесімізді арттыруға және агроөнеркәсіп кешенінде толық өндірістік циклды дамытуға жол ашады.

Сонымен қатар Қытайда ет тұ­­­тыну тұрақты өсіп келеді. Бұл көр­ші отырған Қазақстан үшін мал өсіруден бастап ет өндіруге және экспортқа қайта өңдеуге дейін кең мүмкіндіктер береді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге бо­­лады. Барлығы қазақстандық өн­дірушілердің талабы мен бел­сенділігіне байланысты. Тіпті ҚХР-дың өзі осындай бизнеске үл­­­кен жағдай жасап отыр.

Келіссөздер барысында Қытай тарапы Қазақстанды осы жылдың қараша айында Шанхайда өтетін II Қытай халықаралық көрмесі­не құрметті қонақ және қатысушы ре­тінде шақырғанын атап өткім ке­­леді.

– Қол жеткізілген уағдалас­тық­тарды ескере отырып, жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасын келешекте қалай елестетуге болады?

– Жалпы кездесулер барысында тал­қыланған мәселелерде өзара іс-қи­мылдың барлық бағыты қамтылды, бір­қатар маңызды уағ­даластыққа қол жеткізілді. Сон­дықтан Мемлекет басшы­сы­ның ҚХР-ға мемлекеттік сапары табысты және нәтижелі болғанын сенімді түрде айтуға болады.

Тұтастай алғанда, қазір Қа­зақстан мен Қытай өздерінің мем­­лекеттік да­муының, ұлттық жаң­­ғыру мен мем­лекетаралық қа­тынастарды тереңдетудің жаңа ке­зеңінде тұр. Бұл сапардан біз­дің елдеріміз толық өзара түсіністік пен сыйластықты сақтайды, көп жағ­дайда халықаралық және өңір­лік күн тәртібіндегі мәсе­ле­лерге ұқсас көзқа­растар мен ұста­нымдарды ұстанады деп қоры­тынды шығаруға болады.

Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай бір-бірінің қазіргі жетістіктерін жоғары бағалайды және екі ел­дің саяси және экономикалық да­мудың жаңа деңгейіне көшуге ұмтылысын қолдайды. Атап айт­қанда, Қытай тарапы Тұңғыш Пре­­зидент Н.Назарбаевтың дана басшы­лығымен тәуелсіздік жылдары Қазақ­стан Республикасы қол жеткізген мемле­кеттік дамудағы, тәуелсіз және бейбіт сыртқы сая­сатты іске асырудағы үлкен жетіс­тіктерді жоғары бағалайды.

Қазақстан өз кезегінде Қы­тай­дың дамуындағы ірі жетіс­тіктеріне, өзіне тән ерекшелікпен социализм құруына және әлемдік экономика мен халықаралық іс­тердегі жаңа маңызды рөліне жо­ғары баға береді.

Бір-бірін сенімді серіктес деп білетін екі елдің бұдан да үлкен нәтижелерге қол жеткізуі үшін бір­лескен жұмысты жалғастыру ма­ңызды болып қала береді. Ресми кездесудің соңында Қазақстан мен Қытай көшбасшылары жоға­ры деңгейдегі тығыз қарым-қаты­нас­тың оң дәстүрлерін қол­дауға бейілділігін растады.

Қазақстан-Қытай қарым-қа­тына­сының отызжылдық сим­волдық белгі­сіне жақындап келе жатқан жаңа кезеңде екі ел бір-бірінің әлеуетін көріп, іс жү­зінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен нығайтуға бірге күш-жігер салуға дайын.

Әңгімелескен Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»