Жалпы ұстаздыққа тәжірибеден келген. Ал 1965 жылдан табан аудармай ҚазМУ-дің журналистика факультетінде аға оқытушы, деканның орынбасары, профессор болып қызмет атқарды. Мыңдаған шәкірттерге тәлім-тәрбие берді.
Қазіргі еліміздегі қалам ұстаған қауымның көпшілігі Әбекеңнің шәкірттері.
Аса мазмұнды, мағыналы, өнегелі өмір сүрді. 20-дан астам оқулық, оқу-әдістемелік кітаптары жарық көрді.
Замандастарының ішінен Камал Смайыловпен ерекше сыйлас дос болды. Әзілхан Нұршайықовпен сырлас болды. Жоғары оқу орнындағы еңбегі жоғары бағаланып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Айрықша еңбегі үшін», «әл-Фарабидің» Үлкен Алтын медалімен» марапатталды.Өмірінің соңына дейін әдебиет пен өнер саласындағы Президент стипендиясының иегері болды.
Мен университетті бітіргеннен кейін оқытушылық қызметте жүргенде, Әбекеңнің қасына көп ердім, көп ақыл-кеңесін тыңдадым. Мені туған баласындай жақсы көрді. Бәкіжан деп ат қойған жалғыз адам еді!
Ол кісінің шын туған уақыты 1928 жылы екен. Сонда 91 жасында дүниеден озып отыр.Мұндай 90-нан асқан абыз ақсақалдарымыз біз үшін аса қадірлі жандар. Сүйегі асыл адам еді! – дейді қазақ ондай жандарды.
Әбекең кім болса да алдына келген қазақ баласына көмектесіп жіберетін, жан баласына қиянат жасап көрмеген қарапайым, кішіпейіл, адал азамат еді! Өзі де киелі Торғай өңірінің түлегі, текті азамат болатын.
Қанша жас шуағыңнан пайда көрді,
КазГУдей жайлап өттің бай мекенді.
Жадыңнан тастамадың Әуезовті,
Аузыңнан тастамадың Қайрекеңді (Бекхожин).
Сіз жайлы Ұстаз деп біз сөз етейік,
Көненің бізге жеткен көзі етейік.
Алтай деп еркелетті Амандосов,
Алпан деп сыйлап өтті Қожакеев.
Бола алмас маңдайыңдай өзге маңдай,
Қақтырмай қанаттыға, сөзге қалмай,
Өсірдің тұмсықтыға шоқыттырмай,
Қазақтың бар баласын өз балаңдай.
Бір өзің Тобыл-Торғай арнасы едің,
Қиянатың болған жоқ жанға сенің.
Ыбырай ауылында туған тектім,
Ақаң мен Жақаңдардың жалғасы едің.
Атыңды жалпақ жұртқа таратайын,
Сіз-бәйтерек, біз едік-бала қайың.
Аттандың Алматыңнан жәннатыңа,
Бақұл бол, жаны жайсаң Ағатайым!
Бауыржан Жақып